Жақсы ауданында нейро-ортопедиялық бұзылулары бар балаларға арналған реабилитациялық орталық ашылды
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Ақмола облысының Жақсы ауданында нейро-ортопедиялық бұзылулары бар балаларға көмек көрсету мақсатында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа орталық «Қазақ Халқына» қоғамдық қоры мен «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының әлеуметтік жобалар жөніндегі Жол картасын жүзеге асыру нәтижесінде құрылды, деп хабарлайды janabastau.kz Ақмола облысы өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Жаксы аудандық ауруханасының базасында орналасқан орталық 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға, Ақмола облысының Атбасар, Жақсы, Жарқайын, Есіл, Егіндікөл, Астрахан және Сандықтау аудандарында тұратын балаларға кешенді реабилитациялық көмек көрсететін болады.
Орталықты іске қосу үшін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Қажетті орындар бөлініп, жөндеу жұмыстары аяқталды, сондай-ақ заманауи реабилитациялық құрал-жабдықтар орнатылып, медициналық және физиотерапевтік аппараттар, сенсорлық және интерактивті бөлмелер жасалды. Бұл құрал-жабдықтар ерекше қажеттіліктері бар балаларға сапалы және кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ орталықтың ашылуында жаңа реанимобиль JAC Sunray көлігінің кілттері табысталды, ол шалғай ауылдардың тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін жылдамдық пен мобильділікті қамтамасыз етеді.
Реабилитацияның сапасын арттыру мақсатында орталық қызметкерлері арнайы дайындықтан өтті. Медициналық қызметкерлер жаңа емдік физкультура, эрготерапия және логопедиялық массаж әдістерін меңгерді. Сонымен қатар, орталыққа 14 жылдық тәжірибесі бар балалар невропатологы жұмысқа қабылданды, бұл балаларға білікті медициналық көмек көрсету үшін маңызды қадам болмақ.
Денсаулығында ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары орталықтың ашылуын өңір үшін маңызды оқиға деп бағалады. «Біз мұндай мекемені ұзақ уақыт күттік, осында балаларымыз қажетті ем мен реабилитацияны үйден алатын болады. Бұл ерекше балалармен отбасылар үшін үлкен қолдау», - деді ашылу рәсіміне қатысқан ата-аналардың бірі.
«Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болады деп күтілуде. Оның ашылуы – мемлекет, әлеуметтік қорлар мен кәсіби қоғамдастықтың бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде адамдардың өмірін жақсарту жолындағы маңызды қадам.
Пікірлер (0)