«Телефон арқылы басқарам»: «ҚазМұнайГаз» «стажері» мұнай трейдингі арқылы $250 миллион тапқан
Фото: ft.com
30 жастағы Кристофер Эппингер небәрі үш жылдың ішінде мұнайды қайта сату арқылы шамамен 2 млрд долларлық айналым жасап, 250 млн доллардан астам таза пайда тапқан. Оның табыс тарихы – санкциялар мен баға шектеулерін заң шеңберінде тиімді пайдаланудың үлгісі, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Қазақстаннан басталған жол
Кристофер Эппингер 1994 жылы Германияның Гамбург маңындағы шағын қалада, бұрынғы КСРО-дан қоныс аударған отбасында дүниеге келген. 21 жасында ол алғаш рет «ҚазМұнайГаз» компаниясында тағылымдамадан өткен, ал екі жылдан кейін Select Energy фирмасының тапсырмасымен Қазақстанға оралып, бар болғаны 1 млн доллар капиталмен мұнай өңдеу саласын дамытуға кіріскен.
Кәсіпкерлік қабілеті мен тәуекелге баруға бейімділігі оның болашақта әлемдік трейдинг элитасына енуіне жол ашты.
Соғыс және жаңа нарық мүмкіндіктері
Украинадағы соғыс басталғаннан кейін BP мен Shell сияқты ірі батыс компаниялары Ресеймен жұмысын шектеген. Толық эмбаргоның орнына баға шектеуі енгізіліп, бұл шешім Эппингер секілді жеке трейдерлер үшін мүмкіндікке айналды.
Толық тыйым салынғанда мен бұл іспен айналыспас едім, ол жағдайда бұл заңсыз болар еді. Біз барлық санкциялық нормаларды сақтадық, ал ресейлік мұнаймен сауда 2025 жылдың ақпанында тоқтатылды, – дейді ол.
Алғашқы ірі мәмілелер
2021 жылдан бастап Эппингер Дубайдағы трейдинг үйінде жұмыс істеп, Uniper мұнай өңдеу зауытымен серіктестік орнатқан. Германия Ресеймен келісімшарттарды шектеген соң, ол Mercantile & Maritime Group (M&M) арқылы баламалы жеткізілім ұсынды және алғашқы миллионын тапты.
Оның табыс формуласы – несиелік жеткізілім жүйесі: трейдер компаниялар өз қаражатын салмай-ақ ірі партияларды басқаруға мүмкіндік алды.
Қиын сәттер және тәуекелді шешімдер
Бірде Uniper компаниясы 98 мың тонна мазутты ресейлік болуы мүмкін деген күдікпен қабылдамай қойған. Кеме күн сайын ондаған мың доллар шығын әкелді. Эппингер заңгерлердің көмегімен жүкті заңды құжаттармен растаған соң ғана мәселе шешілді.
Кейін ол тікелей жеткізілімнің қауіпті екенін түсініп, Дубайдағы Tejarinaft арқылы жұмыс істеуге көшті – онда мұнай әртүрлі партиялармен араластырылып, Батыс заңгерлері мойындайтын сертификаттармен рәсімделетін. Осы тәсіл оның бизнесін заңды әрі қауіпсіз етті.
Баға шектеу дәуірі
2023 жылдың ақпанында ресейлік мұнай өнімдеріне баға шектеуі ресми түрде енгізілгеннен кейін Эппингердің компаниясы CE Energy әр партияны бекітілген шектен төмен бағамен сатқан.
2022-2025 жылдар аралығында CE Energy 3,3 млн тонна мұнай және мұнай өнімдерін Нигерия, Испания, Багам аралдары, Қытай, БАӘ, Малайзия және Бразилия сияқты елдерге жеткізген.
«Бәрін телефоннан басқарам»
Бүгінде Кристофердің бизнесі – ол және оның iPhone-дағы байланыс тізімі ғана. Ол мәмілелерді тікелей телефон арқылы жасайды.
Таңертең жүгіріп, орманда айғайлап сөйлесем, түсте бассейнге түсіп, қайта жұмысқа кірісем. Бұл – мінсіз режим, – дейді ол.
Қазір ол Канн маңындағы 14 млн еуро тұратын виллада тұрады және алдағы уақытта БАӘ-де жеке арал сатып алуды жоспарлап отыр.
Болашақ жоспарлар
2025 жылдың басында АҚШ санкцияларына байланысты кей дубайлық трейдерлердің қызметі тоқтағаннан кейін Эппингер де уақытша саудасын тоқтатқан.
Барлығы заң аясында болды. Енді мен компанияны кеңейтіп, бұрынғы серіктестік желілер мен несие желілерін тиімді пайдаланбақпын, – дейді ол.
Пікірлер (0)