Біртұтас тәрбие: сапалы білім берудегі маңызды қадам

Жаңалықтар
view 1190
news

«Баршаға қолжетімді сапалы білім мен тәрбие» тақырыбында білім беру бағытында таудай еңбек етіп жүрген, республикаға белгілі мамандар Қосшы қаласында оқыту семинарына жиналды. Мұндағы мақсат – заман талабына сай тәрбие мен білім берудың жаңа жүйесін талдау.

«Құрметті қонақтар мен білім саласында талай жылдан бері еңбек етіп, бала білімі мен қабілетінің шамшырағы болған ұстаздар қауымы бүгінгі басқосуға қош келдіңіздер! Ұлттық білім беру академиясына айтқан өтінішіміз жерде қалмай, осындай семинар өткізсек деген ұсынысымызды орындауға атсалысқандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді», деп сөз бастаған Қосшы қаласы мектеп-гимназиясының директоры Дидар Асқарқызы жиынға келген көпшілікке сәттілік тіледі. Мұнан кейін мінберде сөз сөйлеген Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Ағланқызы «Сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Менімен бірге бүгін білікті мамандар қазіргі білім мен тәрбиенің жаңа жүйесі туралы толығырақ, кеңірек мәлімет беретін болады. Бала тәрбиесі бағытында қандай да бір көкейде жүрген мәселе, сұрақтарыңыз болса бүгін толыққанды жауап алуларыңызға үлкен мүмкіндік бар. Менің өзім алты жыл осы Қосшы қаласында тұрғанмын. Сондықтан білім саласында қандай мәселелердің болғандығын жақсы білемін. Бүгінгі күні қала қарқынды дамып келе жатқан өңір деп ауыз толтырып айтуға толық негіз бар» деп семинар мақсатын айқындап, түсіндіру үшін аталған бағдарламаның авторларына сөз тізгінін берді. «Біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру» бағытын айқындаған психология, тәрбие және тұлғаны дамыту орталығының директоры Анар Шынболатқызы «Біртұтас тәрбие бағдарламасы басталған кезде арнайы хештегіміз арқылы қай мектеп, қандай жұмыстар атқарып, бағдарламаның дамуына қаншалықты үлес қосып жатқандығын аңғарып отырмыз. Ақмола облысының ішінде Қосшы қаласының білім саласының мамандары әрдайым алдыңғы қатардан көрініп, белсенділік танытып келеді. Өздеріңізге белгілі мемлекет басшысы ұрпақ тәрбиесі мәселесіне баса назар аудару керектігін айқын жеткізген болатын. Мектеп ұйымы – адал, қамқор, білімді азаматты қалыптастыру міндеттіміз. Бұл бағдарлама – толыққанды, адал, еңбекқор адам идеологиясын қамтитын бағдарлама болып табылады. Білім министрінің өзі бұл бағдарламаға үлкен қолдау танытқан еді. Балаларымыз ұлттық құндылықтарды бойына сіңіргенде ғана ұлтқа жаны ашып, қызмет ететін болады. Осы идеяны қамтыған бағдарлама деп сеніммен айтуға болады. Қазіргі күні балаларымыздың уақытының басым бөлігі өтіп жатқандығы алаңдайтын жайт. Ұрпағымыздың қырық пайызы кітап оқымайтындардың қатарында екен. Синтетикалық зат пен ішімдік тұтынатын жеткіншектер де бар. Бір қуанатын жайт – құқық бұзушылық 2010 жылғы статистикамен салыстырғанда әлдеқайда азайған. Бірақ ұрлық пен зорлық қылмысын азайта алмай отырмыз. Бала нашар қылық танытса, бұған бала емес, алдымен ересектер қауымы кінәлі екендігін мойындауымыз керек», деп соңғы жылдардағы статистикалық мәліметтерді сөйлетті. Оның сөзінше, қазіргі күні ата-аналар бала алдындағы міндет пен жұмыс арасындағы тепе-теңдікті сақтай алмағандығынан бала тәрбиесінде ағаттық жіберіп жатыр. Сондай-ақ баланың болашағына, тәрбиесіне бейжай қарайтындар қатары көбейіп кеткендігі алаңдататындығын алға тартты. Балалар үшін шынайы өмірден көрі, виртуалды ғаламтордағы өмір қызық көрінетіндігінің нәтижесі де балаға оң тәрбие беруге кедергі екендігін айтты. Тәрбие бағытында бұған дейін бірізділіктің болмауы да нақты нәтиже бере алмағандығын сөзге тиек етті Анар Тәңіргенова. Осылайша, ол аталған кедергілерге қарамастан саналы, сапалы білімі бар ұрпақ қалыптастыру жолында атқарылар жұмыс бағытын түсіндіріп берді. Мінберде келесі сөз кезегін алған Әдістемелік қызметті үйлестіру және педагогтерді кәсіби дамыту орталығының директоры Еркебұлан Әлімханұлы «Мектепішілік бақылау» тақырыбын тарқатып, кең мәлімет берді. Оның сөзінше, бақылаудың бұл түрі мектеп басшылығы мен ұстаздардың, мамандардың қорқатын мәселесі болмауы керек. Өйткені мұндағы мақсат – білім беру бағытындағы жұмыс сапасын жақсарту. Ол дұрыс, сындарлы басшысы болмаған мектептерде қандай жақсы жағдай жасалса да, ол мектепте оң өзгеріс орын алмайтындығы әлемдік мысалдар дәлелдеп отырғандығын сөзге тиек етті. «Мектепішілік бақылау педагогтердің өз жұмысын, жұмыс бағытын сапалы атқарып отырғандығын бақылау болып табылады. Кері байланыс жасап, талдап, шешім шығаруды көздейміз. Бақылудың бұл түрі кешенді жүргізіліп отырғанда ғана нәтиже көрсетеді. Бақылау қарапайым, түсінікті болуы маңызды. Біздің жұмыс жазалау құралы емес, біз ұстаздар қауымының жұмысын жақсартуды көздейміз. Сабаққа қатысты сын жеке айтылуы керек. Оқушының көзінше тергеп, кемшілікті көптің көзінше айтуға болмайды», деп Еркебұлан Жұмашев бақылаудың негізгі мақсаттарына тоқталып өтті. Ұлттық құндылықты негізге ала отырып, сапалы білім беруді көздейтін бағдарлама білім жүйесіне енді енгізіліп жатқандықтан, оның нәтижесін көрер күн де алыс емес деген көзқарас басым. Өйткені бұл бағдарлама жалпыадамзаттық, ұлттық құндылықтар негізінде саналы азамат қалыптастыруды өзіне негіз еткен. Ұлттық мүдде, ар-ождан, ризашылық, ынта-жігер, қайырымдылық сынды адамзаттың асыл қасиетін бала бойына сіңіруді көздеген бағдарлама білім берудің барлық саласын қамтиды. Бұл бағдарлама тәрбие сағаттары, үйірме жұмыстары, сынып сағаттарында да орын алып, баланың жүйелі білім алуына септігін тигізбек.   Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *