Алматы облысындағы балмұздақ шығаратын өндіріс орны өнімдерін шетелге экспорттауда
Фото: Ашық дереккөз
Алматы облысында орналасқан компания өнімі осыған дейін Орталық Азия, Грузия, Монғолия, Қытай мен Ресейге экспорттап келген.
Биыл оған тағы екі мемлекет қосылды. Енді Қазақстанда шығарылған балмұздақты Армения мен Сауд Арабиясынан да кездестіруге болады, деп хабарлайды janabastau.kz.
Алдағы онжылдықта кәсіпорын өнім көлемін үш есе арттыруды көздеп отыр. Бұл – Алматы облысындағы жалғыз балмұздақ шығаратын кәсіпорын. Алғашында отбасылық цех қана болған. Қазір елімізде шығарылатын балмұздақтың тең жатрысы осы кәсіпорынның еншісінде. Жыл санап экспорттаушы елдер қатарын да арттырып келеді. Ол үшін, әрине, бірінші кезекте өнім көлемін арттырды. Биыл компания ауқымын кеңейтіп, жаңа желілерді іске қосу үшін 35 млрд теңге инвестиция құйды. Оның құрылысы аяқталғанда фабрика күніне 350 тонна балмұздақ шығарады. Қазіргі қуаттылығы – тәулігіне 150 тонна.
Дмитрий Докин, кәсіпорынның директорлар кеңесінің төрағасы:
Біз барынша сапалы өнім өндіруге күш салып жатырмыз. Қазір бізбен әлемнің ең мықты деген балмұздақ фабрикалары санасады. Мен өзім 30 жылдан астам балмұздақ өндірісінде жұмыс істеп келе жатырмын. Саланы жетік білем. Ең мықты кәсіби мамандарды тарттық. Мұндағыдай технололгия көп жерде кездесе бермейді. Біздің балмұздақтар балалардың ғана емес, үлкендердің де сүйікті тәттісі.
Қазір компания балмұздақтың 160 түрін шығарады. Оған қоса, жартылай дайын фабрикаттар мен сүт өнімдерін де ұсынады. Бүгінде 3,5 мың адам жұмыс істейді. Жаңа желілер іске қосылғанда олардың саны 5 мыңға көбейеді. Жұмысшылардың ас-суы, тасымалы түгел қарастырлған.
Ұлан Боранбайұлы, компания қызметкері:
Әлем бойынша 36 ал, Еуропа, Азия-Тынық мұхиты ынтымақтастық ұйымдары мемлекеттерінің ішінде 6-орынға көтерілді. Бұл дегеніміз, 2022 жылға қарағанда 2023 қорытындысы бойынша көтерілдік. Енді біздің жоспарымыз одан да үлкен ауқымды. Жылына 23 мың тоннадан астам балмұздақ өндіріп 10-нан аса мемлекетке экспорттап жатырмыз.
Тұрақты өсу мен инновация компанияға өз саласында көшбасшы болып қалуға жол ашты. Мұндай кәсіпорынға мемлекет барынша қолдау білдіріп отыр. Өндірісті жаңғырту, сапаны қадағалау, логистиканы жетілдіру жұмыстары жалғаса береді.
Балмұздақтың пайдасы
Балмұздақ - балалар ғана емес, үлкендер де сүйіп жейтін тәттінің түрі. Жаздың аптап ыстығында шөліңізді басатын балмұздақтың ағзаңызға да пайдасы бар екенін естіп пе едіңіз?
Дәмі бал татитын балмұздақтың шығу тарихы біздің заманымызға дейінгі 3000 жыл бұрын Қытайда басталған екен. Ертеде бай қытайлықтар тамақтан соң, міндетті түрде мұздатылған жеміс шырындарын жейтін болған.
Балмұздақ қытайлықтардың мерекелік дастарханында қонаққа ұсынылатын ас ретінде де танылған. Нью-Йоркта балмұздақ 1976 жылы 10 маусым күні тұңғыш рет сатылымға шыққан. Осыған байланысты 10 маусым балмұздақ күні ретінде белгіленген.
Сүт балмұздақтарында майлар мен көмірсулар көп кездескенімен кальцийге бай. Өз кезегінде кальций шаш пен тырнақ өсіміне, сүйектердің мықты болуына ықпал етеді.
Егерде калориясы аз балмұздақты іздесеңіз - өсімдік майлары қосылған балмұздақты таңдаңыз. Сонымен қатар, құрамы лактоза, кальций, магний секілді түрлі дәрумендермен бірге ацидофильді қоспалармен байытылған балмұздақтың пайдасы асқазан, ішек жолдарының жұмыс істеу қабілетін жақсартады. Зерттеушілер балмұздақтың жүрек-қан тамырлары жұмысына және көз-тері қабілеттеріне де пайдасы бар екенін алға тартады.
Пікірлер (0)