Жаңа Конституция: таңдау – әр азаматтың қолында
Фото: BAQ.KZ
Қазақстан қоғамы тағы бір маңызды тарихи кезеңнің алдында тұр. 15 наурыз күні өтетін республикалық референдум – еліміздің құқықтық, саяси және қоғамдық дамуына тікелей ықпал ететін шешуші сәт. Бұл – тек саяси науқан емес, әр азаматтың ел болашағына қосар нақты үлесі.
Жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі – мемлекеттің ұзақмерзімді даму бағытын айқындайтын маңызды қадам. Сондықтан бұл референдумға қатысу – жай ғана құқық емес, азаматтық жауапкершілік.
Референдум бюллетенінде жалғыз ғана сұрақ болады:
«2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?».
Осы сұраққа берілетін әрбір жауап – елдің жаңа заңнамалық негіздерін қалыптастыруға қосылған нақты үлес. Бір дауыс аз көрінуі мүмкін. Бірақ мемлекет тағдырын айқындайтын сәттерде әр азаматтың пікірі маңызды.
18 жасқа толған әрбір Қазақстан азаматы референдумға қатысуға құқылы. Дауыс беру – жалпыға бірдей, тең, тікелей және жасырын түрде өтеді. Бұл – еліміздегі демократиялық қағидаттардың нақты көрінісі.
Қазіргі таңда референдум учаскелерінің шекаралары бекітіліп, аумақтық және учаскелік комиссиялардың құрамы мен орналасқан жерлері анықталған. Яғни, азаматтардың өз таңдауын жасауына барлық ұйымдастырушылық жағдай жасалып отыр.
Жаңа Ата Заң – тәуелсіздігіміздің, егемендігіміздің және әрбір азаматтың құқығы мен бостандығының кепілі. Сондықтан бұл тарихи кезеңде бейжай қалу – болашаққа бейжай қараумен тең.
15 наурыз – күнтізбедегі жай ғана дата емес. Бұл – өз тағдырымызға, мемлекетіміздің ертеңіне жауап беретін күн.
Елдік мүддені биік қойып, саналы таңдау жасау – баршамыздың ортақ парызымыз.
Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ,
«Jana Bastau» газеті
бас редакторының орынбасары
Пікірлер (0)