Еңбектің көзін тапқан – бақыттың өзін табады
Сұхбат
1110
«Су – тіршілік көзі» дейміз. Сусыз өмір сүру мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Біздің бүгінгі тілімізге тиек болып, әңгімемізді өрбітуге себеп болып отырған, осы су саласында 30 жылдан астам уақыт қызмет етіп, оның ішінде «Қосшы су» мекемесінде 15 жыл аянбай тер төгіп, еңбек еткен Әзімхан Жорабековпен өрбіген сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. Бұл сұхбатты алудың да өз мәні мен маңызы бар. Бүгінгі қоғамда ең маңызды мәселе су болып отырғаны да жасырын емес. Кешегі Екібастұздағы жағдай да осыны аңғартса керек. Жалпы, Қазақстан бойынша су құбырларының мәселесі өзекті десек, қателесе қоймаспыз.
– Әзімхан Ғаниұлы, әңгімені өмір жолыңыздан бастасақ...
– Мен 1962 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келгенмін. 10 сынып бітірген соң 1979 жылы еңбек жолымды көмекші шопан болып бастадым. Кейін Алматыға ауысып, ветеранарлық колледжді бітірдім. 2004 жылы Астанаға келіп, 2005 жылдан бастап қазандықта жұмыс істедім. 2008 жылдан бастап «Қосшы коммуналдық қызметін» аштым. 2009 жылдан бастап Қосшыда өзгеріс басталды. Содан кейін су құбырын тарту жұмысы басталды. 2013 жылға дейін осы жұмысты атқарып, одан кейін денсаулығыма байланысты әр түрлі жұмыс істедім. Кәсіпкерлікпен айналыстым. Өткен жылы осы салаға қайтадан шақырып, қазір осындамын. Мен 2005 жылы Қосшыға келгенде үш мыңға жетер-жетпес тұрғын бар еді. Қазіргі уақытта 75-80 мыңға жуық адам тұрады. Жұбайым екеуіміз екі қызымызды ұясына қон- дырдық.
– Коммуналды саланы, оның ішінде осы су саласын таңдауыңызға не себеп болды?
– Жергілікті тұрғындардың сенімі себеп болды, басшылар да сенім артқан соң осы жұмысты бастап кеттім. Оның үстіне осы салаға табиғатымнан бейіммін.
– Қызмет барысындағы есте қаларлық бір сәтті атап өтіңіз?
– Өткен жылы желтоқсан кезінде бір құбырдың басында жұмыс істеп жатқанбыз. Жұмысшылар – төменде, шұңқырда болды. Қарап қалсам, өрлеу жерге қойылған қызметтік «ГАЗ 66» көлігі қозғалып кетіп, ылдиға қарай, бізге қарай келе жатыр. Жүгіріп барып, есігін ашып, кабинкасына секіріп міндім де тежегішті басып, тоқтатып үлгердім. Әйтпегенде соңы не болар ойлаудың өзі қорқынышты...
– «Қосшы су» мекемесінің қазіргі жағдайы қалай? Жұмыс заман талабына сай жүріп жатыр ма?
– Қазіргі таңдағы ең бірінші мақсатымыз – ескірген құбырлар мен құрал-жабдықты жаңалау керек. Осы мақсатта әкімдікке хат жаздық. Ол бойынша тиісті жұмыс біртіндеп атқарылуда. Мысалы, келер жылы крандардың бәрін ауыстыру керек. Олар өз қызметін атқарып болды, 10 жылдан астам уақыттан бері тұр. Жақында екі ұңғыма қазылды. Біреуінің тереңдігі – 76 метр, екіншісі – 84 метр. Енді іске қосамыз. Нәтижесінде халықты сумен қамтамасыз етіп, судың сапасы, тазалығы мәселесі шешіледі деп отырмыз. Су неғұрлым тереңнен шықса, оның сапасы да жақсы болады әрі су қоры да мол болады. Алда төтенше жағдай орын алмауы үшін құрылғылардың барлығын ауыстырып, жаңалау керек.
– Бүгінгі жастарға не айтасыз?
– Ешқандай жұмыстан қорықпау керек. Бір өкініштісі, жастарды көбіне тәжірибесі жоқ деп, жұмысқа тұруы қиын. Сондықтан, алдымен практикалық тұрғыда үйрету керек. Қазір біздің мкемеде 8 слесарь бар ауысыммен жұмыс істейді. Жаңадан келген мамандарғы көбірек үйретеміз. Көбіне айтқаннан гөрі нақты көрсетіп үйреткен дұрыс болады. Жалпы, қазіргі жастар техника тілін біледі. Мен өзім осындай көмекші болып бастағанмын. Ал келе сала кеңседе жұмыс істегісі келетіндер алдымен осындай «қара» жұмысты көргені жақсы деп ойлаймын. Болашақта қызметте жоғарылап, бір мекемеге басшы болғанда жаңдайдың барлығын біліп отыру керек. Міне, жастарға айтарым – осы.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Нарқұлан Райхан
Пікірлер (0)