Жастар театрдан алыстап кетті деген пікірмен келіспеймін – актер Ілес Көпбосын
Сурет: Ашық дереккөзден
Қазіргі жастардың театрға қызығушылығы төмендеген деген пікір жиі айтылады. Алайда театр актері Ілес Көпбосын бұл тұжырыммен мүлдем келіспейтінін айтты. Бұл туралы JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, соңғы жылдары театрға ағылып келіп жатқан көрермендердің дені – жастар, деді актер.
– Қазіргі таңда қазақ театрына келушілер арасында жастардың үлесі өте жоғары. Әлеуметтік желі арқылы олар көп нәрсені көріп, біліп, үйреніп келеді. Әсіресе, әр спектакльден кейін залда жастардың лық толып отырғанын көргенде қатты қуанамын, – дейді актер.
Ол бүгінгі көрерменнің ақпаратты қабылдау формасы өзгергенін айтады. Сондықтан да театр тілінің де жаңарып, қойылымдардың құрылымы жастардың сұранысына сай түрленуі маңызды.
– Қазір баяндаудан гөрі әрекет, лекциядан гөрі шынайы оқиға, көп сөзден гөрі жүрекке жететін бір образ маңыздырақ. Жастар жылдам ойлайды, визуалды қабылдайды, эмоцияға тез әсер етеді, – дейді Ілес Көпбосын.
Актер жастармен байланыс тек пікір алмасу емес, кейде ашық әңгіме, жанды диалогқа ұласатынын да атап өтті.
– Бір қойылымнан кейін бір топ студент сахнадағы рөлдің ішкі иірімдерін, кейіпкердің психологиялық сәттерін талдап берді. Біз кейде жастар тек TikTok көреді деп ойлаймыз, ал шын мәнінде олардың талғамы терең болуы мүмкін. Сол үшін біз театрдан күтіп отырмай, өзіміз жастарға баруымыз керек. Университетке, мектепке барып, кездесу өткізу – маңызды. Себебі олар театр мен актердің тірі адам екенін көруі тиіс, – дейді ол.
Жастар мен театр арасындағы байланысты жандандыру – шығармашылық ұжымдардың өз қолында екенін айтқан актер бұл бағытта жүйелі әрекет қажет екенін жеткізді. Оның пікірінше, көрерменмен тікелей байланыс орнату – театр өнерін заманға сай бейімдеудің маңызды тетігі.
Пікірлер (0)