Ерлі-зайыпты блогерлер заңсыз лотереяны жүйелі түрде өткізіп келген
Фотосурет: видеодан скриншот
Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты тергеу аясында қосымша, аса ауыр қылмыстық баптар тіркелді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Alash.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл ақпаратты блогерлер отбасының адвокаты Жасұлан Рахымғалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, ерлі-зайыптылардың әрекеті ҚР Қылмыстық кодексі 214-бабының 2-бөлігі және 218-бабының 2-бөлігі бойынша сараланып отыр. Әсіресе 218-бап қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру дерегі аса ауыр қылмыс санатына жатады және бұл бап бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Рахымғалиевтің мәліметінше, тергеу органдары әлеуметтік желілер арқылы жиналған қаражатты заңсыз кәсіпкерлік қызмет нәтижесінде алынған табыс деп бағалап, оны заңдастыру белгілерін анықтаған. Сонымен қатар іс материалдарында прокурор тарапынан мемлекет мүддесіне қатысты талап-арыз тіркелген. Аталған талап-арызда азаматтардан жиналған қаражатты мемлекет кірісіне өндіріп алу мәселесі көтерілген.
Қазір блогерлерге қатысты бұлтартпау шарасы қаралып жатыр. Адвокаттың айтуынша, әзірге нақты қандай бұлтартпау шарасы қолданылатыны белгісіз.
Еске сала кетсек, бұған дейін, 15 қыркүйекте Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованы лицензиясыз лотерея ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан болатын. Тергеу деректеріне сәйкес, олар әлеуметтік желілерде ақша, автокөлік және өзге де бағалы сыйлықтар тігілген ұтыс ойындарын жүйелі түрде өткізіп келген.
Сот шешімінен кейін іс материалдары Қаржылық мониторинг агенттігіне жолданып, қаржы операцияларына қатысты қосымша тексеру жұмыстары басталған.
Пікірлер (0)