Қазақстанда алғаш рет әкелер мерекесі аталып өтеді

Руханият
view 192
news

Күнтізбеге жаңадан қосылған мерекелер отбасы институтын нығайтуға, аналарымыз бен әкелеріміздің мәртебесін көтеруге, отбасылық құндылықтарды дамытуға, әулеттегі жақындықтың, құрмет-ықыластың берік орнауына және отбасындағы береке-бірліктің артуына ықпал етері сөзсіз. Қазақы ұғымда бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерді ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп айтып отырады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысқан. Арғы-бергі тарихта болған оқиғаларды, бабалар ерлігін жырлап, шежірені тарқатып отыратын дана қариялар сол арқылы ұрпақтарының бойына адамгершілік қасиеттерімен бірге, халықшылдық, отаншылдық сезімді сіңіре білген. Сондықтан дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген құрметі ерекше болатын. Бала анасынан мейірімділік пен даналықты, әкесінен өжеттік пен батылдық сияқты қасиеттерді сіңіріп өскен дейді. «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бір ауыз сөзге қазақ атамыз бүкіл тәрбиенің бастауын сыйғыза білген. Асқар таудай әкесін пана тұтқан бала қорқақ болмайды. Ал ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайды. Бұқар жырау бабамыз: «Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін» дейді. Бұл бала өзіне қорған болған әкесінің арқасында алшаң басып жүреді, бар шаруасын бітіріп, алдына кездескен кез келген қорғанды бұзуға дайын тұрады дегенді, ал «Әкесіз бала – сужүрек, жиын тойға барады, босағада қалады» дегені әкесіз өскен баланың жасқаншақ болатынын меңзеп тұр. Осы тәмсілден бала тәрбиесінде әкенің қаншалықты маңызды рөл атқаратынын көреміз. Жалғыз бізде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы және ата-ана институтын нығайту үшін аталып өтетін «Аналар күні» және «Әкелер күні» мерекелері аталып өтеді. «Бала тәрбиесіне әкелердің қатысуы баланың жалпы дамуына ғана оң әсерін тигізіп қоймай, үйдегі серіктестер арасындағы үй жұмысын теңдей бөлу арқылы отбасының нығаюына да септігін тигізеді», дейді бір сөзінде БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура. Қазақ КСРО құрамында жүріп, жетпіс жыл бодан болғанда, отбасындағы әке мен ананың орнын белгілейтін үйлесімділік бұзылды. Отаршылдық жүйе, кейін қызыл совет үкіметі қазақтың осы тамаша мектептерін жойды. Еркек пен әйел тең құқылы деген ұғымды миымызға сіңірді. Еркек пен әйелді тең деп жариялады. Еркектердің беделі күрт төмендеп, балаға идеал болудан қалды. Қазақ әйелінің ерін сыйламау құбылысы қазақ даласындағы әкелер мектебінің тамырына балта шапты. Бұл құбылыс осы күнге дейін жалғасып келеді. Осыдан кейін ынжық ұл, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түспейтін бозөкпе бозбалалар пайда болды. Әкенің отбасындағы рөлінің төмендеуі – қоғамдық дерт. Ерін сыйламайтын әрбір әйел сол отбасында желкілдеп өсіп келе жатқан ұл мен қыздың болашақ тағдырына кері әсерін тигізіп жатқанын білуі шарт. Әйел қанша жерден ақылды болсын, білімді болсын, қызмет дәрежесі жоғары болсын балаларының болашағы үшін ерінің алдында иіліп тұруы керек. Сонда ғана қазаққа ғасырлар бойы мүлтіксіз қызмет қылып келген отбасы институты қалпына келеді. Ашық дерек көздеріне сүйенсек, Қазақстанда мектеп жасына толмаған балалардың күтімі мен тәрбиесіне әкелердің тек 6,6% ғана араласады екен. Біз әдетте әкелер жанұяға тек материалдық жағынан көмек көрсету үшін және бала тіл алмағанда тәртіпке келтіру үшін қажет деп түсінеміз. Дұрысында, әке болу дегеніміз – балаға жақсы дос, серіктес болу және отбасылық міндеттерді бөлісе атқару дегенді білдіреді. Сондықтан мерекелік күндердің тізбесіне «Аналар күні» мен «Әкелер күнінің» енгізілуі елімізде отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға, сондай-ақ әкелер институтын дамытуға әсер етеді.  

Дәулет АСАУ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *