Заң алдында бәрі бірдей – ІІМ басшысы резонанстық жағдайларға қатысты түсініктеме берді
Сурет: Ашық дереккөзден
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі іске қосқан подкастта көтерілген мәселелердің бірі ІІМ ішіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес болды. ІІМ басшысы Ержан Сәденов жақында Қостанайда тәртіп бұзған жүргізуші мен полицейлер арасында болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Жүргізуші ІІМ Академиясының тыңдаушысы болып шыққан.
«Естеріңізге сала кетейін, полицияның міндеті – қылмыстың алдын алу, ашу, тергеу, яғни қоғамдағы заңдылықты сақтау. Қылмыс пен полиция сыйыспайтын ұғымдар. Қостанайдағы жағдайға тоқталсақ, бұл тыңдаушының, яғни тәртіп бұзған жүргізушінің болашағы бар еді. Академияда магистратурада оқып жүрсе, осындай әрекетке бармаса, онда өсер еді. Мұндай жағдайларда біз нөлдік төзімділік танытамыз. Тиісінше, ол ішкі істер органдарынан шығарылды. Табандылық танытпаған қызметкерлер де жазаланды. Біз заңды бұзған полиция қызметкерлеріне нөлдік төзімділікпен қараймыз. Бұл жұмыс жалғасады», – деді ол.
Оның айтуынша, ведомство ішінде сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін бірқатар алдын алу шарасы қабылданып, тәлімгерлік институты белсенді қолданылады.
«Былтыр Кадрлық әлеуетті арттыру жылын жариялағанымызды айта кеткен жөн. Яғни, бізде кім қызмет ететінін, мұндай жағдайлардың қалай алдын алу керек екенін анықтадық. Integrity check деген ұғымды енгіздік, яғни жыл сайын адалдыққа тексереміз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлескен іс-шаралар жоспары бар», – деп атап өтті Ержан Сәденов.
Оның айтуынша, бір ғана жағымсыз жағдай өзге тәртіп сақшыларының мыңдаған ерлігін «жоқ қылады». Министрдің айтуынша, қоғамдық жазғыру заң мен тәртіпті бұзудың алдын алуға көмектеседі. Әлдеқайда ауыр құқық бұзушылықтың алғышарттары болуы ықтимал әрбір жағдай офицерлер жиналысында қаралады.
«Ісіне ұқыпсыз қызметкерлер болады, сатқындар да болады. Бұл тұрғыдан да жұмыс жүргізіледі. Заң алдында бәрі бірдей. Бұл нормалар бізге де қатысты. Тәртіпті бұзсаң, ол үшін жауап беруің керек. Сондықтан, қайталап айтамын, құқық бұзушылық пен полиция – бұл сыйыспайтын ұғымдар», – деп түйіндеді ІІМ басшысы.
Толық шығарылымға сілтеме: https://youtu.be/LPjytyehuis
Пікірлер (0)