Ақ үй мен Ақорда арасындағы астарлы келіссөз: 25 пайыздың тағдыры шешілді ме
Фотосурет: дереккөз
АҚШ президенті Дональд Трамп әзірде ғана Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен сауда мәселесіне қатысты жемісті әңгіме өрбіткенін мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Ertenmedia Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Ақ үйден шығып бара жатқан сәтте журналистерге қысқаша жауап берген Трамп әңгіменің жай-жапсарын толық ашпағанымен, пікір алмасудың «өте жақсы өткенін» жеткізді.
Екі ел арасындағы бүгінгі диалогтың маңызы зор. Себебі өткен айдан бастап АҚШ Қазақстаннан импортталатын тауарларға қосымша 25 пайыздық баж салығын енгізген болатын.
Осыған орай, президент Тоқаев бұған дейін Трампқа жолдаған хатында екі тарап арасындағы сауда мәселелерін талқылауға дайын екенін айтқан еді.
Жалпы, АҚШ пен Қазақстанның өзара тауар айналымы 2024 жылы 4,2 млрд долларға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда аздап өскен. Қазақстан экспортының басым бөлігін мұнай шикізаты қамтиды (56,2%).
Бұдан бөлек, Америка нарығына уран, ферроқорытпа және бағалы металдар жөнелтіледі.
Айта кетерлігі, Қазақстан мен АҚШ арасында кеңейтілген стратегиялық әріптестік 2017 жылдан бері жалғасып келеді. Қос мемлекет арасындағы негізгі басымдық – сауда-экономикалық байланыстар мен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық.
Пікірлер (0)