Бас прокурор ұлдары әскерде қаза тапқан аналарға қатысты мәлімдеме жасады
Фото: gov.kz
Бас прокурор Берік Асылов Президент тапсырмасынан кейін ұлдары әскерде қаза тапқан аналарды қабылдайтынын айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Тоқаевтың тапсырмасы
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурорға әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды 12 күн ішінде қарастырып, істі тергеу барысында заңның сақталуына баға беруді тапсырған болатын.
Берік Асыловтың сөзінше, әрбір ананың уәжі назардан тыс қалмайды.
Бас прокурор мәлімдемесі
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Бас прокуратура мен Бас әскери прокуратура басшылығы қаза тапқан және жарақат алған әскери қызметшілердің аналарын қабылдайды. Олардың әрбір уәжі назардан тыс қалмайды, - деп жазды Асылов.
Бас прокурор бұдан басқа әскери қызметшілердің қаза табуы мен жарақат алуын болдырмау жөніндегі жұмыстарға, әскери қызметке шақырудың заңдылығына және медициналық қызметтің қорытындылары қаншалықты негізді болды деген дүниелерге баға берілетінін айтты.
Осы жұмысқа Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның орталық аппараттарының өкілдері тартылды, - деп мәлім етті ол.
Аналар митингі
Айта кетейік, кеше елорда төріндегі Министрліктер үйінің алдында баласы әскерде қаза болған бір топ ана митинг өткізгенін жазған едік. Кейін әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарымен Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары, генерал Қайрат Үмбетов сөйлесті.
Пікірлер (0)