Ұлы қаладан - моноқалаға...

Руханият
view 395
news

(Миниатюралық шырқау)

  Шаһар деген көне атау – қала мен кенттің ата сойы – қорған. Бағдат, Шам, Мысыр шаһары. Кент ежелден таныс әрі етене атау. Құмкент, Таскент, Жаркент, Судакент, Нәукент,Баршакент деп еңкейтіп еңірете беруге болады. Жиңкент (Jing – қақпа көне қытайша қала есебіндегі ұғым) тағысын тағы. Қазақтың қара әуезі аңызы мен өлеңінде – «Балық» атаулары ұшырасады. Балық деген – саз балшықтан соққан ескі қыштам һәм Башбалық, Қарабалық, Ханбалық т.т. көнетүркілік аталым. Ғаламшарда бей-берекет қаңырап қалған оба қорым, жат қорған, кенттер мен қалалардың да балғысын жұрты жатады. Аққорған, Саққорған, Сайрам, Сауран, Сарайшық, Сығанақ... Беу! Аты да асқан ақ өлең секілді: Атпақ пен Ашынас, Баласағұн мен Ботақай, Қиян мен Суяб, Құлан мен Қайлық, Бозоқ (ХІ-ХІІІ ғ.) пен Созоқ... Осы қара жердің қойнауында жасырылған ірі-ірі қорғандардың кіндіктес қорығы түгел – өткен зің өркениеттердің «өлі ізі, тірі мұраттары» сықылды! Ертектерінің бәрінде жерасты кенттерінде кезіп, қияндағы қыштамдарда мыстан кемпірмен ұстасып, жеті басты құбыжықпен айқасып, перінің қыздарын дүркірете қуалап жүретін өткендегі – бай қиялды дуалы ауызды бабаларымыздың рухы бар... Ту даласынан дарқандықты, су-дария (Сейһүндария) жағасынан сүлейлікті жұқтырған қыран көзді қырағы қыр қазақтары һәм  қыпшақтар осы мекенде тұрыпты... Құ-нәрлі құмдағын қазып, торқалы топырағын түртіп қалсаң лекіте жырлап, толғай жөнелетін қышшежірелер жиыны, жозатақтағы жобалар мен тас бәдіздердің толған іздері! Ғаламдағы ең кәң әрі кәрі кенттер – Қыпшақтың сарықарын даласында қалың. Олармен тең келетін ен тұстас, қатар қарайлас жерлер маңайлас елдерде сонша көп емес. Үндістандағы Кутуб-Минар мұнарасы мен Хумаюн көрханасы секілді сәулеттер де көп айтылады мысалы. Суэц су асты өткелінің терістік мүйісінен табылған көне кент те бір жұмбақ. Ұлы Торғын сүрлеуінің түпкі тұлай бойына жайғасқан тамырлы – Тараз, өркенді төр кент – Түркістан, алтын кенерелі жұзақты кең аймақ – Құлан, ғарыши шаңырақтың сұлбасы ғажапхана – ондаған ғасыр бұрынағы оғызды орта дәуірдің ордабасы – Отырар, жәннәти бағы бағзыдан жалғасқан құндақ иісті жұмақтай жер тегі – ұйықты Алматы, Тәңірдің өзінің сирек кездесетін кіндікті жердегі сүгіретті Марс секілді мылқау – Шарын шатқалы біздің тұмса да тұтас тауыриһатымыздың маңдайлы еншісінде қалыпты. Шарынның жалпы макеті бойынша Астанада Марс моноқаласы – жаңа Қосшы өз орынын алатын уақыты да кешікпей келер!? Қала салған бабаларымыз – дарақты далада далақтап, ру арасында шабыстаумен  қалмағаны  аян... Бұдан өзге куәдәт жоқ! Қош!    

Бас қала – Астана болса...

  Жапония астанасы – Токио немесе жұпындардың бағзы мекенжайы Мейжідегі кежегесі кейкең Төкей сағасы тағы да – Шығыс қақпасы деген мағынадағы – әкімшілік, қаржылық, мәдени және өндірістік ұшан-теңіз қала орталығы. Бүгінгі осы замандық қалалар керім келбетін осы Төкей сағасына қарап үкілеуге, үлгілеуге, түзетуге тым құштар. Содан кейін Хор-Дубай мен Бар-Дубай да арман болған. (Парсы шығанағына Иран, Үндістан, Шығыс Африка, тіпті шалғай шеткері Шығыстағы бірқатар елдердің «кіре берісі» – Біріккен Араб Әмірліктері астанасы – Дубай қаласы). Әлемде сан түрлі алпауыт миллион бұқарасы бар бұлағай қалалардың «салтанатты» екпіні екшеліп мадақталады. Дүниежүзінде дамысты 430, дамуға бейім 174 елдің сәнқой жауһар қала кенттері сайрандайды! Соның жаңа парағында бұрынағы «мола-қамал» Ақмоланың (1869-1896) орынында ару Астана – басқала! Бар болғаны 25 жастағы шаранасынан арылмаған маң даланың  шәһәрі! «Бар болғаны он төрт жас...» тақырыбында қарапайым қала баласының психологиялық болмысы мен оның заманын сүгіреттеген ғажайып лиризмді туындысын ұсынған әйгілі жазушы, тәржімагер Мәди Айымбетов аға. Осы тұлғаның жазғанындай ыстық ұйық, өспірім кенттегі уақыт – Ұлы Тәуелсіздікпен жасты біздің жастардың да тағдырлы басынан өтіп жатыр... Қайран қаласың кейде!? Сол құрбаны көп урбани  (urbanus) қалалардың өзегіне үңіліп, ішіне еніп, қыр-сырын әбден көргің келеді. Өркениеттердің жұғымы қалған өте көне орындар өзалдына бөлек, әр жүйенің тарихи кландардың қанды шеңгелді уысынан сыпырылып қабырғасы қаланған кенттердің де «өз айтары» тіптен өзгешелігі көп. Әлемдегі ең ірі саналатын аңыз қалалардың жан саны да көркемдігі де өміршеңдігі де әралуан. Арқаның салқар уысында көшпенділердің уызынан көктеген, осы заманға шейін тарихи жады мен санада аңызы сақталған барығы байсаң (тәухана-моноқала) ұзақ жасаған Орда-балық сықылды балғысындар бірен-саран ғана. Афина мен Ұрым сықылды «тірі» қалалар тіптен тұрақтаған жоқ. Ливанның басынан өткен бейнетті азабы арасынан бейкент Бейрут қаз тұрып, қайта жығылып жатқан тұстарда да осы ұлы далада қалалардың болмағаны тәуір ме еді!? Кім білсін!? Адольф Гитлердің оқ сауытынан сәл бұрын бұйырықша кенет бүркірей гүлденген Берлин (Бранденбург), сан мың бұқарасымен әйгілі әудемге әулиелі үштіктегі қала ғаламдағы ең ірі мегаполис Сан-Паулоның мұндағы кезге дейінгі Біразелдің кенттік үздік үлгісін кеңестік өнімдер біз көрмедік. Бірақ бір көк теңгірдің шұғыласын жамылған жіміленің ХХІ ғасыры оларды бізге ашып берді. Біразелдің (Бразилия) өз қатарындағы Астананы «жайсаң әрі жас қала» деп танығаны бар-ды. Бұл әлемдегі кербез кент Сан-Паулоның бағалауы!    

Ұлы даланың ірі кенті – мегаполисі Астана!

  Аязды арқада Астана атты алып қала сорайып тұрып келеді. Сырт пошымы мүлдемге өзгеше өрімі су жаңа кент. Аптапқа күйген Аризона мен Кувейттен (Қубейіт) өңге өңі өзгеше өлкенің шәһәрі... Алтын орданың баяғы тұңғыш ту қадаған жұртына тігілген – Ақ орда. Бойлықтағы миллионды атақты қалалар Лондон мен Нью Йоркті қоспағанда, екі жағында екі көрші державаның бас қалалары Бейжің, Шаңқай, Мәскеу Санкт-Петербург және де түстіктегі жаңа Дели, батыс ендікте орнаған Эльбурстің кең етегіне оралған ескі Тегераннан да сәулеттірек және стиль жағынан еш қалыспайтын – Беу, Сарыарқаның алтын барығы... Ұлы даланың ірі кенті – мегаполисі осы еңкіл Астана! Осыны ойласаң атақты – «Аңыз дала, Абыз дала, Қобыз дала, Сарыарқа! Қасиетті төрім...» дейтін қазақтың аймаңдай ақыны Несіпбек Айттың сарынды сазы еске оралады! Арқаның гиміні – Астананың – әнұраны да осы сықылды! Тайландия, Бангког, Гонконг, Сингапур секілді қала мемлекеттердің жолымен дамуы мүмкін – ертеңі бар еңселім!  Жазық Есілдің екі қаптылымен сырғи аққан жер тамыры – момақан Мойылды, елпек еңісті Тентек, қамысты Қарасу, самалды сағалы Сарыбұлақ, жазиралы жайқын Ақбұлақтың аңғарына сыйған Астана!  Арқаның ақ бұрқақты аязды күндері – бұқым екі жүз қырық күнге ұласатын ұйық – Бас қала! Тарихы да оқшау. Сонау, 1672-1715 жылдары хандық құрған Әз Тәуке ханның «Жеті жарғысы» түптеліп, бектердің түстенген, түнегі – Қараөткелдің түңкелі майсаңды мал мен жанның жұмағы маңғаз маң құмайтында орнаған құдайдың бергені. Тағы бір жүз жылдар ширегінде – «Ақмола бекінісі» болған ескі орын (1832). Кенесарының қосыны шабуыл жасап (1838), жасауылдың жаман тамдарын талқандап, күлін көкке ұшырған жұрттағы Көк белдегі тас қорған. Қорым болған – Қараөткел!  Шайқаста 200 сарбаздар мен  Басығара баһадүрдің басы қалған қанды жер! Баласы Баймырзаның Балуан Шолақтың (1864-1919) баянсыз махаббатынан ән болып қалған «Ғалия» – Ғалия Тілеуқызының (1874-1922) ғазиз басы осы жерде. Тағы бір ғасыр өткенде –  «Отанын сатқандардың Ақмола лагері» атақты айуанхана – «АЛЖИР-дің – (1937-1953)  іргесін қалаған КСРО ІІХК-ның азапты азаханасы. Аяулы ару 4 482 аналарды аруанадай боздатқан, алтын құрсағын құрғатқан – «АЛЖИР – Акмолинский лагерь жен изменников родина» деген бәлекет осында! Сұм заманның сұмырай кепті зынданның ошағына ошарлы бейбақтардың мүрдесін өртеген – қанды түрменің – «түрмесі». Бұл күнде киелі Тәуелсіздік қайырлы бостандықтың арқасында саяси құрбандардың, аруақтарының музей үйіне айналған НКВД-нің қасіретті қанды қақпаны, сталиндік жүйенің ойлап тапқан кәззәп тұзағы – тозақханасы да осында. Әзиза апам (Рысқұлова), Әрипа апам (Есенқұлова), Дәмеш апамдарды (Жүргенова) жалмап, қамаған жалмауыз мола-қамақ, жұртты бықпырт қылған мұртты жауыздың  Народный комиссариат внутренних дел СССР-і осы жерде... Гамлеттегі: «...тозақтың лапасында шыжғырылғандар  неге жоқ, ондағы шайтандар жер бетінде толып жүр...» дейтіні қайда!? Тауарихтағы Батыс ғұндардың Рим империясының қанды шайқасынан да қиын қасірет осында өткен. (Ақиық ақындар Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэмасы, Мәди Қайыңбаевтың «Каталаун қырғыны» атты керемет туындысы қазақ тілінде жазылғаны есімізде).    

«Тайбурыл» – қарқынды отарба

  Алдыңғы ағалардың миының істеген ізінің бірі –  Астананы шыр айнала еккен орманы (б.э.б. 551-479 ж. Конфузы Құңзы орманы секілді) – «Жасыл дәлізі», Норманнан (Фостер) – «Бәйтерек» қалды! Дашийн Намдаковтан – «Жер ана» Сақ – массагетінің көк бұқа мінген Томирісі (2008) қалды...  Жалпы, қаланы қала көрген «қаланың баласы» ғана басқарады деген қарапайым ұғым бар. Қала – ең ғажайып жазу болса: оның ең нұсқалы ұстыны һәм тасқа қашалаған аббревиатурасын (abbreviaturaсолай қырдың қырандары емес, қыштамға әбден қала өміріне төселген қырағы  балалар жасайды. Бір кезде қытайдың Шаңқай қаласын салуға ауылдан келтірілген әсіре ұлтшыл сәулетшілер дәстүрлі нақыштармен бүлделейміз деп тас тапшаң, бағыналарды қызыл шашақты таспалармен орап, ұлудың сұлбасымен күлтелеп «ыңғайсыздау жайтқа» қалғаны бар!? Кеше шамамен қырқыншы, елуінші жылға дейін ғана «рын ли чэ» (рын – күш, ли – күш, чэ – арба) мінген Шаңқайда ең жоғары қарқынды сағатына 600 шақырымды алатын Гао Тие пойызы қатынайды!? Болашақта қазақтың – «Тай бурыл» отарбасы Астана – Алматы – Шымкент – Тараз – Түркстан – Ақтау – Қызыл - Ордаға қарай қашан гулейді!?  Қайран қазақ болашақта болуы әбден мүмкін – «Тайбурыл» қарқынды отарбасын (пойыз) болжапты: «...Сонда бурыл гуледі,табаны жерге тимеді, көлденең жатқан көк тасты, саз балшықтай илейді...Қарсы келген қабақтан, қарғып басып жөнелді. Сеңгір – сеңгір таулардан, секірте басып жөнелді. Ол төбе мен бұл төбе, бауыры Шұбар көл төбе,онан да өтіп жөнелді...» Бұл болашақтағы пойыздың нақты жобасы! Қазақтың байтағы толған қазына! Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға тасымалдайтын мұнай көлемін жылына 200 мыңнан 1,2 млн тоннаға дейін арттыруды ұсынды. Ақыл мол, ниет түзу болса – ақшаның табылуы алыста емес секілді!?  Ешкінен кем емеспіз дейік! Мысалы: мыс, мырыш, алтын, күмістен әлемдік үштікте тұрған 33 млн халқы бар, ЖІӨ –інің жан басына шаққанда 14 мың долларды құрайтын Перу (Peru); мыс, мырыш, алтын, күмі темір кендерінен әлемдік жетекші мемлекет, 28 млн халқына қайырымды, ЖІӨ-нің жан басына шаққандағы салмағы 27 мың долларды құрайтын Чили  (Chile)бұрынғы француз отары 5 млн ғана халқы бар, ЖІӨ-інің жан басына шаққандағы салмағы 7 мыңға жуық долларды құрайтын Конго (Соngо) елдерінің кен кәсіпорындарынан тым кем түспейтін тіпті әлемдік тұрағы 10-20-саптағы – «Қазақмыстың» (Кazakhmys) үш алаңы – «Жезқазғантүстімет», «Қарағандытүстімет», «Балқаштүстімет» атты алып кен орындары бар, жылына жуық шамамен 30 739 000 тонна (2021) кен өндіре алатын кәсіпорындары мықты Қазақ Елі үшін шойын жол-мол шөпек емес... Тек қана эко-әділдік, ұлттық саналы, ғаламдық өркениеттік ілім, білім игерген сапалы кадрлар ғана құралса болғаны!? Сөйтсе ғана зау биіктен киелі «Көк тудың желбірегенін» көретін боламыз! Доспамбет жырау айтқандай: «...Азаулының Ыстамбұлдан несі кем...»!?    

Қала  көркі – шойын жол...

  Қаланы – қала көрген төл тұлға басқаруы ежелгі ұстанымдарда бар. «Бар болғаны он төрт жас...» деп қала баласының психологиялық ғұмырындағы конфликтілер, ғажайып лиризмді ұсынған осы қала тұрғыны әйгілі гений жазушы, тәржімагер Мәди Айымбетов (Шведтің жазушысы Мария Грипенің (Maria Kristina Gripe 1923-207) «Эльвис Карлсон» повесін қазақшалаған. – Р.С.) ағамның жазғанын бекер айтып отырған жоқпыз!? Қаланың бүткіл тынысы әлемдік деңгейде әбден мойындалған ұлттық ұтымды нақыштармен безендірілсе яки қалай төлежіп, мән-мағынасы суыт жарасса – тұрғындар да солай жайнап, өңеймек керек. Күзелмеген көшеттер, түзелмеген көшелер, арамшөп қаптаған саябақтар, қар басқан қаланың күртігін күреп жатқан бульдозер-тракторлардың дөрекі күректабанына жаншылып, ойрандалып, қирап жатататын тас жолдарға, жиек, жақтауларға, қарайтын әкімдер жоқ па!? Қаланың ең сиқын кетіретін жері кеңестік үлгідегі ескі – «Сапаржайлар» мен шойын жол вокзалындағы шоқыраң-шолжаң жабайы ретсіздіктерге, көлеңкелі жымқырыстар мен жемқорлықтарға, жүргіншілерді 5-6 сағаттар бойы сарылтып күтірсе де «патшаны тағына сайлайтын халықтан» ешқашан кешу өтінбейтін, олардан өлердей қорқатын «паң мінезді» – «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» акционерлік қоғамының тарапындағы тұрпайылығына қалай да қаланың мэрі бірдеңе айтуы керек емес пе!? Шойын жолдың кіреберіс өн бойындағы үйінді мусорларды көретін басшы бар ма!? Перрондағы  (perron) жаяу арба сүйреген «рын ли чэ»-ден айтарлықтай айырмасы шамалы алба-жұлба ала киімді арбакештер жүр!? Бұл қай ғасырдың шойын жолы!? Сырғымалы жанама перрон-жол төсей салуға қанша қаржы кетеді!? Кезінде американың әйгілі өнеркәсібін көкке өрлеткен міртемірші Жорж Мортимер Пульман (George Mortimer Pullman; 1831—1897) тек қана темір жолды көтеруімен тарихта қалған. Ұлттық экономика министрі Әлібек Сәкенұлы Қуантыровтың – Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,3%-ды құрады деп қуантқаны қайда!? Жарымаған ел болса – қайтаруға жауап табылмас еді!? Жөржі Міртемір Пөлімен секілді басшы-қосшыларға сидаң сылтау айтып, былықтарға көз жұмып қарамайтын, ұлтына «жан-жүрегі ауыратын», құр мақтауларға құлдық ұрмайтын  тәуір басшылар болса ғана – Бас қаланың шойын жолы жұмақтай жайлы болмақ...  Жұрттың түгелі солай ойлайды, сенеді, намыстанады, тіпті тағы да үміттенеді.  Астананың жаңа мэрі  Жеңіс Қасымбековтің жаңа құрамасын жұрт өзіне етене жақыннан немесе  қоғамдық көліктерден, қара базардағы бөгденің лағыманханасынан мәзір тұтып жүрген бейтарап бейбақтар арасынан көргісі келеді. Ұлықтың – кішіктігі болса деп, әрине! Бас қалада арыстандай ақырған батырлар ескерткіші көп... Қош! Ал қара халықтан қорқып қояндай бүгежектейтін басшылар болса одан да аз емес... Пропорция қайда қалған!?    

Тойханадан – ойханаға, моладан – моноқалаға...

  Арбаның артынан атты жекпейді! Бұл – аксиома! Сондықтан қазақ – «ат арба» дейді де, ұлы ғаламның техникаларының түгеліне «бәлен аттың күші бар» деген прогресс пен регрессивті дамуды көшпенді елді көлігі – ат һәм арғымақ-күлікпен сүйреген тосын формуланы ұсынған! Ендігі кезекте: Есілдің екі қапталымен аққан тамырлары – баяу момақан ағысты Мойылды, елпек еңісті Тентек, қамысты Қарасу, самалды сағалы Сарыбұлақ, жазиралы жайқын Ақбұлақтың аңғарына сыйған кенттің ертеңі толғандырады. Суық қаланың аязды күндері – бұқым екі жүз қырық күнге ұласқан, аптабы шыбынның ғұмырындай қысқа қырдағы ұйықтың жылымық дамуы керек қазаққа. Астананың маңынан тек осы атаулармен саялы орманды су арналары салынса! Көп жиналатын көгалды, көрікті ғажайып аңыз қала – Солтүстік Американың түстігіндегі Канаданың орманды Торонто агломерациясына ұқсас   болғызылатын мүмкіндіктер бар. Мысалы, Қарабұлақ (Степногорск) моноқаласын мәшине жасау, химиялық бағыттармен, Ақбұлақтың сағасына – «Балуан Шолақ» ғаламдық Еуразиялық балуандар мен цирк майталмандарының бас қосатын кешенді моноқала, қасындағы Қамыстының көбесіне – «Ғалия дауысы» әлем жас таланттардың эстрадалық шоу байқаулары өтетін моноқала салынса. Бұл өзендердің қайнар тұмасын аршып, саялы табиғи тұмалы бассейнді саябақ, жазиралы аралдары, аспалы көпірлі технология қарапайым. Осыдан неше жыл бұрын Жапоияның «Комцу» (Кomatsu) фирмасы судың астын тегшілейтін, қазып жаймалайтын құлтемір техникасын шығарған. Бұл инфрақұрылымды құрылғыны «Реммелиостроймаш» секілді жетекші ірі кәсіпорындар «әлдеқашан әзірлеп қойған да болар»!? Кім білсін!? Өзен деген атауы о бастан болмаған арабтар мұнайдың ғана табыс көзімен шөл далада құмның терең қабатынан су шығарып, көгал экожазиралар жасайды-мыс! Ал Арқаның өзендері жердің саяздау қабатымен жасырынып қана үнсіз ағып жатыр. Оны тысқа сүйреп шығару немесе осы замандық тәсілмен қалалардың арасымен ағызу деген ештеңе емес...    

АЙ сәулесі тұнбалы – айдындағы ой сәулесі

  Астана маңында айдын көлдер де көп. Аспандағы ай сәулесін айдынға аунатып (Мәди Айымбетовтің «Көлге шомылған Ай» (1984) туындысы секілді.) аңыз бен ертектегідей аса сәнді, ай сәулеті бөлек мінсіз ақ мәрмәрдан мини қалашықтарды салуға болады. Ақ мәрмәр деген шикі зат Астанаға шамамен жүз шақырым ғана тиіп тұрған іргедегі «Ақкөл мәрмәр кен орнында» толып жатыр! Кен орнынан өндірілетін қиыршық тас – құрылыс жұмыстарының барлық түрінде қолданылады. Бүгін осынау қиялдағы моноқалалардың орны орыны бос тұр. Болашақта Астана Сити кешендері табиғи көрікті су ресурсі көп көлдерді сағалағай таза экологиялық айналымға қарай әкелуі тым алыс емес.  Армандасақ: Астананы айнала қосалқы севиздік, транзиттік, инвестициялық жобалар мен стратегиялық инвесторларды тартатын моноқалаларды сала бастауы тиімді. Арқаның сұлу табиғатты көл сағаларына – «Қорғалжыңкөл – Қоңырқұлжа сауда, казино Сити», «Балықтыкөл банк Сити», «Салқынкөл жүз жұлдызды отелі», «Тұщыкөл виржа мұнарасы», «Танакөл робот боксшілер сайыс клубы», «Тазакөл металл, мырыш өрімдеу зертханасы», «Тағанкөл – сферасы – TALGAM», «Нью-Жалтыркөл ғарыштан бақылау эллипсі», «Жалаңашкөл IQ үдеулі ұшақшылар ойханасы», Қайнаркөл моноқаласында « Astana – Motors» кешенді мегаваттық су электр антиқондырғылы станция  экзотикалық туризм немесе экономикалық даму барысындағы мемлекеттік аса маңызды ғылыми-технологиялық сипаттағы зерттеу-сапатау дамыту биржа орталықтары, Азия Тынық Мұхит аумағы және Орта Азиялық көршілес елдермен аймақтық сауда, мәслихат орталықтары, Барыс елдерінің іргелі қаржы орталықтарының іріктелген элита офистері, халықаралық туризм орны секілді іс шараларды өткізетін жасанды интеллектілі «Ай жарық конусті орындары» орналасқан моноқалалар бой көтеруі тиіс. «Астана жәуһар су арнасы» МКК сәл ғана ойы мен бойы болмаса мойынын созып ғаламға бір қарауы керек!? Көршілес қытайда 6 000 жылға жуық тарихы өте терең әрі көне Жібек жолы бойындағы Чжоу, Жинь, Хань, Таң әулеттерінің астанасы болған Чанъань еді. Бүгіндері 12 млн-нан астам халқы бар Шиаң (Чанъань) қаласында өткен – «Орталық Азия-Қытай саммиті» бағзы Таң (Табғаш) патшалығы тұсындағы келбетін жаңғыртып, күллі әлемге насихаттай бастағанын жуықтағы өткен президенттер сапары барысында экраннан көзіміз шалды...     Осы Шиаңдағы (Сиань) өткен «Орталық Азия-Қытай саммитінен»- кейін Қашқариядан – Бішкек – Ташкент арасына тағы да шойын жол салынатыны жарияланды!? Бұл енді геодеңгейдегі «ойын» екені белгілі!    

Сұраған Рахметұлы, ақын, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

 

Дереккөз: Атаулы мақала jańa bastau газетінің 8 маусым күнгі №23(58) санынан алынды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *