Зорлық көрген оқушы қыздың тәні қатты ауырған – Сәуле Шәкенева
Фото: instagram.com/p/C-lEEWGNf98/
Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі жедел уәкіл Сәуле Шәкенева зорлық-зомбылыққа ұшыраған үш жасөспірім қызбен кездесіп, тағдырларын баяндады, деп хабарлайды janabastau.kz.
Шакеневаның жазуынша, ол 12, 15 және 17 жастағы үш қызбен кездескен. Өкінішке қарай, олардың бәрі сексуалды сипаттағы зорлыққа ұшыраған қыздар.
«Олар әртүрлі жаста, ұлттары да әртүрлі, түрлері де бір-біріне ұқсамайды, мінездері мен тілдері де өзгеше. Бірақ, олардың қорқынышы бір, жан жаралары бір, ұяты мен үнсіздіктері бір. Олардың ешқайсысы ешкімге де зорланғандарын айта алмаған», - деп жазды Шакенева.
Сәуле Шекенева зорлық көрген қыздардың тәні мен жаны қалай ауырғанын сөзбен жеткізе алмаймын дейді. Ең бастысы, жедел уәкіл жазып өткендей, қыздардың тәні қатты ауырған.
«Бұл қыздардың жүрегі мен жаны қандай күйде болды екен? Қандай ауыртпалықты бастан кешірді екен, әлі қандай қиындыққа тап болады екен? Тән жаралары туралы айтпай-ақ қояйын. Қыздардың бірі оны зорлағаннан кейін ауырғаны соншалық, бірнеше күн бойы құйрығын басып отыра алмағанын айтты...Кеше осыны айтып жылаған қыздың қолынан ұстап, барынша қолдау білдіруге тырыстым. Отбасына жақын адам екі рет зорлағаны үшін оның кінәлі емес екенін айтып, сендіруге тырыстым», - дейді ол.
Шәкенева атап өткендей, статистика бойынша қыздарды зорлайтын адамдардың көбі оның жанында жүретін ерлер: бірі туған әкесі болса, бірі өгей әкелері, кейбірі көршісі, кейбірі туысы.
«Кім қандай жағдайда істесе де зорлық-зомбылыққа төзуге мүлде болмайды», - деп жазды ол.
Пікірлер (0)