Ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп келеді
Фотосурет: дереккөз
Қосшы қаласындағы мәдени іс-шараларды үнемі қадағалап, тың жобаларына қуанып жүремін. Соңғы жылдары өткен күй конкурстарына қазылық етіп, Қосшы жастарының білім-білігіне, өнерге деген ынта-ықыласына тәнті болған едім.
Бүгінде дәстүрлі өнермен қатар, халықтық қолөнердің де қайта жаңғырып келе жатқаны ерекше қуантады. Әсіресе домбыра шеберлерінің «Үкілі домбыра» атты республикалық байқауы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Бұрын мұндай кәсіби деңгейдегі ұсталар сайысы біраз уақыт тоқтап қалып еді, енді қайта жанданып, ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп келеді. Осындай игі бастамалардың басында жүрген барша азаматтарға, әсіресе креативті идеялардың ұйытқысы болып жүрген Айнагүл Көңбайқызына ризашылығым ерекше. Ол – өз ісіне берілген, өте білікті басшы. Еңбегіне әрдайым тілектеспін. Қуантатыны – Қосшыда тек мәдениет қана емес, руханият, әдебиет, көркемөнер, этнография сияқты маңызды салалар да қарқынды дамып келеді.
Қосшының бүгінде дәстүрлі мәдениеттің іргелі орталықтарының біріне айналғанын көпшілік жақсы біледі. Өз тарапымнан шаһардың барша тұрғынын шын жүректен құттықтаймын. Құт дарыған Қосшының мерейі үстем болып, өркендеп, дами берсін!
Жанғали ЖҮЗБАЙ,
Күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Пікірлер (0)