Жаңа мектеп Қосшы назарында

Қосшы жаңалықтары
view 256
news

22 шілде күні қала басшысы Гайдар Қасенов Қосшы қаласындағы бірқатар мәселелермен танысты. Бұл туралы Қосшы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды. Қала әкімі Желтоқсан көшесіндегі мектепті ашу дайындығымен және оқушылардың құжаттарын қабылдау барысымен танысты. Жаңа мектеп осы жылдың 20 тамызынан бастап пайдалануға беріледі. Мектеп 1200 орынды қамтиды. Оқушылар жаңа мектеп табалдырығын 1 қыркүйекте аттайды. 15 шілдеден бастап мектепке оқушылардың құжаттарын қабылдау жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін жаңа оқу орнына 1361 оқушы қабылданған. «Педагог мамандарды жұмысқа қабылдау келесі аптадан бастап ҚР Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагог қызметкерлерін қызметке тағайындау, қызметтен босату талабына сәйкес жүзеге асырылады. 26 шілдеден бастап Enbek.kz порталында бос жұмыс орындарын жариялау басталады», – дейді Қосшы қаласынының әкімдігі. Жаңа мектептің ашылуына орай ата-аналар пікірін білген едік. «Жаңа мектептің ашылғаны біз үшін үлкен қуаныш. Балаларымыз кең сарайдай мектепте оқып, сапалы білім алады деп үміттенеміз. Мектептің дизайны ерекше. Балалар оны көріп, оқуға құлшынысы артады. Осындай мектепте оқу мүмкіндігін берген мемлекетке ризамыз», – дейді қала тұрғыны Болатова Қарлығаш. Жақсы мектеп – берік мемлекеттің кепілі. Білім алушылардың жағдайын жасау, білімді мұғалім даярлау, сапалы мектеп салу – болашаққа құйған инвестиция десек те болады. Осы жылы елімізде 200 жаңа мектеп салынды. Мемлекет жоспарында 1000 мектеп салу бар. Егер осы жоспар орындалса, 2025 жылға дейін мектеп тапшылығы жойылып, үш ауысымда оқу мәселесі шешіледі. Осы ашылған жаңа мектептің де білімді ұрпақ тәрбиелеуге зор үлес қосатынына сенеміз!  

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *