Қосшы қаласының әкімі қала тұрғындарымен кездесті кездесті

Қосшы жаңалықтары
view 52
news

Фотосурет janabastau.kz

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, Қосшы қаласының әкімі Азамат Есімұлы Қапышев қаладағы қоғамдық мәдени-спорт кешенінде тұрғындармен кездесу өткізді. Бұл кездесу қала тұрғындарының әкімдікпен тікелей байланыс орнатып, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салуына тамаша мүмкіндік болды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

Қала әкімі өз сөзінде қаланың әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті. "Биыл Қосшы қаласына облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілгеніне төрт жыл толады. Осы уақыт ішінде біз бірлескен күш-жігермен бірқатар маңызды әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық мәселелерді шешіп, қала дамуының жаңа кезеңіне қадам бастық. Бұл – әкімдік, қалалық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер мен қала тұрғындарының бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін атап өткім келеді," – деп бастаған қала басшысы қала мәртебесін алғаннан бергі атқарылып жатқан мардымды істердің қатарын тарқатып берді.

Қала мәртебесін алғандағы ең бірінші кезек күттірмейтін мәселе үш ауысымда білім беру болған еді. Бұл мәселе бүгінде толықтай шешілді. Қаламызда төрт жаңа мектеп салынды. Олар 1200 орындық IT-лицей, 1500 орындық мектеп-гимназия, 1200 орындық жалпы білім беретін мектеп пен №4 орта мектеп (Абай көшесі бойында).

   Алдағы уақытта мемлекет басшысының тапсырмасымен заманауи халықаралық технологиялық колледждің құрылысы жоспарлануда. Қазіргі таңда қала инженерлік инфрақұрылым тапшылығымен (электр қуаты жетіспеушілігі, кәріз тазарту стансасындағы мәселелер және т.б.) бетпе-бет келіп отыр. Бұрын салынған электр желілері ауылдық аймаққа бейімделіп жобаланған. Егер бұрын 30 мың адамға есептелсе, қазіргі таңда қалада 100 мыңнан астам тұрғын бар. Электр желілері шамадан тыс жүктелген, ал кейбір аудандарда қажетті қуат жетіспегендіктен желілер мүлде жоқ. "АРЭК" АҚ жаңа нысандарға техникалық шарт бермейді. Ауылдық мәртебеде болған кезде желілерге 10 жылдан астам жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, сондықтан көп бөлігі қанағаттанарлық жағдайда ғана.

Электр желілеріне қатысты 2024 жылы электр желілерін жөндеуге 250 млн теңге бөлініп, бірқатар жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл апаттар санын азайтуға мүмкіндік берді. Ал 2025 жылға да 250 млн теңге бөлінді, сол қаржы есебінен жөндеу жұмыстары жалғасады. 2024 жылдан бастап жаңа қосалқы станция салу және қолданыстағыны жаңғырту бойынша екі жоба әзірленіп жатыр. Бұл станциялар салынса, қаладағы электр энергиясы тапшылығы толық шешіліп, желілердің жүктемесі азаяды. Сонымен қатар, биыл Қосшы қаласының 19–20 шағын аудандарын және оңтүстік бөлігін қамтитын электрмен жабдықтаудың 4-кезеңінің құрылысы басталады.

Су тапшылығын жеңілдету үшін 5 жаңа ұңғыма іске қосылып, су желілеріндегі апаттар саны азайды. Сонымен қатар, Нұра жер асты су кен орны арқылы Қаражар ауылынан "Лесная поляна" тұрғын үй алабына дейінгі су құбырының құрылысы қарастырылуда. Бұл жоба тәулігіне 6–7 мың текше метр су жеткізуге мүмкіндік беріп, тұрғындардың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.

Әкімдік ең алдымен инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға күш салып жатыр. Биыл қаланың кәріз жүйесі желілерін салуға жоба әзірленді. Жоба аясында диаметрі 1000 мм болатын негізгі магистраль салу қарастырылған. Бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін жоба республикалық бюджетке ұсынылады. Қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары басталады.

Жыл сайын бюджеттен жол салуға, көшелерге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізуге қаражат бөлінеді. Қазіргі уақытта Қоғамдық-мәдени-спорт орталығының жолдарын, өрт сөндіру депосына, «Сиреневый сад» тұрғын үй кешеніне кіреберіс жолдарды, сондай-ақ қала мен Тайтөбе ауылының басқа да көшелеріндегі жолдарды аяқтау жұмыстары жүргізілуде. Барлық көшені бір жылда қамту мүмкін емес, бірақ бұл жұмыс бюджеттен қаржы бөлінуіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

2024 жылы қаланы газбен қамтамасыз ету жұмыстары басталды. Бұл жұмысты келесі жылы толық аяқтау – басты міндет. Сонымен қатар, биыл Тайтөбе ауылын газдандыруды бастау маңызды. Көгілдір отын электр және жылу желілеріне түсетін жүктемені азайтады.

Нағыз серпіліс пен ілгерілеу Қосшы қаласының Бас жоспары аясында индустриялық–өнеркәсіптік аймақты игеруге күш салған кезде басталады. Аталған аймақтың жалпы ауданы – 264,0 га, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы мақсатындағы ұзақ мерзімді жер пайдалану санатында. Қазіргі таңда қала әкімдігі бұл жер телімдерін мемлекеттік меншікке қайтару механизмдерін қарастыруда, алайда оған қажетті инженерлік инфрақұрылымды тарту үшін облыс тарапынан қолдау қажет.

Тұрғын үй құрылысы және үлескерлер мәселесі бойынша 2022 жылдан бері 65 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды. 2024 жылы көптен қордаланған үлескерлер мәселесі шешіліп, «КГС Сауда» құрылыс компаниясы 8,5 млрд теңгеге «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауда. 2038 жылға дейінгі Бас жоспарға сәйкес: көпқабатты үйлер үшін – 360 га, жеке тұрғын үй құрылысына – 900 га жер қарастырылған.

2024 жылы негізгі капиталға 45,2 млрд теңге инвестиция тартылды (облыс бойынша 3-орын). Инвестициялардың 83,8%-ы – жекеменшік. Ірі жобалар қатарында «Илтов» құс етін өңдеу зауыты, «АБК-Песчаник», «Элитстройкомплект» зауыттары, «Алтын Қазық» шұжық цехы бар. Биылғы мақсат – 80 млрд теңге инвестиция тарту.

Шағын және орта бизнесті дамыту бағытында қалада 3900-ден астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. 2025 жылдың басынан бері бөлшек сауда айналымы 6%-ға өсіп, 1,8 млрд теңгені құрады. Бизнес өкілдері де қаланы абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысуда. Мысалы, 2022 жылы қаланың кіреберісіне «Қосшы» стелласы орнатылса, 2023 жылы Республика көшесінде «Бірлік» сквері салынды.

Денсаулық сақтау саласына қатысты қалада мемлекеттік бірінші емхана мен «Жанұя» емханасының 2 филиалы жұмыс істейді. Сонымен қатар, 350 орындық көпбейінді жеке аурухананың құрылысы жалғасуда. Жобаға «Viamedis» ЖШС тарапынан 28,0 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды. Аурухананың жанынан күніне мың адамды қабылдай алатын заманауи емхана салынуда. Қалаға білікті әрі тәжірибелі дәрігерлерді тарту мақсатында тұрғын үй де бой көтереді. Аурухана Ақмола облысының жақын маңдағы аймақтарына да қызмет көрсететін болады.

  Қосшы қаласында биыл Қоғамдық-мәдени-спорт орталығы ашылды (Б.Өтемұратов қоры демеушілік еткен, құны – 9,5 млрд теңге). Орталықтың ашылуы қаламыздың жас тұрғындарына заманауи үйірмелерге қатысуға, қолөнермен айналысуға, шахмат ойнауға, спорт секцияларына баруға және заманауи жабдықталған кітапхана мен үлкен кинозалға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Қалада жаңа мешіт салынды.

Әлеуметтік қолдау шаралары бойынша 2024 жылы 150 млн теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді, 50 зейнеткерге санаторлық жолдама берілді. Сондай-ақ 180 мұқтаж отбасыға пәтер кілттері табысталды (алғашқы 20 пәтер қала күнінде — 2024 жылғы 4 шілдеде, 66 пәтер — 2024 жылғы 29 қарашада, 94 пәтер — 2025 жылғы 17 қаңтарда табысталды). Сонымен қатар, «Отбасы банк» арқылы 45 отбасы нарықтан төмен бағамен тұрғын үй алу мүмкіндігіне ие болды.

Абаттандыру және көгалдандыру мәселесі бойынша мемлекет басшысының тапсырмасымен 2 жаңа сквер мен 1 саябақ салу жоспарланған. Қала әкімдігі жыл сайын балалар ойын алаңдарын орнату жұмыстарын жүргізіп келеді. Биыл 4 алаң орнатуға келісімшарт жасалды. Олар – Ұлы дала көшесі, Жабаев көшесі, «Лесная поляна 21» және «Алтын Қазық» тұрғын үй кешендерінде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Бюджет қаражатының шектеулі болуына байланысты, барлық қалаға ойын және спорт алаңдарын қысқа мерзімде қамтамасыз ету қиындық тудыруда. Сонымен қатар, көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары да қарқынды жүргізілгені белгілі.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған өзекті мәселелерді ортаға салды. 

Тұрғын: "Ауа райы құбылып, жауын жауып, жел соқса жарықтың сөнуі тұрақты жағдайға айналды. Тұрмыстық техника үшін қаншалықты зиян келтіріп жатқандығы белгілі шығар. Бұл мәселені оңтайлы шешудің жолы бар ма?"

Әкім Азамат Қапышев: "Қаланың электр жарығының қуаты 30 мың адамға ғана есептелген. Тұрғындар мен үй-жайлардың қатары уақыт өткен сайын артып келеді. Ауа райының құбылған кезіндегі апаттық жағдайларды сирету үшін арнайы генераторлар қатарын жаңартып жатырмыз. Бұл мәселеге қатысты әлі де бірқатар нәтижелі жұмыстар көзделіп отыр"

Тұрғын: "Көп қабатты тұрғын үйлердің маңайында тәртіп әлсіз. Үй-күйі жоқ қаңғыбастар көп. Неге олар еңбекке тартылмайды? Түн ортасына дейін үй көрмейтін мектеп жасындағы балалар неге бақылаусыз? Ата-аналарымен байланыс жасап, түсіндірме жұмысын жүргізіп жатқан ешкімді байқамаймыз"

Қосшы қаласы полиция бөлімінің өкілі: "Балалар ең алдымен ата-ананың тікелей жауапкершілігінде болуы керек. Біз қолдан келгенше түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бірақ жұмысбасты ата-аналар баланы еркіне жіберіп қоятындығы қазіргі қиын мәселе болып тұр. Әсіресе Лесная Поляна шағын ауданының тұрғындарының көпшілігінің тұрақты тіркеуі жоқ, пәтер жалдаушы болғандықтан, байланыс орнатып, түсіндірме жұмыстарын жүргізу қиындау. Қала бойынша бізде тек екі автопатруль болғандықтан, бәрін бірдей назарға алу мүмкін емес. Бірақ халықтың басым көпшілігі отыратын ортақ чатта, әлеуметтік желілерде ескерту ақпараттары таратылып, назарға алынбаса айыппұл төлейтіндігі ескертіліп жатыр. Алдағы уақытта штат саны артып жатса, мұндай мәселелер саны да азаяды деп сенеміз"

Тұрғын: "Қосшы қаласының Нұра-Есіл көшесінің тұрғынымын. Қала ішінде қандай жұмыс атқарылып, қандай өзгеріс болып жатқандығын біліп отыратын неге ақпараттық газет-радио, телеарна жоқ? Халық пен билік арасын жалғайтын ақпарат құралдары болса дейміз. Біздің тарапымыздан көп сұрақ болмау үшін осындай ақпараттар жариялап отыратын газет болса"

Әкім Азамат Қапышев: "Біздің қалада телеарна болмаса да, жұмысы қарқынды, бір жолға қойылған, сапалы газетіміз бар. Онда Қосшыда болып жатқан іс-шара, кездесу, жаңалықтардың бәрі уақытынан кешіктірілмей, толыққанды жарияланып отырады. Облыс бойынша үздік деп танылған газетпен кездесуден кейін осындағы мамандардан сұрап мекен-жайын алсаңыз болады," – деп қала тынысын тарқатып отырған «Jana bastau» әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси газеттің жұмысына тоқталып өтті. 

Кездесуде шаһар келбетіне нұқсан келтірген дүңгіршектердің мәселесі де айтылды. Қала басшысы аймақтың бас жоспарының енді қолға алынып жатқандығын алға тартып, бұл мәселелердің жақын арада өз ретімен шешілетіндігін айтты. Кездесу барысында бұдан бөлек орталық көшелердің тарлығы сияқты инфрақұрылымдық кемшіліктер де сөз болды. Сондай-ақ, көпқабатты тұрғын үйлердің балалар алаңқайларының жағдайы сынға алынып, жауапты мердігерлерден уақытылы жөндеу жұмыстарын жүргізу сұралды. Қала әкімі мен мекеме басшылары қойылған әр сұрақты мұқият тыңдап, тиісті жауаптарын берді. Көтерілген ұсыныстардың барлығы назарға алынатындығы айтылды. 

Әкім Азамат Қапышев: "Қорыта айтқанда қадірменді ағайын, Қосшының 2038 жылға дейінгі Бас жоспары биыл ақпан айында Үкімет қаулысымен бекітіліп, қаланың әлеуметтік, экономикалық және инженерлік инфрақұрылымын кешенді түрде дамытуға бағытталған. Бұл құжат қаланың тұрақты өсімі мен халықтың әл-ауқатын арттыруға негізделген жүйелі шешімдерді қамтиды. Қосшы қаласы – дамып келе жатқан жас шаһар. Біз барлық салада жүйелі әрі кешенді даму бағытын ұстанамыз. Алдағы басты мақсатымыз – қала инфрақұрылымын нығайту, инвестиция тарту, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту, Қосшыны жайлы әрі қауіпсіз қалаға айналдыру. Біздің басты байлығымыз – қала тұрғындары. Қосшы – бәріміз үшін ортақ үй. Сіздердің ұсыныстарыңыз бен қолдауларыңыз арқылы ғана біз одан әрі дамимыз," – деп есеп сөзін түйіндеді. 

 

 

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *