Жаңа заң: Сотталғандар енді бала асырап ала алмайды
Фото: qazreiting.kz
Оқу-ағарту министрлігі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар кешенді шешім қабылданғанын мәлімдеді. Олардың қатарында 2026 жылғы 4 ақпанда күшіне енетін жаңа заң да бар, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа заң нормаларына сәйкес, қамқоршы, қорғаншы немесе асырап алған ата-анаға қатысты соттылық анықталса, не олар психикалық немесе наркологиялық диспансерде есепте тұрғаны белгілі болса, мұндай тұлғалар бала тәрбиелеу құқығынан дереу айырылады.
Сондай-ақ үстінен қылмыстық іс қозғалған азаматтарға бала асырап алуға, қамқоршы немесе патронат тәрбиеші болуға тыйым салынады. Бұл шектеулер балаларды қауіп-қатерден қорғап, қауіпсіз орта қалыптастыруды көздейді, – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, заңнамаға алғаш рет қамқоршылар, қорғаншылар, патронат тәрбиешілер мен асырап алған ата-аналар тарапынан жыл сайын сенімділікті растау міндеті енгізілген. Олар денсаулығы, тұрғылықты мекенжайы, соттылығының жоқтығы туралы мәліметтерді тұрақты түрде ұсынуы қажет. Сонымен қатар, жаңа заң бойынша баланы алдымен жақын туыстарына, ал ондай мүмкіндік болмаған жағдайда – ерлі-зайыпты отбасыларға беру тәртібі заңмен нақты бекітілді.
Биыл жүзеге асырылған маңызды жаңалықтардың тағы бірі – кәсіби қабылдаушы отбасы институтының енгізілуі. Бұл – баланың тұрақты тұратын жері анықталғанға дейін оны қауіпсіз әрі отбасылық ортада уақытша тәрбиелеуге арналған жаңа модель. Тәлімгерлік жүйесі де белсенді дамып келеді. Қазіргі таңда елдің 20 өңірінде 360-тан астам азамат жетім балаларға тәлімгер болып отыр.
2025 жылдан бастап балаларды мемлекеттік мекемеге жолдау тәртібі қайта қаралды. Енді бала анықталған жағдайда, ең алдымен үш күнге дейін медициналық ұйымға жіберіліп, оның денсаулығы мен қажеттіліктері нақты анықталуы тиіс.
Бүгінде елде 20 мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың 82 пайызы отбасылық ортада тәрбиеленіп жатыр.
Пікірлер (0)