«Заң мен Тәртіп» қағидаты өміріміздің нормасына айналуы керек – ІІМ басшысы
Сурет: Ашық дереккөзден
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен мемлекеттік саясат пен қоғамның өзекті тақырыптарын талқылауға арналған подкаст іске қосылды. Бағдарламаның бірінші қонағы ретінде ішкі істер министрі Ержан Сәденов шақырылды. Басты тақырыптардың бірі ел дамуының негізгі қағидаты «Заң мен тәртіп» болды.
«Бұл қағидат – тек полицияның ғана жұмысы емес. Бүкіл қоғам болып жұмыс істеуіміз керек. Мысалы, әр азамат көшеде немесе көп қабатты үйлерде тыныштық болғанын қалайды. Қазір әр тұрғын үйдің чаттарында учаскелік полицейлер, басқа да жауапты азаматтар бар. Әрине, бұл позициясы дұрыс адамдар. Бұл мүлдем төзбеушілік принципі», – деді Ержан Сәденов.
Оның айтуынша, бүгінде адамдардың мінез-құлқы өзгеріп, жауапкершілік артқан. Бұған көбінесе қоғамның өзі сеп болды.
«Заң мен Тәртіпке келсек, біріншіден оны отбасынан бастау керек деп ойлаймын. Егер балалар үлкендердің темекі қалдығын тастағанын көретін болса, ол бала осы дұрыс екен деп ойлайды. Егер көшеде кетіп бара жатып, әкесі немесе үлкендері жолды бағдаршамның қызыл шамына өтіп кетсе, оны да бала есінде сақтап қалады. Сол себепті ата-аналар, үйдегі үлкендер мынау жаман, мынау жақсы деп айтып отыруы керек», – дейді ІІМ басшысы.
Сонымен қатар Ержан Сәденов мектептің балаға тәрбие берудегі рөлін атап өтіп, мұғалімдер өз пәнін оқытып қана қоймай, патриотизмге де тәрбиелеуі керек екенін атап өтті.
«Ең бастысы осы қағидаттарды өмірімізге енгізу, оны күнделікті ұстану. Ол өміріміздің нормасына айналуы керек», - дейді Ержан Сәденов.
Айта кетейік, ІІМ мәліметтері бойынша, соңғы 5 жылда халық саны 16 млн-нан 20 млн адамға жетсе де, биыл қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеген.
Толық шығарылымға сілтеме: https://youtu.be/LPjytyehuis
Пікірлер (0)