Биіктен көріне бер, Бибісара!

Спорт
view 372
news

Кейінгі жылдары еліміздің шахматшы қыздары халықаралық турнирлерде жүлделі орындардан жиі көрініп, еліміздің жанкүйерлерін жарқын жеңістерімен қуантып жүр. Соның бір айғағы – блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Бибісара Асаубаева күні кеше Үндістанның бас шаһары – Нью-Делиде ұйымдастырылған шахматтан әйелдер арасындағы Гран-при жарысында екінші орынға ие болды. Соңғы шешуші кезеңнің бәсекелеріне дейін турнир кес­тесінде көш бастап келген отандасымыз 11-турда ресейлік шахматшы Катерина Лагномен шеберлік байқасып, аса тартыс­ты өткен кездесу тең аяқталды. Сонымен қатар турнир бойы отандасымызды өкшелеп келген қытайлық Чжу Цзинер мен ресейлік Александра Горячкина соңғы турда бір-бірімен ойнап, бұл бәсекелерде де жеңімпаз анықталмады. Сөйтіп, жарыс қорытындысы бойынша үш шахматшы да бірдей 6 ұпай жинады. Бірақ жеке көрсеткіштері бойынша ресейлік Александра Горячкинаның бағы жанып, әйелдер арасындағы Гран-при жарысының жеңімпазы атанды. Ал Бибісара Асаубаева – күміс, Чжу Цзинер қола жүлдеге ие болды. Дегенмен Халықаралық шахмат федерациясы турнир кестесінде бірдей ұпай жинаған 3 шахматшыға да 12 333 еуро көле­міндегі сыйақы мен 133 рей­тингтік ұпай берді. Енді әйелдер арасындағы ФИДЕ Гран-приінің шешуші, төр­тінші кезеңі Кипрдің Нико­сия қаласында 15-28 мамыр аралығында өтеді. Шешуші ке­зеңге небәрі 12 шахматшы ша­қырту алды. Олар: Бибісара Асаубаева (Қазақстан), Алина Кашлинская, Полина Шувалова, Алек­сандра Костенюк, Алек­сандра Горячкина, Динара Ваг­нер, Катерина Лагно (барлығы – Ресей), Анна Музычук, Мария Музычук (екеуі де – Украина), Харика Дронавалли (Үндістан), Нана Дзагнидзе (Грузия) және Тан Чжунги (Қытай).

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *