Абайға тарту: Семейді түлететін жеті өңірдің сыйы қандай?
Сурет: Ашық дереккөзден
Абайдың 180 жылдығы аясында Семей қаласы тың серпінмен жаңарады. Қазақ руханиятының алтын бесігі саналатын шаһарды көркейтуге еліміздің астанасы мен бірнеше облыс атсалыспақ. Олар қаланың келешек келбетін айқындайтын маңызды әлеуметтік, мәдени және спорттық нысандар салуға ниетті. Бұл туралы JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жарияланған «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында жүзеге асуда. Игі дәстүрге сай, әр өңір ұлы ойшылға құрметін Семейге тарту жасау арқылы білдіруде.
Қандай өңір, қандай нысан?
Бүгінде жеті аймақ өз жобасын ұсынып, Абай еліне нақты сый әзірлеуде:
- Маңғыстау облысы – Достық үйі
- Түркістан облысы – Көрме орталығы
- Ақтөбе облысы – Жекпе-жек сарайы
- Шығыс Қазақстан облысы – Ертіс жағалауын абаттандыру
- Шымкент қаласы – Өнер мектебі
- Солтүстік Қазақстан облысы – Мемлекеттік рәміздер алаңы
- Астана қаласы – Жаңа форматтағы «Жайлы мектеп»
Жаңа нысандардың басым бөлігі – "Semey Smart City" атты болашақ зияткерлік ауданға салынады. Бұл – қала шетіндегі қарағайлы орманмен шектесетін, заманауи инфрақұрылымға бағытталған жаңа аумақ.
Маңғыстаудан – Достық үйі
Ұлттық бірлік пен этносаралық татулықты ұлықтайтын Достық үйі – Маңғыстау облысының тартуы. Қазіргі Семейдегі ғимарат бейімделмеген, тар әрі заманауи талапқа сай келмейді. Жаңа орталық этномәдени бірлестіктердің жұмысын жандандыруға, түрлі іс-шаралар өткізуге мүмкіндік береді.
Түркістаннан – Көрме орталығы
Шығармашыл қауымға арналған Көрме орталығы Түркістан облысының бастамасымен бой көтермек. Бұл – қолөнершілер, суретшілер, дизайнерлер үшін жаңа тыныс. Орталықта семинарлар, форумдар және түрлі көрмелер ұйымдастырылмақ.
Ақтөбеден – Жекпе-жек сарайы
Семейліктерге арналған жаңа спорттық кешен – Жекпе-жек сарайын Ақтөбе облысы салуға ниетті. Үш қабатты спорт кешені – республикалық жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін инфрақұрылым. Жобаның орны ретінде бұрынғы "Пищевик" стадионы таңдалған.
ШҚО-дан – Ертіс жағалауы
Ертіс өзенінің сол жағалауы – қаланың ерекше кеңістігі. ШҚО осы аумақты толық абаттандырып, жаяу жүргінші жолдары, веложол, жағажай, демалыс аймақтары мен көгалдандыру жұмыстарын жүргізбек.
Шымкенттен – Өнер мектебі
Шымкенттен тарту – жас таланттарды тәрбиелейтін Өнер мектебі болмақ. Бұл мектеп балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық білім беру ордасына айналады.
СҚО-дан – Мемлекеттік рәміздер алаңы
Мемлекеттік рәміздер алаңы – Мира аралында орнатылатын алып тудың тұғыры. Символдық мәні зор нысан – елдік пен бірліктің белгісі ретінде Семей төрінде көтеріледі.
Астанадан – Жайлы мектеп
Астана қаласы «Жайлы мектеп» жобасын іске асырады. Бұл – соңғы стандарттарға сай, кең әрі қауіпсіз мектеп. Semey Smart City ауданына салынады.
Семей — жаңа тыныс, жаңа қала
Абайдың 180 жылдығы аясында жүзеге асатын бұл жобалар Семейдің тарихи келбетін сақтай отырып, жаңаша серпін береді. Қала заманауи мәдени, спорттық және әлеуметтік орталыққа айналмақ. Бұл тек мерейтойлық тарту емес, ұзақмерзімді әлеуметтік инвестиция.
Айта кетейік, Абайдың 175 жылдығында да осындай идеялар болғанымен, пандемия салдарынан жоспарлар кейінге қалған еді. Енді сол үміт қайта оралды.
Janabastau.kz редакциясы Абай рухын ардақтап, Семейдің дамуына үлес қосып жатқан барлық аймақтарға алғыс білдіреді. Бұл — тек мәдени шара ғана емес, елдік сана мен өңіраралық ықпалдастықты бекемдейтін тарихи бетбұрыс.
Пікірлер (0)