Жас ғалымға жасалған қолдау – ел болашағына инвестиция

Жаңалықтар
view 38
news

Фото: facebook.com

Жас ғалымдарға қолдау көрсету – елдің зияткерлік әлеуетін арттырудың маңызды тетігі. Соңғы жылдары бұл бағытта нақты қадамдар жасалып, ғылым жолын таңдаған жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынылуда. Соның бірі – “Жас ғалым” бағдарламасы. Аталған жоба аясында баспаналы болған педагогика және психология саласының PhD докторы Маржан Атеммен ғылым, саланы қолдау және болашақ туралы аз-кем тілдескен едік, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

– Маржан Нұрланқызы, “Жас ғалым” бағдарламасы арқылы үй алу үдерісі қалай өтті?

– Бағдарлама аясында құжат тапсыру кезеңі нақты талаптармен реттелген. Жұмыс орнымнан ғылыми қызметкер екенімді растайтын анықтама алып, PhD дәрежем көрсетілген құжаттарды ұсындым. Кейін «Отбасы банкі» арқылы арнайы есепшот ашып, кеңес алдым. Барлық қажетті құжаттарды жинақтап, нәтижесінде бір бөлмелі пәтердің кілтін иелендім. Бұл – мен үшін үлкен қолдау.

– Бұл мүмкіндік сіздің ғылыми жұмысыңызға қалай әсер етті?

– Әрине, оң әсері зор. Тұрақты баспана – кез келген адам үшін сенімділік пен тұрақтылықтың негізі. Ғылыми ізденіске алаңсыз көңіл бөлуге жағдай жасалады. Бұрын тұрмыстық мәселелерге уақыт бөлінсе, енді сол уақытты зерттеуге, жазуға, студенттермен жұмысқа арнай аламын.

– Сіздің зерттеу бағыттарыңыз қандай мәселелерді қамтиды?

– Мен педагогика және психология саласында білім беру сапасын арттыру, оқу үдерісін жетілдіру бағытында зерттеу жүргіземін. Әсіресе, қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңа тәсілдерді енгізу, студенттердің тұлғалық дамуына ықпал ету мәселелері қызықтырады.

– Жас ғалымдарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды қалай бағалайсыз?

– Соңғы жылдары бұл бағытта нақты істер бар. Гранттар, тағылымдамалар, тұрғын үй бағдарламалары – соның дәлелі. Мұндай қолдау жас зерттеушілерге үлкен мотивация береді. Ғылымда қалуға, әрі қарай дамуға мүмкіндік ашады.

– Ғылым жолын таңдаған жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы – табандылық. Ғылым – тез нәтиже беретін сала емес. Үздіксіз ізденіс пен еңбек қажет. Сонымен қатар, мүмкіндіктерді жіберіп алмау керек. Қазір жас ғалымдарға арналған бағдарламалар көп, соларды тиімді пайдалана білу маңызды.

– “Жас ғалым” бағдарламасының маңызы туралы не айтар едіңіз?

– Бұл – тек әлеуметтік қолдау емес, ғылымға деген сенімнің көрінісі. Осындай бағдарламалар арқылы мемлекет жас ғалымдарға жағдай жасап қана қоймай, елдің интеллектуалдық әлеуетін күшейтуге үлес қосып отыр.

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *