«Жақын таныс болмаған соң, білмейсіз»: министр депутатқа қарсы жауап берді
Фотосурет: gov.kz
Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің жауабын сынады. Алайда оған министр қарсы жауап берді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Үкімет сағатына біздің мемлекеттік орган басшыларының, өңірлердегі атқарушы билік өкілдерінің дайындықсыз келгені қынжылтады. Айналып соғып берген жауаптары көңілден шықпай отыр. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қоғамның жалпы тыныштығы үшін аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Білім, ғылым, денсаулықтың аузынан жырып тұрып қоғамның тыныштығы деп осы бағытта көп қаржы жұмсалып жатыр. ІІМ қызметкерлерінің әрбір бесінші тұлғасы жемқорлық тәуекеліне бейімді екені айтылды. Бақытжан Базарбек 6 бірдей деректі келтірді. Сіз кейбір деректі 2016-2018 жылдары болған деп өз жауапкершілігіңізден ысырғыңыз келеді, - деді депутат.
Ал министр бұл сөзге сәл тіксініп қалды.

Мен бәленбай жылда болған деп жауаптан қашайын деп тұрған жоқпын. Бірінші күннен бастап осы саладамыз. Біз бөтен жерден келген жоқпыз. Осы салада әріптестерімізбен бірге қызмет атқардық. Мен қызметкерлеріме қай лауазымға тағайындалса да сол күннен бастап жауап бересің деп айтамын. Біздің табиғатымызда қашу, біреуге сілтеу деген жоқ. Жақын таныс болмаған соң, білмейсіз, - деп жауап берді Ержан Сәденов.
Сондай-ақ ол биыл полиция қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға артқанын айтып, оған ықпал еткен депутаттарға алғысын білдірді. Содан кейін тағы да өздерінің ешқашан жауаптан жалтармайтындарын қадап айтты.

Қазір мен ананы, мынаны істедім деп бөсіп айтпай-ақ қояйын. Оның жаманы да, жақсысы да менікі. Әрқашан жауап беруге дайынмын. Себебі біз – офицерміз. Әр азамат өз жұмысына қатысты шешімді мойнымен көтеруі керек, - деді Ішкі істер министрі.
Пікірлер (0)