«Адамдар әлі күнге дейін қорқады»: Абзал Құспан Қайрат Қожамжаровқа қатысты сұмдық дерек айтты
Фото: tizgin.kz
Танымал адвокат, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында кезінде Бас прокурар қызметін атқарған Қайрат Қожамжаровқа қатысты көптеген сұмдық дерек келтірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Түрмедегі әйелдер қолындағы тағулы кісенімен босанады»: Абзал Құспан сұмдық жайттың бетін ашты
Қожамжаровқа қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр
Депутат не деді?
Абзал Құспанның айтуынша, Бас прокурор кезінде Қайрат Қожамжаровтың қолында кез келген азаматты қорқытуға жететін ақпараттар болған.
Мен қолдан жасалған көптеген істі көрдім. Алғашқы резонансты «тапсырыстардың» бірі – Қызылордада зауыт құрылысының тоқтауына себеп болған Экономика министрі Бишімбаевтың ісі. Ол кезде оны ойдан шығарылған айыптармен қамады, мен мұны ашық айттым. Кейін Қожамжаров Бас прокурор болды да, мемлекеттің бүкіл құпия деректер инфрақұрылымына қол жеткізді. Оның қолында кез келген азаматты қорқытуға жететін ақпарат болды. Қожамжаровқа қатысты іс қозғалғанын естігенде, Мәжілісте журналистерге: «нағыз жаңалық – оның қолына кісен салынған сәт болады» дедім. Әзірге бұл – тек әңгіме. Қазіргі таңда, БАҚ-тағы мәліметтерге қарағанда, ол еш қиындық көріп отырған жоқ, тіпті Ресей азаматтығын алғаны айтылады, – деді танымал адвокат.
Журналистің: «Қожамжаровтың қол астындағылар байып кетті. Құқық қорғау жүйесінде жұмыс істей жүріп, миллиардтаған байлықты қалай жинады?» - деген сауалына Мәжіліс депутаты:
Міне, жақсы сұрақ. Қалай және ол мүмкін бе деген сұрақ бәрін ойландырады. Мен бірдей схема бойынша құрдымға жіберілген көптеген кәсіпкерді білемін: алдымен, қылмыстық іс қозғайды, құжаттарды тартып алады, сосын таңдау ұсынады – не бизнесті бересің, не түрмеге отырасың. Келіскендерді босататын. Қарсыласқандарды қамады. Адамдар әлі күнге дейін қорқады. Жақында бір ірі кәсіпкермен сөйлестім – ол шетелде тұрады, бизнесінен көп жыл бұрын айырылған. Оның ісін жария түрде көтеруді ұсынғанымда, ол сенбейтінін айтты: «ел біз кететін уақытты күтті, енді іс қозғаған сыңай танытты» деді. Мен олардың жауапқа тартылатынына сенбеймін. Қожамжаров командасы қалдырған қорқыныштың ауқымы – осы, – деді ол.
Самал Ибраева депутаттан: «Қожамжаров пен оның адамдарына қатысты істер қозғалып жатса, сотталғандардың, шын мәнінде жәбірленушілердің барлығы ақталады деген үміт бар ма?» деп сұраған.
Мен бұл мәселені бірнеше рет көтердім. Барлық тапсырыспен жасалған істерді қайта қарау үшін заңгерлерден, тергеушілерден, депутаттардан құралған комиссия жасақтауды ұсындым. Бірақ әзірге қозғалыс жоқ, себебі айқын қарсылық бар. Біз «Жаңа Қазақстан» деп айтып жүрміз, алайда әділдік орнамаса, бұл жай ғана ұран болып қалады. Қоғамның сұранысы өте жоғары, бірақ сот жүйесі мен прокуратура ескі істерді қайта қараудан жалтарып отыр. Ал бұл – бизнесінен, бостандығынан, отбасынан айырылған адамдар туралы сөз, – деді Абзал Құспан.
Қайрат Қожамжаров кім?
Қайрат Қожамжаров 1965 жылдың 24 наурызында Жамбыл облысында дүниеге келген. 1982 жылы Алматыдағы республикалық физика-математика мектеп-интернатын бітірген. 1987 жылы А. Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша аяқтаған.
Ол 1987-1996 жылдары прокуратура органдарында қызмет атқарған. 1992 жылы «Қазақстан прокуратурасының үздік тергеушісі» атағын алған.
1996-1999 жылдары кеден органдарында, соның ішінде Қорғас кеденінде жұмыс істеген. 1999-2001 жылдары салық полициясында қызмет етті. 2001-2012 жылдары қаржы полициясы органдарында түрлі лауазымдарды атқарған.
Әр жылдары Ақтөбе облысындағы экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес департаментін басқарды, Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігі төрағасының орынбасары болды, ал 2008-2012 жылдары аталған ведомствоның төрағасы қызметін атқарды.
2012-2013 жылдары Қ. Қожамжаров Ақмола облысының әкімі, 2013-2014 жылдары – ҚР Президентінің көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болды.
Одан кейінгі жылдары мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарды:
• Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы (2014-2015, 2016-2017 жж.);
• Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының төрағасы (2015-2016 жж.);
• Қазақстан Республикасының Бас прокуроры (2017-2019 жж.).
2019 жылы 19 наурызда Қ. Қожамжаров ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды. Бұл өкілеттілік 2023 жылдың қаңтарында тоқтатылды.
Сонымен бірге Қайрат Қожамжаров — қаржы полициясының генерал-майоры, «Даңқ» орденінің I және II дәрежелерімен, бірнеше медальмен марапатталған, «Қазақстанның еңбек сіңірген білім беру ісінің қызметкері» төсбелгісін алған. Үйленген. Үш ұлы мен бір қызы бар.
Қожамжаровқа қатысты қылмыстық іс
Бұған дейін Бас прокуратура Қайрат Қожамжаровтың «Қорғас ісіне» қатысы барын растаған еді. Ол кезде қаржы полициясы қылмыстық іс қозғап, құқық қорғау органдарының бірқатар қызметкерін, кеденшілер мен кәсіпкерлерді жауапқа тартқан болатын.
Еске сала кетсек, Алматы облысындағы кеден бекеттерінде ірі көлемдегі ұрлық деректері туралы Қаржы полициясы 2011 жылдың соңында хабарлаған еді. Ол жерде 100-ден астам адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет еткен.
Қаржы полициясының мәліметінше, бұл қылмыстық топтың жұмысына қылмыстық құрылымдардың өкілдерімен бірге құқық қорғау органдарының жекелеген лауазымды тұлғалары да тартылған.
Олар топты қаржылай сыйақы үшін қолдап отырған.
Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Парламент Сенатында болған брифингте бұрынғы Бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсенов Германиядан Қазақстанға экстрадицияланатынын айтқан болатын.
Пікірлер (0)