Ақан серінің адалбақаны

Сұхбат
view 1546
news

Көкшетау десе, сал-серілер, сал-серілерді тілге тиек етсең Көкшетау еске түсетіні белгілі. Ал, осы сал-серілер шоғырының ішінде орыны да, өнері де, қадірі мен қайғысы да бөлек біреу болса, ол ­­­– Ақан сері Қорамсаұлы. Ақан серіден қалған ән мұрасынан бөлек, өзі тұтынған, арнайы ұстаға соқтырған адалбақаны әлі күнге дейін Көкшетаудағы Ақмола облыстық «Әдебиет және өнер» музейінде тұр. Ақан серінің адалбақаны туралы музейдің ғылыми қызметкері, ақын Бақытбек Бекмұратұлы былай дейді.

  Адам баласының қолынан шыққан кез келген зат белгілі бір қажеттіліктен туындайтыны анық. Адамзаттың өмір сүру сипатына қарай белгілі бір заттар озады, енді бірі тозады не орнын жаңа бір зат алмастырады. Күнделікті өміріңізде сіз ондаған заттарды тұтынып жатсаңыз да олардың пайда болу тарихына бас қатырып жатпайсыз. Әрі ол заттардың тарихын зерделейтін не уақытыңыз, не мүмкіндігіңіздің бола бермейтінін тағы білеміз.   Бүгін біз адалбақан яғни киім ілгіш турасында сөз қозғамақпыз. Қазақта киім және тағы басқа үй мүліктерін ілуге арналған жабдықты адалбақан деп атаған. Адалбақан көбінесе бұтағы көп балапан қайың мен шыршадан (самырсыннан) жасалады. Ал Ақмола облыстық «Әдебиет және өнер» музейі қорындағы адалбақан темірден соғылған. Бұл адалбақанды өз заманында Арқаны әнімен баураған Ақан сері темір ұстасына арнайы тапсырыспен соқтырған екен. Қалай болғанда да көшпелі өмір салтын ұстанған бабаларымыз адалбақанды баяғының бай заманында ойлап тауып, күні бүгінге дейін қолданып келгені анық. Жазиралы дала төсінен тас көшелі қалаға орныққалы бері қазақтың да көптеген заты келмеске кетіп, орнын басқа заттар алмастырды. Осы орайда заттың өзі қолданыстан шықты екен деп, зат атауларының барлығын тентіретіп жібергеніміз дұрыс болмаса керек-ті. Біздің ойымызша кез келген мекемеге барғанда сырт киіміңізді ілетін «гардеробты» қазақшалап «адалбақан» деп атап кетсек өте орынды болар ма еді?! Қазақтың бір сөзі болсын өлмесе екен деген ғой біздікі.   Сонымен, музейдегі Ақан серінің адалбақаны туралы сөз қозғамас бұрын әңгіме ауанын бүгінгі күнде қолданыста жүрген киім ілгіштің жасалу тарихына бұрсақ. Алғашқы киім ілгіштер XVI ғасырдың орта шенінде Францияда пайда болыпты. Бұл киім ілгіштер шамадан тыс үлкен әрі иықшасы өте иінкі келсе керек.  Шамасы бұл ілгіштер  әскери және шіркеу қызметкерлерінің униформаларына арналып жасалғанға ұқсайды. Еуропаға Модерн дәуірі келуімен қатар өмірлік ұстанымдар мен стилдер өзгеріп, жаппай өндіру мен жаппай тұтыну кезеңі басталады.   Дәл осы кезде адамдардың уақытты сезіну түйсігі өзгеріп, оны өлшейтін, онымен санасатын және оны қадағалай бастайды. Теміржолдар мен заводтарда алғашқы сағаттар пайда болады.  «Ақша ол уақыт» деген түсінік те осы шақта пайда болса керек.   Киім ілгіштің пайда болуы да дәл осы Модерн дәуіріне тұспа-тұс келуінің өзіндік астары да бар. Себебі, ілгектегі киімдер қыртысталмайды да оларды үтіктеуге кететін біршама уақыт үнемделеді.   Заманның жаңа ағымға ауысуымен қатар Франция, Англия және Америкада XIX ғасырдың екінші жартысында  киімге деген жаңа көзқарас қалыптаса бастайды. Сонымен, қарт құрлық Еуропада киім ілгіш тарихы 1869 жылдан бастау алады.  О.А.Нортан өзінің өнертабысына «Киімге арналған ілгек» деген атпен патент алады. 1903 жылы сым (проволка) жасап шығаратын заводтың жұмысшылары  киім ілетін ілгектің жетіспеушілігін айтып, заводтың бастығы Альберт Партхаусқа қайта-қайта шағымдана береді. Содан сым темірден екі иықты, жоғарғы жағында ілгегі бар айырықша құрылымды алғашқы иықты киім ілгіш ойлап табылады. 1932 жылы ауыр салмақтан майыса бермес үшін сымнан жасалған киім ілгішке арнайы картоннан жасалған қосымша бекітіледі. Осыдан соң тіпті су киім ілінсе де «қыңқ» етпей көтеріп тұратын болады. Ал 1935 жылы  бүгінгі күнде өзіңіз қолданып жүрген иықты киім ілгіштің түрі жасалып шығады. Сонымен, арғы бергіні сөз етіп болсақ, Ақан атамыздың адалбақанына оралайық. «Әдебиет және өнер» музейіндегі Ақан серінің темір адалбақаны үш бөлікке бөлініп жасалған. Ұзындығы шамамен 5 метрге жуық. Төменгі бөлігінің ұзындығы 4 метрге жуық болса, үстіңгі бөлігі 1 метр шамасында және ұшар басына шарболат орнатылған. Адалбақанның ұзын тірек бойына геометриялық ирек сызық пен дөңгелек бедер түсірілген. Сол ұзын тірекке ат басты тәріздендіріп киім ілгіш ілгектер шендестіріле бекітілген. Әрі ілгектерге де ат басын айқындап тұратын бедерлер түсірілген. Төменгі жағы жерге қағылып, орнықты тұратындай етіліп үш бұтты қазық сипатында немесе қыран құстың аң бүрер шеңгеліне де ұқсата жасалған.  Жоғарғы бөлігі өсімдік өрнегі сипатында соғылған. Темірдің бетіне күміс жалатылып, өрнекпен сәнделген. Ал ең үстіңгі істік ұшына өз кезінде үлкендігі қос жұдырықтай болатын күміс шарболат бекітілген екен. Қазіргі уақытта шарболаты жоқ. Заманында ұзын істік ұшы мен шарболаты киіз үйдің шаңырағынан шығып, күнге шағылысып алыстан көзге түсетін болған. Темір адалбақанды музей қорына тоқсаныншы жылдардың басында Ақан серінің үрім бұтақтарынан болып табылатын Айыртау ауданы, Қаратал совхозы, Сарыөзек ауылының тұрғыны Нұрғазина Қайша әжемізден музей қызметкерлері жинақтау жұмысы кезінде аттай қалап алған екен.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *