Тоқаевтың Жапония Императорымен қандай мәселелерді талқылағаны белгілі болды

Жаңалықтар
view 16
news

Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға жасаған алғашқы ресми сапары кезінде Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасы мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Сөз барысында Тоқаев  бүгін Император Нарухитомен кездесуде қандай мәселелерді талқылағанын айтты. Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысы Достық лигасының қызметіне жоғары баға беріп, оны екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызды тетігі ретінде қарастыратынын атап өтті.

Еліміз Токиомен жан-жақты ықпалдастықты одан әрі арттыруға баса мән береді. Парламентаралық диалог тереңдей түсті. Түрлі деңгейдегі байланыстар тұрақты түрде жалғасуда. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы екіжақты қатынастарымыз тың серпінмен дамып келеді. Жапония Қазақстандағы ірі инвестордың қатарына кіреді. Былтыр тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Бұл – Жапонияның Орталық Азия мемлекеттерімен жалпы сауда көлемінің 70 пайызынан астамы деген сөз. Сондай-ақ көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда нақты жобалар бар. Біз бүгін Император Нарухитомен кездесуде медицина саласы, су мәселесі бойынша пікір алмастық. Шын мәнінде екіжақты ынтымақтастықтың келешегі зор. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз тереңнен тамыр тартады. Екі ел білім және ғылым, мәдениет пен өнер, спорт және туризм салаларында өзара тығыз ықпалдастық орнатты. Биыл Осакада өткен Дүниежүзілік көрме аясында қазақтың ұлы ақыны, ғұлама ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуын атап өттік, – деді Тоқаев.

Қазақстан Президенті жаһандық өзекті мәселелерге қатысты Қазақстан мен Жапонияның ұстанымдары ортақ екеніне тоқталды.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясында бейбітшілікті қамтамасыз ету, ядролық қарусыздану мәселелері бойынша бір-бірімізді үнемі қолдап келеміз. Қазақстан аймақаралық ынтымақтастығымыздың маңызды тетігі саналатын «Орталық Азия + Жапония» саммитіне айрықша мән береді. Премьер-министр Санаэ Такаичи ханыммен өтетін кездесуде бірқатар мәселені талқылаймыз. Бұл келіссөздер саяси диалогты тереңдетіп, экономикалық және гуманитарлық алыс-берісті жандандыруға жол ашады. Халықтарымыз өсіп-өркендеп, өзара тиімді қарым-қатынасымыз нығая береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Жапония Императоры Нарухитомен кездескенін жазған едік.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *