Ел экономикасының дамуына ықпал етер басты салалардың бірі де бірегейі – ауыл шаруашылығы. Ал аталмыш саланың басты құралы –трактарлор, яғни арнайы техникалар екені сөзсіз. Сондықтан да бұл технкаларды тіркеу мәселесі де өзекті. Расымен де, бүгінгі цифрландыру жүйесінің нәтижесінде тракторларды тіркеу жұмысы да біршама жеңілдеді. Енді тіркеу мәселесі қалай жүзеге асады? Сол турасында сөз етейік.
Егер де техникаңызды тіркеуден өткіземін десеңіз, аталмыш мәселе бойынша Қосшы қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жүгінсеңіз болғаны. Бұл бөлімде қандай қызметтер көрсетіледі? Алдымен соған нақты тоқталайық. Ең әуелі бұл жерде тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерін, сондай-ақ өтімділігі жоғары машиналарды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу), керісінше тіркеу есебінен алу жұмыстары жүргізіледі. Тағы бір атап өтер жайт, тіркеу құжатын (телнұсқасын), мемлекеттік нөмірлік белгі беру қызметтерін де атқарады. Енді қызмет құны жайлы тілге тиек етейік. Қызмет алушы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленген тәртіп бойынша мемлекеттік баж төлейді екен. Мәселен, машинаға тіркеу құжатын беру құны – 0,5 АЕК болса, тіркеу (қайта тіркеу) үшін – 0,25 АЕК, ал көлікке нөмірлік белгі беру үшін – 1 АЕК көлемінде төлем жасалады.
Ал енді тіркеу жұмысы қанша уақытқа созылады дейсіз ғой? Бұл көп уақытты қажет етпейді. Яғни жүйкеңізді шаршатып, табаныңыздан тозып жүрмейсіз. Не бәрі портал арқылы 1 жұмыс күнінде, егер де көрсетілген қызметті берушінің кеңсесі арқылы тіркеу жасасаңыз, 3 жұмыс күнінде бұл мәселеңіз шешімін табады.
Аталған мәселе турасында Қосшы қаласы кәсіпкерлік және ауыл шар-
уашылығы бөлімінің бас маманы Арман Дулатұлы: «Тракторды тіркеу жұмыстары лицензиялау порталында өтініш беру арқылы жүргізіледі. Барлық тіркеуге қажетті құжаттар лицензиялау порталына тіркеліп, өтініш жіберілгеннен кейін арнайы техникаларды тіркеуге қоямыз. Арнайы техникалар тіркелгенннен соң, мемлекеттік нөмірлік белгі және техникалық паспорт иесіне табысталады. Тіркеу жұмысы көп уақытты талап етпейді. Ең бастысы, қызмет алушы, яғни техниканың иесі мемлекеттік бажды төлеп, өтінішін дұрыс толтырса жеткілікті», – дейді.
Бүгінде бас маманның айтуынша, портал бойынша Қосшы өлкесінде 300-ден аса арнайы техникаға тіркеу жасалған. Мәселен, көптеген жол-құрылыс техникалары, ауыл шаруашашылық техникалары, нақты айтқанда, техниканың барлық түрі тіркеуден өткен. Сонымен қатар кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі арқылы техникалық байқаудан өткізуге, тракторшы, машинист куәлігін алуға да мүмкіндік бар.
Таяуда ғана барлық техникалары тіркеуден өткен «Сапа Су» ЖШС-нің механигі Қыстаубаев Жайлау Хасенович: «Бұрын тіркеу мәселесі бүгінгідей жылдам әрі қысқа уақытта өз шешімін таппайтын. Сонымен қатар аудан орталығына ат сабылтып, ұзын-сонар кезекте күтіп, әуре-сарсаңға түсетінбіз. Және де техниканы тіркеу үшін жауапты мамандар көптеген құжат талап ететін. Ал қазіргі таңда, Қосшы қала мәртебесін алғаннан бері, бұл мәселе мейлінше жақсарған. Яғни санаулы құжат арқылы тез арада шаруаңызды бітіре аласыз. Жақында біздің шаруашылық қожалықтағы арнайы техникалардың барлығы түгелдей дерлік тіркеуден өтті. Тек бұл ғана емес, бүгінде ауыл шаруашылығы саласында көптеген мәселелер шешімін табуда. Осы орайда үкімет тарапынан түрлі қолдау жасалып жатқаны бәрімізге белгілі. Мысалы, «Атамекен» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікпен шұғылдану үшін гранттар беріліп, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған көптеген жобалардың жүргізілуі көңіл қуантады», – деп ағынан жарылды.
Қазіргі таңда тіркеу мәселесі туралы ақпарат кәсіпкерлік және ауыл шаруашалығы бөлімінің түрлі әлеуметтік парақшалары арқылы халыққа кеңінен насихатталуда. Сіз де өз техникаңызды жылдам әрі жүйелі түрде тіркеуден өткізгіңіз келсе, асығыңыз!
Пікірлер (0)