«Тыныш өмір сүргізбедіңіздер» - Атыраудағы оқиғадан бұрынғы хат (ВИДЕО)
Фотосурет: politico.kz коллажы
Атырау облысындағы Жангелдин ауылында із-түзсіз кеткен Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл әлі күнге дейін табылған жоқ. Олар – марқұм ерлі-зайыптылар Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның балалары, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін Qazaq AIRAN редакциясының тілшілері өңірге барып, марқұмның жақындарымен сөйлескен. Мақсот Қарабалиннің туған қарындасы Әдемі Шылмағамбетованың айтуынша, 27 желтоқсанда Наурыздың телефон нөмірінен туыстарына хат келген. Хатта ол туған-туыстарының әрекетіне реніш білдірген.
Арыз жазып, неге дүрліктіріп жатырсыздар? Өзімізде мәселе аздай. Пайдаларыңыз тимесе де зиян келтірмеңіздер. Босқа көмектесе алмайсыздар, мысқылдап күлесіздер. Өз ата-анама өзім жауап беремін. Үйленіп алдым. Тыныш өмір сүргізбедіңіздер. Банктен бір іздейді, полиция бір іздейді. Дұшпан екенсіздер, – деген сөздер жазылған онда.
Марқұмның інісі Шалқар Мұқанғалиев те бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Наурыз ешқашан ата-анасына немесе айналасына зиян келтіретін адам болмаған.
Наурызбен бала кезден бірге өстік. Ол ауылға сыйлы, тыныш мінезді еді. Әке-шешесіне қол көтеретін адам емес. Ауылдастарынан сұрасаңыз да ол туралы жаман сөз естімейсіз. Үйдің жалғыз баласы. Қарызға батып, біреудің ала жібін аттаған емес. Өз-өзімен жүрген, жүрегі таза жан болатын, – деді ол.
Қазір Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүлдің қайда екені белгісіз. Туыстары олардың аман-есен табылуынан үмітін үзген жоқ. Құзырлы органдар іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр, алайда әзірге ресми нәтиже жарияланған жоқ.
Пікірлер (0)