«Жайлы мектептер» оқу сапасын арттыруға қабілетті

Руханият
view 357
news

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылғандай, 2025 жылға дейін елімізде 800 мыңнан астам баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасалады. Ол үшін 2023-2024 оқу жылынан бастап «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Бұл өз кезегінде білім сапасын арттырып, апатты және үш ауысымды мектептердің де проблемасын шешуге көмектеседі. Осы орайда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына тереңірек үңіліп, шолу жасай кетуді жөн көрдік.

Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы қанатқақты ұлттық жобасын Ақмола облысында жүзеге асыру жоспары 2023 жылдың 15 мамырында бекітілді. Жоба бойынша облыстың басқа аймақтарында 20 мектеп, 2024-2025 жылдары Қосшы қаласында да екі, Тайтөбе ауылында бір «Жайлы мектеп» салынатын болды.

Білім саласындағы реформалар

Әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ, ел тәуелсіздігін алғаннан бері 31 жыл ішінде білім саласы бірнеше реформаны бастан өткерді. Оның арасында табысты жүзеге асқандары да, маңдайы тасқа тигендері де бар. Демографияның, ауылдан қалаға қоныс аударушылар беталысының жіті зерттелмеуі кесірінен үш ауысымдық мектептер мәселесі ушығып кетті. Бұл туралы Президент Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында: – Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан осы ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет. Әкімдер 2022 жылдың соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі керек. Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан өңір басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Үкіметке әрбір өңірдің осындай міндеттемелерін айқындап, олардың орындалуын бақылауды тапсырамын, – деп айтқан болатын. Елімізде аталған жоба аясында 842 мың балаға арналған 401 жаңа мектеп салынады. Жаңа үлгідегі мектептер 2025 жылдың соңына дейін қалаларда да, шалғай елді мекендерде де бой көтеруі тиіс. Құрылысқа отандық өндірістегі материалдар қолданылады. Мектептерді жобалау Қазақстанның қолданыстағы нормаларына, ҚР Үкіметі бекіткен техникалық тапсырмалары мен білім беру ұйымдарын салудағы озық халықаралық тәжірибеге негізделеді. Ұлттық жобаның бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы. Жаңа мектептер ең алдымен мектеп тапшылығы бар аймақтарда салынады. Бекітілген жоспарға сәйкес, мектептердің көпшілігі Алматы облысында (63), Түркістан облысында (63), Шымкентте (25), Маңғыстау облысында (24), Астана (24) мен Алматыда (22) салынады. Қалған мектептер шағын қалаларды қоса алғанда, бүкіл Қазақстан бойынша теңдей бөлінеді. «Жаңа жайлы мектептер мен қазіргі салынып жатқан мектептердің тұжырымдамалық айырмашылықтары – құрылыстың бірыңғай стандартының сақталуы, заманауи пән кабинеттерімен және зертханалармен толық жабдықталуы, 1-4-сынып оқушылары мен 5-11-сынып оқушылары үшін бөлек блоктардың болуы, құрылыс және әрлеу материалдарының сапасы жоғары болуында. Оқушылардың санын ескере отырып, көбірек спорт залдары ашылады. Қыздар мен ұлдарды еңбекке тәрбиелеу үшін әр мектепте арнайы шеберханалар қарастырылады. Жалпы 1,5 млн орын салу – біртіндеп бірауысымды оқу форматына көшуге де жол ашатын игі бастама», деді бұрынғы Оқу-ағарту министрі, қазіргі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов «Жайлы мектеп» туралы өз ойымен бөліскенде.  

Ұлттық жобаның артықшылығы қандай?

Біріншіден, мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады. Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1 200 орындық мектептерде тек бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. «Жайлы мектептерде» жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдай жасалады. Екіншіден, құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Үшіншіден, мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Төртіншіден, ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек. Бесіншіден, жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталуға тиіс. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді, яғни «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 842 мың жаңа жайлы орын құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді.  

Жыл сайын 1 000 мектеп жаңартылып отырады

Сонымен қатар осы Ұлтық жоба аясында жыл сайын шағын қалалардағы, аудан орталықтары мен ауылдардағы кемінде 1 000-нан астам мектеп заманауи талаптарға сай жаңартылады. Бұл жұмыс мектептерде 6 негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Бұл – күрделі және орташа жөндеу жұмыстары, пән кабинеттерін жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, мектеп кітапханалары мен асханаларын жаңғырту, қауіпсіздікті жақсарту. Қазақстанда осындай оқушылардың санын арттыру үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында роботехника, химия, биология, физика пәндері бойынша кемінде 7 000 заманауи мектеп кабинеті ашылады. Жыл сайын орта есеппен 900-ге жуық робототехника, химия, физика, биология кабинеттері ашылады. Өз кезегінде бұл да білім беру сапасын айтарлықтай арттыруға әсер етеді деп күтілуде. Пәндерді оқытудың инновациялық әдістері енгізіліп, қажетті оқу материалдары цифрлы форматқа ауыстырылады. Оқулықтарды цифр- лы форматқа көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балалар цифрлы сабақтар, жаттығулар мен тапсырмаларға қосымша қол жеткізіп, мектепте дәстүрлі баспа оқулықтарын пайдалануға мүмкіндік алады. Айтпақшы, цифрлы сабақтар демекші, бұл бағыттағы міндеттер туралы есеп беріп жүрген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин «Жайлы мектеп» ұлттық жоба аясында жаңа мектептерге қойылатын басты талап – талшықты-оптикалық байланыс болуы қажет екенін алға тартады. Оның сөзіне сенсек, қазір Қазақстанда мектептердің көбі интернетке қосылған. Алайда, сол мектептер ішінде локальді немесе Wi-Fi желісінің болмауынан оқушылар интернетке қосыла алмай зардап шегуде. Сол себепті, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мектептерде бұл мәселені локальді желі мен Wi-Fi нүктелерін ұйымдастыру арқылы кешенді шешу тәсілін ұсынып отыр. «Кіру нүктесі 200 құрылғының жұмысын бір уақытта қамтамасыз етіп, барлық оқу бөлмелері мен зертханаларда және мектеп ауласына дейін Wi-Fi желісін қамтуы тиіс. Баяндалғанды ескере отырып, Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп 2023 жылдың соңына дейін мектептерге арналған локальді және Wi-Fi желілердің стандартты талаптарын, жұмыс тәртібі мен топологияларын бекіту ұсынылады», дейді Мусин.  

Оқушылар жан-жақты дамуы тиіс

Ұлттық жоба аясында Қазақстан бойынша балаларды сауықтыруға арналған 50 лагерь ашылады. Олардың спортпен шұғылдануы үшін де көп күш салынбақ. Бағдарламада балалардың денсаулығына ерекше көңіл бөлінген. Бұл – бұрын-соңды болмаған бастама. Оқушылардың демалыс және сауықтыру лагерлеріне қолжетімділігін кеңейту жоспарланып отыр. Әр балаға қалауы бойынша спорттық секцияларға немесе шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік беріледі. Бұл жұмыс мәдениет және спорт, сондай-ақ білім беру ұйымдарының желісі арқылы да жүргізіледі. Оның ішінде білім, мәдениет және спорт салаларындағы секциялар мен үйірмелерге мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру тетігі арқылы жүзеге асырылады. Мектептегі спорт дегенде, мына мәселенің шеті көрінеді: қазір мектептерде дене шынықтыру пәнінің саны қысқарған. Бұл туралы Сенат депуаттары да мәселе көтерген: «Оқу-ағарту министрлігі өз ортасында және ата-аналармен алдын ала талқылаусыз егжей-тегжейлі пысықтаусыз кейбір мектеп пәндері бойынша сағаттарды қысқартты. Жаңа оқу жылынан бастап дене шынықтыру пәні бойынша сыныпта оқушылар бұрынғыдай топтарға бөлінбейтін болды. Орта және жоғары сыныптарда оқушыларды дене шынықтыру пәнінен гендерлік белгісі бойынша топтарға бөлмей және аралас оқыту ғылыми ортамен, тәуелсіз сарапшылармен талқыланбай оқу процессіне ендірілді. Бұл жерде гендерлік бөліну мәселесіне ғылыми тұрғыдан қарау керек, яғни ұлдар мен қыздардың психологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін ескеру қажет еді. Тіпті олимпиадалар мен спартакиадаларда, сондай-ақ спорттық ойындарда аралас командалар жоқ, себебі бұл қауіпсіздік ережелеріне қайшы келеді. Бұған елімізде бұқаралық спорттың дамуына жауапты министрліктің пікірі қандай? Осыған байланысты дене шынықтыру мұғалімдері ел президентіне жоғарыда аталған шешімді қайта қарауды сұрап, ашық хат жазуға да мәжбүр болды. Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы да осы жаңашылдыққа теріс пікірлерін білдіріп отыр. Бұл келіспеушілікті түсінуге де болады, себебі енгізілген бұл жаңашылдық өз кезегінде педагогтердің табысының төмендеуіне алып келіп отыр. Мәселен, бұрын қалалық дене шынықтыру мұғалімінде аптасына 24-27 сағат жүктеме болса, яғни 1,5-2 ставка, өңірлерде бір ставкаға да толмайтын. Қазір ол, тіпті ірі мектептерде 17 сағатқа дейін, яғни бір ставкаға дейін төмендеген. Бұл дене шынықтыру пәнінің мұғалімі аптасына орташа 16 сағат базалық мөлшерлемемен жұмыс істейді, үстеме ақыны есептемегенде, айына 95 мың теңге ғана табады деген сөз», дейді бір топ сенаторлар Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында. Ал бұл мәселеге қатысты үкіметтің жауабына қарасақ, қазір «Дене шынықтыру» пәні бойынша оқу бағдарламалары жекелеген сыныптарға бөлінбестен, дене жүктемелерінің нормативтерін ескере отырып, қыздар мен ұлдар үшін сараланған тәсілді қамтамасыз етеді. «Көптеген шетелдерде дене шынықтыру аптасына кемінде үш рет өткізіледі, ең көп сағат бастауыш мектеп жасындағы оқушыларға беріледі. Халықаралық практикада қыздар мен ұлдарды дене шынықтыру сабақтарында бөлек оқыту қарастырылмаған. Қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысты орналастыру есебінен жүктемесі толық ставкаға жетпейтін 4 145 педагогтің жүктемесі спорт секцияларымен толықтырылады. Мектептерде 40,2% оқушыны қамти отырып, 49 мыңнан астам спорт секциясы жұмыс істейді. Мектеп және студенттік спортты дамыту мақсатында Оқу-ағарту министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 15-бабының 2-тармағына сәйкес жалпы білім беретін мектептерде – аптасына кемінде үш сағат көлемінде жүргізіледі», делінген Үкімет жауабында. Ал өнерлі балаларды қолдау үшін Қазақстан бойынша 100-ден астам оқушылар сарайы, жас техниктер стансасы, музыка және өнер мектебі, балалар технопаркі ашылады деп жоспарланып отыр «Бұл шешім мектептен тыс ұйымдардың балалардың тұрғылықты жеріне жақын орналасуын қамтамасыз етеді. Технопарктерді, ІТ, бизнес-инкубаторларды, робототехника, инжиниринг үйірмелерін, туризм, экология және т.б. дамыту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Қазір оқушылар сарайларын, музыка және өнер мектептерін жекеменшік секторға беруге рұқсат етілмейтін шектеулерді заңнамалық деңгейде белгілеп жатырмыз», деп жазды Оқу-ағарту министрі. Қорыта айтсақ, ілкі жоба ретінде басталып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы Қазақстанның мектептерін әлемдік стандарттарға сәйкестендіріп, оқушыларды сапалы, жан-жақты білім алуына көп ықпал тигізбек.  

Шолу жасаған Дәулет АСАУ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *