ТЖМ құтқарушылары балалар мен педагогтарға жазғы кезеңдегі қауіпсіздік ережелерін үйретуде

Жаңалықтар
view 35
news

Фотосурет ашық дереккөзден

Әртүрлі өңірлерде ТЖМ құтқарушылары балалар мен педагогтарға жазғы кезеңдегі қауіпсіз жүріс-тұрыс негіздерін үйрету бойынша белсенді профилактикалық жұмысты жалғастыруда, JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

 Ақмола облысының Зеренді ауданында «Парус» балалар сауықтыру орталығының базасында еліміздің түкпір-түкпірінен 60-қа жуық оқушыны біріктірген «Климат күтпейді» жазғы климаттық лагері өтуде. Лагерь аясында Ақмола облысы ТЖД қызметкерлері су айдындарында жүріс-тұрыс ережелері, алғашқы медициналық көмек көрсету және төтенше жағдайлардағы іс-әрекеттер бойынша оқыту сабағын өткізді. Құтқарушылар жедел-құтқару жасағының жарақтандырлғанын көрсетіп, зардап шеккен адамды суда құтқару бойынша көрнекі жаттығу да өткізді. Педагогтарға арналған дәріске ерекше назар аударылды.

Ақтөбе облысында құтқарушылар «Еркетай» балабақшасының тәрбиеленушілерімен кездесті. Ойын түрінде балаларға өрт қауіпсіздігі туралы айтылды, ал балабақша қызметкерлері алғашқы өрт сөндіру құралдарын қолданудың практикалық дағдыларын меңгерді. Өрт кезіндегі іс-әрекеттерге және жазғы өрт қауіпті кезеңдегі мінез-құлыққа ерекше назар аударылды.

Жаңаөзенде қалалық ТЖБ мамандары «Ақбөбек» лагерінде демалып жатқан балалармен судағы қауіпсіздік ережелері бойынша әңгімелесті. Ойын түрінде балаларға шомылу кезінде сақтық шараларын сақтау қаншалықты маңызды екендігі айтылды. Бейнероликтер мен интерактивті сабақтар балаларға ақпаратты оңай сіңіруге мүмкіндік берді.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында балалар лагерлерінде Қызыл Жарты Ай қоғамының өкілдерімен бірлесіп ТЖД ақпараттық-насихаттау тобы профилактикалық іс-шара өткізді. Интерактивті түрде балаларға өрт кезінде, суда және басқа да төтенше жағдайларда қалай әрекет ету керектігі айтылды. Практикалық сабақтар, топтық пікірталастар мен викториналар балаларға қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын жақсы меңгеруге мүмкіндік берді.

Мұндай іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады және балалар мен мұғалімдердің қауіпсіздік мәдениетін, төтенше жағдайларда ден қою дағдыларын қалыптастыруда және жазғы кезеңде оқиғалардың алдын алуда маңызды рөл атқарады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *