2500-ден астам тұрғын оқытылды: Ақмола облысы ЖИ-ді дамытып жатыр
Фото: ЖИ
Ақмола облысында бірыңғай цифрлық архитектураны құруға және деректерге негізделген басқаруға көшуге бағытталған Цифрландыру стратегиясы бекітілді. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Тың өзгерістердің орталық элементі ретінде барлық салалардың деректерін біріктіретін және жедел шешім қабылдауды қамтамасыз ететін «ДиДжитал Ақмола» жобасы атанды. Платформа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірыңғай көрінісін қалыптастыра отырып, әртүрлі дереккөздерден ақпаратты нақты уақыт режимінде жинақтайды, өңдейді және талдайды. Бұл мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыру және басқарудың ашықтығын арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Облыс әкімінің айтуынша, қауіпсіздік пен жедел әрекет етуді арттыруға арналған цифрлық шешімдерге ерекше назар аударылады. Барлық шұғыл және сервистік қызметтерді біріктіру үшін өңірде «ЭйAй Көмек» бірыңғай интеллектуалды платформасы құрылды. Жобаның пилоттық іске қосылуы «АйКөмек-109» және «112» қызметтерінің қосылуымен жүзеге асты, жыл соңына дейін «103» қызметін интеграциялау жоспарлануда. Сондай-ақ, «102» қызметін интеграциялау мәселесі қарастырылуда, бұл әкімдік, коммуналдық кәсіпорындар және халық арасындағы өзара іс-қимылды жақсартып, әрекет етуді айтарлықтай жеделдетеді.
Басым бағыттардың қатарында – жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын дамыту. Жыл басынан бері 2500-ден астам тұрғын, соның ішінде мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер және жастар цифрлық құзыреттіліктер бойынша оқытылды, - деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Денсаулық сақтау саласында дәрігердің ЖИ-ассистенті Ascle AI жобасы іске асырылды. Ол науқас қабылдауды тіркеп, негізгі ақпаратты автоматты түрде алады, қажетті құжаттаманы толтырады және 80% дейін дәлдікпен алдын ала диагноз қояды. Көкшетау, Степногорск, Қосшы және Ақкөл қалаларын қамтыған жоба, көмек көрсетуді жеделдетуде және медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік беруде.
Осылайша, Ақмола облысы деректер мен технологиялар азаматтардың, бизнестің және мемлекеттің игілігі үшін жұмыс істейтін заманауи цифрлық экожүйені қалыптастыруда, ал жасанды интеллект мемлекеттік басқарудың тиімділігін және халықтың өмір сүру сапасын арттыру құралына айналуда.
Еске салсақ, бұған дейін Ақмола облысында жыл соңына дейін 7 мыңнан астам отбасы баспаналы болатынын жазған едік. Сондай-ақ Ақмола облысында үш жылда 2,5 мың шақырымнан астам жол жаңартылғанын хабарладық.
Пікірлер (0)