Футбол: Қазақстан құрамасы ойсырай ұтылды
Фотосурет: vrt.be
Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі кезекті ойынын Бельгияға қарсы сырт алаңда өткізіп, ірі есеппен жеңіліп қалды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Кездесу Брюссельдегі «Констант Ванденсток» стадионында өтіп, оны румындық төреші Раду Петреску басқарды. Ойынның алғашқы минуттарында Әлібек Қасым алыстан соққы жасап, қақпашы Тибо Куртуаға қауіпті сәт тудырды. Дегенмен бұдан кейін алаң иелері басымдықты өз қолына алды. 42-минутта Кевин Де Брюйне тамаша соққымен есеп ашса, 2 минуттан соң Жереми Доку нәтижені еселеді. Осылайша, алғашқы кезеңде таблода 2:0 есебі тіркелді.
Екінші тайм басталғаннан кейін де бельгиялықтардың қарқыны бәсеңдеген жоқ. 52-минутта Николас Раскин үшінші голды соқты. Одан кейін Доку дубль жасап, Де Брюйне тағы бір мәрте көзге түсті. 87-минутта Тома Менье соңғы голдың авторы атанды.
Қорытынды есеп – 6:0, Бельгия айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Голдар: Де Брюйне, 42 (1:0). Доку, 44 (2:0). Раскин, 52 (3:0). Доку, 60 (4:0). Де Брюйне, 84 (5:0). Менье, 87 (6:0).
Еске сала кетсек, Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 10 қазанда Астанада Лихтенштейнге қарсы өткізеді.
Пікірлер (0)