Жетісу облысында ауылға кіре бастаған шибөрілер тұрғындардың мазасын қашырды
Фотосурет: kubantv.ru
Жетісу облысы Тополёвка ауылының тұрғындары шибөрілердің шабуылына шағымданып отыр. Олар тек қана тауық пен қаздар ғана емес, ірі қараға да ауыз сала бастаған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап.
Ауыл тұрғыны Валентина Лейбутина мұндай жағдайға алғаш рет тап болғанын айтады.

Біз бұл ауылда көп жылдан бері тұрамыз. Бұрын шибөрілер ауылға келмейтін. Ал қазір олардың саны көбейіп, үй жануарларын топтасып алып кетеді. Жақында төлді талап кетті, оны үйге жақын жерден таптық. Қыс түссе не боларын елестетудің өзі қорқынышты. Балалар мектепке барады, ал шибөрілер күн сайын жақындай түсуде, – дейді ол.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұндай жағдайлар тек Тополёвкада ғана емес, көрші ауылдарда да жиілеген. «Алтын-Емел» ұлттық паркінің аумағындағы фототұзақтар да шибөрілерді жиі тіркей бастаған.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мәліметінше, өңірдегі шибөрі мен қасқыр саны тұрақты бақылауда. 2024 жылы облыс аумағынан 1 620 шибөрі мен 1 229 қасқыр тіркелген.

Инспекция жыртқыштар санына жыл сайын есеп жүргізіп, деректерді ғылыми ұйымдарға жібереді. Олар атуға рұқсат етілетін көлемді анықтайды. Шибөрі мен қасқыр – саны реттелуге жататын түрлер. Бұл табиғи тепе-теңдікті сақтау үшін ғана емес, халықтың және малдың қауіпсіздігі үшін де қажет, – деді жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бекзат Ноғайбеков.
Оның айтуынша, инспекция жыл сайын аудан әкімдіктеріне қасқыр мен шибөрі санын реттеу жөнінде ұсыныстар жолдайды.
Пікірлер (0)