Марат Ахметжанов Қосшы қаласының тұрғындарымен кездесті
Фотосурет janabastau.kz
12 маусым күні Қосшы қаласында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жергілікті халықпен есептік кездесу өткізді. Бұл жиын жаңадан ашылған заманауи қоғамдық мәдени-спорттық орталық кешенінде өтті. Әңгіме өзегі қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, сондай-ақ бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмыстар мен болашақ даму жоспарына арналды, деп жазды "Jańa Bastau" газеті.
Қосшы 4 жылда: Өркендеу жолы мен болашақ бағыты
Биыл Қосшы қаласына 4 жыл толады. Еске салсақ, Мемлекет басшысы 2021 жылғы 26 шілдеде Қосшыға облыстық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Осы уақыт аралығында елді мекен қарқынды дамып қана қоймай, стратегиялық маңызды құжаттарға – Астананың агломерациясын дамытудың кешенді жоспарымен Қосшы қаласының Бас жоспарына ие болды.
Халықпен кездесу барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов тұрғындарға осы құжаттардың жүзеге асуы, жаңа жобалардың құрылысы туралы айтып, өзекті сауалдарға жауап берді.
Облыс әкімінің айтуынша, қала халқының қарқынды өсуі әлеуметтік инфрақұрылымды жүйелі дамыту қажеттігін көрсетіп отыр. Басты міндет – барлық тұрғын үшін білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
«Жаңа Бас жоспар – бұл жай ғана карта немесе жоба емес. Бұл – алдағы онжылдыққа, 2037 жылға дейінгі біздің ортақ іс-қимыл жоспары. Онда әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, инженерлік желілерді жаңғыртуға баса мән берілген», – деді өңір басшысы.
Айта кетейік, Қосшы қаласын 2037 жылға дейін дамыту жөніндегі Бас жоспарға сәйкес, қалада 31 балабақша, 16 мектеп пен 7 емхананың құрылысы көзделген.
Кешенді жоспар аясында 39 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазірдің өзінде 280 орындық балабақшаның құрылысы басталды. Ғимараттың қаңқасы тұрғызылып, терезелер орнатылып, трансформаторлық қосалқы станция, шатыр мен қасбетті әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекет басшысы төртінші Құрылтайда берген тапсырмаға сәйкес, қалада халықаралық деңгейдегі колледждің құрылысы жоспарланған. Аталған нысан үшін 12 гектар жер телімі белгіленді. Қазіргі таңда инвесторлар тарту және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында келісімдер жасау жұмыстары жүріп жатыр.
Медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында жеке инвестиция есебінен «Viamedis» компаниясы көпсалалы ауданаралық аурухана мен емхана салып жатыр.
Қуаттылығы ауысымына 1000 адамды қабылдайтын емхана биыл ашылады, ал келесі жылы 350 төсектік стационар іске қосылады. Онда заманауи бөлімдер – хирургия, травматология, онкология, кардиохирургия, нейрохирургия, химиотерапия және тағы басқа бағыттар қамтылады. Сондай-ақ, қаладан тыс келген пациенттерге арналған пансионат пен дәрігерлерге арналған тұрғын үй салынуда. Бұл – мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Құрылысқа 200 жұмысшы тартылып, құрылыс материалдары отандық өндірушілерден сатып алынуда.
«Мен айтып өткен барлық жоба – тек қағаз жүзіндегі жоспар емес. Олар – нақты жүзеге асып жатқан істер. Қосшы – жас әрі өршіл қала. Біз оны сіздермен бірге көркейтіп келеміз», – деп түйіндеді облыс әкімі.
Қосшыда «жасыл белдеу» мен индустриялық парктің негізі қаланды
Қосшы қаласында «жасыл белдеу» – саябақтар, гүлзарлар, көгалдандырылған көшелер мен қорғаныш ормандар жүйесін қалыптастыру жобасы жүзеге асырылуда. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласының халқымен кездесуде мәлімдеді. Қазірдің өзінде қаланың орталық бөлігінде жалпы көлемі 4,2 гектарды құрайтын саябақ пен екі гүлзар салуға жертелімдері бөлінген.
«Жуырда бекітілген Қосшы қаласының Бас жоспары – жайлы және экологиялық таза орта қалыптастыруға бағытталған. Биыл екі гүлзардың құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, төрт балалар ойын алаңын орнатуға 100 млн теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары басталып кетті», – деді өңір басшысы.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қалада мыңнан астам бейне бақылау камерасы орнатылады. Өткен аптада облыс әкімдігі жеке инвестормен келісімге келіп, бақылау жүйесін оның есебінен орнату туралы келісім жасасты.
Қаланың экономикалық әлеуетін арттыру үшін өнеркәсіптік және логистикалық аймақтарды кеңейту жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және халық тұтынатын тауарлар өндіретін жаңа кәсіпорындар ашылады. Сонымен қатар, жалпы ауданы 264 гектарды құрайтын Индустриялық парк салу көзделіп отыр.
Өңір әкімі атап өткендей, осы жер телімдерінің едәуір бөлігі жеке меншік иелігінде болса да, пайдаланылмай келеді. Осыған байланысты Қосшы қаласының әкімдігіне және салалық басқармаға жер телімдерін түгендеу тапсырылды. Негізгі басымдықтар: меншіктің заңдылығы мен тиімді пайдаланылуы.
«Мұндай жерлер стратегиялық маңызға ие және халық игілігіне жұмыс істеуі тиіс: жаңа жұмыс орындарын ашып, бюджетке кіріс әкеліп, инвестициялық ахуалды жақсартуға үлес қосуы қажет. Қосшының елордаға жақын орналасуы – оның басты артықшылығы. Бұл – шетелдік және отандық инвесторлардың қызығушылығын тудыратын фактор», – деді Марат Ахметжанов.
Айта кетейік, Қосшының тиімді географиялық орналасуына венгриялық UBM Group компаниясы қызығушылық танытып отыр. Құны 13,4 млрд теңгені құрайтын премикс зауытын салу жоспарланған. Жоба аясында 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Өткен жылы қалада 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 85 жаңа жұмыс орны құрылған болатын. Биыл жалпы құны 25 млрд теңгені құрайтын екі есеге көп жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, бұл – «Орман алқабы» және «Сирень бағы» тұрғын үй кешендері, « Алтын-Қазық» ЖШС-нің ет өңдеу кешенін жаңғырту және бірқатар бизнес-орталықтардың құрылысы. Нәтижесінде 300-ден астам жұмыс орны ашылады.
Қазіргі таңда Қосшы қаласында екі ірі өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. «Алтын-Қазық» ЖШС былтыр 1,6 мың тонна ет өнімін өндірсе, кәсіпорынның толық қуаты – жылына 3 мың тонна. Ал «ИЛ ТОВ» ЖШС 2023 жылы 3 мың тоннаға жуық мұздатылған тауық етінен жартылай фабрикат шығарған.
«Өндірістік қуатты толық жүктеу және одан әрі ұлғайту үшін облыстың өзге аудандарымен шикізат жеткізу мәселелері бойынша тығыз байланыс орнату қажет», – деді өңір басшысы.
Марат Ахметжанов атап өткендей, сапалы инвестициялар тарту мәселесі ерекше бақылауға алынады.
Инженерлік инфрақұрылым: газ, су, жол, жарық
Қосшы – тұрғындары үшін қолайлы, заманауи әрі жайлы қалаға айналуы тиіс. Сонымен қатар, ол елордаға сенімді серіктес болуы керек. Бүгінде қала қарқынды дамып келеді, бұл инженерлік желілерге түсетін жүктеменің де артуына себеп болуда. Осыған байланысты газдандыру, электрмен қамту, ауызсу жеткізу, жол жөндеу және жаңа жолдар салу мәселелері күн тәртібінен түспей отыр. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласының халқымен өткен есептік кездесуде айтты.
Астаналық агломерацияны дамытудың Кешенді жоспары аясында Қосшы қаласында 39 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда: әлеуметтік инфрақұрылым – 4 жоба, 5 көлікинфрақұрылымы , сумен жабдықтау – 8, электрмен жабдықтау – 4, жылумен қамту – 4, газдандыру – 2 және өзге де бағыттар бойынша 12 жоба қолға алынған.
Газдандыру саласында өткен жылы «Сарыарқа» магистралды газ құбырынан желі тарту жұмыстары басталды. Үш жылға жоспарланған бұл жоба 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда. Қазірдің өзінде 132 шақырым газ құбыры тартылып, алдағы уақытта тағы 276 шақырым салу көзделіп отыр. Бұл ауқымды жоба Қосшы қаласындағы 30 мың абонентті табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биыл Тайтөбе ауылында да газ желілерінің құрылысы басталады. 2026 жылдың соңына дейін Қосшы мен Тайтөбе 100 пайыз газбен қамтылатын болады. Биылдың өзінде үш іске қосу кешенінің алғашқысы пайдалануға берілмек.
Ауызсу мәселесін шешу бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Әкім атап өткендей, негізгі назар Төменгі Романов кен орнынан тартылатын су құбырына аударылған. Жақын күндері бұл нысанды қалалық коммуналдық мекеменің балансына беру мәселесі шешімін табады.
Ауызсудың сапасын жақсарту мақсатында тазарту қондырғыларын жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су құбырының 4-кезеңінің құрылысына Арнайы мемлекеттік қордан қаржы бөлініп, жоба биыл аяқталады. Нәтижесінде 5 мың абонент қосымша сумен қамтылады. Бұдан бөлек, бекітілген Бас жоспарға сәйкес жаңа ықшамаудандарды қамтитын 5-кезеңді жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жаңа кәріз коллекторы мен тазарту құрылыстарын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жыл соңына дейін жобалау жұмыстары аяқталып, келер жылы құрылыс басталады.
Электрмен қамту мәселесі де назарда. Қатарынан екінші жыл облыстық бюджеттен электр желілерін жаңғыртуға және оларды сенімгерлік басқаруға «Ақмола ЭТК» мекемесіне беруге дайындық аясында 250 млн теңге бөлінуде. Қазір «Лесная Поляна» тұрғын үй алабында электр желілерін жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. «Северная» қосалқы станциясынан жаңа кабельдік желітартылып, тарату трансформаторлық қосалқы станциясы орнатылды. Бұл уақытша схема арқылы қосылған 17 көпқабатты үйді тұрақты әрі сенімді электрмен қамтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, биыл электрмен жабдықтаудың 4 және 5-кезеңдерінің құрылысы басталады. Олар жаңа абоненттерді үздіксіз жарықпен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда 6 мыңнан астам абонентті қамтитын және бүкіл ауылды электрмен қамтитын 46 шақырымдықэлектр желісінің құрылысы аяқталуға жақын.
Жиын барысында өңір басшысы жол инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де тоқталды. Биыл Қосшы қаласында 10 көшегежол салу жұмыстары жалғасады. Бұл жұмыстар аясында тротуарлар мен тұрғын үйлерге кіреберіс жолдар да қарастырылған. Қоғамдық-мәдени-спорттық орталыққа апаратын жолдың құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, елордаға тікелей шығатынжаңа жол салу жоспарланып отыр. Тайтөбе ауылында 26 көшеге ішкі жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қосшы қаласында бос жер қалмаған, қолда бар аумақтың басым бөлігі жеке меншікке өтіп кеткен. Алайда олардың бір бөлігі мақсатқа сай пайдаланылмай отыр. Бұл – елді мекеннің дамуына кедергі келтіретін өзекті мәселенің бірі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, иесіз немесе тиімді пайдаланылмай жатқан жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылып, халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс.
Осыған орай, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов тиісті мемлекеттік органдарға Қосшы аумағындағы жер қорына жан-жақты талдау жүргізіп, меншік құқығы мен пайдалану тиімділігін мұқият зерделеуді тапсырды.
Оқи отырыңыз



Пікірлер (0)