Ақмола облысында су тасқыны мәселесі жаңа деңгейде шешіліп жатыр

Жаңалықтар
view 167
news

Фото: Ақорда

Көп жылдар бойы облыстың бірқатар ауданының тұрғындарына қиындық туғызған су тасқыны мәселесі бүгінде жаңа деңгейде шешілуде. Егер бұрын аймақ көбіне төтенше жағдайларға әрекет етуге мәжбүр болса, қазір басты назар жүйелі және ұзақ мерзімді алдын алу шараларына аударылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Әкімнің айтуынша, биыл өңірде халықты және маңызды инфрақұрылым нысандарын табиғи апаттардан қорғауға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылды. Әсіресе қауіп төндіретін өзендерге ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта Қалқұтан, Нұра, Шағалалы және Жабай өзендерінің арналары тазартылып, тереңдетілді. Атбасар қаласында Жабай өзенін тазарту жұмыстары жалғасуда, оның едәуір бөлігі аяқталған. Алдағы уақытта өзен арнасын түзеу және Нұра өзенінің ағысын тереңдету жобалары іске асырылмақ. Жалпы, облыс бойынша өзен арналарының түбін тереңдету және түзеу жұмыстары 44 шақырым аумақта жүргізілді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Марат Ахметжанов: Ақмола облысы – туризм саласында көшбасшылардың бірі

2500-ден астам тұрғын оқытылды: Ақмола облысы ЖИ-ді дамытып жатыр

Біз шұғыл шаралардан жүйелі және ұзақ мерзімді жұмыс форматына көштік. Бұл тәсіл бізге апаттың салдарымен емес, себептерімен күресуге, тұрғындар үшін сенімді қорғаныс жүйесін құруға мүмкіндік береді, - деді Марат Ахметжанов.

Аймақта гидротехникалық нысандарды нығайту мен қалпына келтіру жұмыстарына да айрықша назар аударылуда. Бұл шаралар су шаруашылығы инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, су тасқыны қаупін азайтуға және ауыл шаруашылығы жерлерін қорғауға бағытталған. Қолданыстағы нысандар жаңғыртылып, қорғаныс бөгеттері күшейтілді, су бұру жүйелері қайта жөнделді. Әр аудан бойынша жеті стратегиялық маңызы бар бөгет пен тоған қалпына келтірілді.

Оларды әрі қарай күтіп-ұстау және техникалық қызмет көрсету мақсатында арнайы кәсіпорын құрылды. Оның балансына 17 бөгет пен тоған берілді. Кәсіпорын заманауи техникамен қамтамасыз етілген, бұл мақсатқа 600 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, бірнеше ірі нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жалғасуда, соның ішінде Прохоров-Колоков бөгетіне күрделі жөндеу жүргізілуде.

Жалпы, 18 гидротехникалық нысанды салу және жаңғырту жобалары жүзеге асырылған соң, көктемгі тасқын кезінде шамамен 80 миллион текше метр еріген суды қауіпсіз бағытта реттеуге мүмкіндік туады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақмола облысында жыл соңына дейін 7 мыңнан астам отбасы баспаналы болады

Ақмола облысында үш жылда 2,5 мың шақырымнан астам жол жаңартылды

Біздің басты міндетіміз - адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан біз өзен арналарын тазартудан бастап бөгеттерді нығайтуға дейінгі барлық бағыттарға ерекше мән береміз, – деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар жыл сайын су басу қаупі жоғары болатын Жақсы ауданында жаңа автокөпірдің құрылысы аяқталды. Каналдар мен арықтар кеңейтіліп, қорғаныс бөгеттері нығайтылды. Бұл шаралар көктемде еріген сулардың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеді.

Инженерлік құрылыстардың өзі толық қауіпсіздікке кепіл бола алмайтынын ескере отырып, облыс билігі қауіпті аймақтарда тұратын тұрғындарды көшіру жұмыстарын да қолға алды. Қазірдің өзінде Астрахан, Сандықтау және Зеренді аудандарынан 37 отбасы қауіпсіз аймақтарға қоныстандырылды. Алдағы уақытта Бұланды және Зеренді аудандарындағы қауіпті аймақтардан тағы 53 отбасы жаңа үйлерге көшіріледі.

Су тасқынынан қорғау - біздің абсолютті басымдығымыз. Біз тәуекелдерді азайтып, тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ететін кешенді қауіпсіздік жүйесін қалыптастырып жатырмыз, – деді Марат Ахметжанов.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *