Қала әкімінің тұрғындармен кездесуі өтті

Редакция таңдауы
view 134
news

Қала әкімінің тұрғындармен кездесуі өтті

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген бар. Қосшы қаласының әкімі Қасенов Гайдар Қабдоллаұлы науырыздың 9-шы жұлдызында тұрғындармен кездесу өткізді. Бұл – соңғы жылдары дәстүрге айналған үрдіс. Әкімдердің ел алдында атқарылған жұмыстары тиісті деңгейде бағаланып, кейбір мәселелерді жедел түрде шешу үшін күш жұмылдыруға және де алдағы міндеттерді айқындап, нақтылауға мүмкіндік туғызбақ. Сондай-ақ, бұл әкімдердің іскерлігі сыналатын кезең екені айқын. Жоспарланған жұмыстардың орындалуы қаланың болашағын айқындап, алға қарай жылжуға мүмкіндік бермек. Осы ретте қала әкімі атқарылған істердің біразына тоқталды.

«Жыл қорытындысы бойынша жобаларды іске асырудың нәтижесінде әлеуметтік - экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері (өнеркәсіптік өндіріс көрсеткішін қоспағанда) 100 пайыздан асты. Былтыр өнеркәсіптік өнімдер 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 122 пайызға өскен. Негізгі капиталдағы инвестиция өсімі 162 пайызды көрсетті. Көппәтерлі тұрғын үйлерді пайдалануға беру есебінің өсімі 142 пайызды құраса, құрылыс монтаж жұмыстарының көлем көрсеткіші – 129 пайызға өсті. Бөлшек сауда көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104 пайызға артты. 627 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 469 тұрақты жұмыс орны, 158 уақытша жұмыс орны. Жеке инвестициялардың арқасында «Феникс» спорт клубы, «Tau Park» демалыс орындары ашылды, биыл «Inju Market» сауда үйі және «Ақ аңыз» кондитерлік цехының ашылуы жоспарлануда. Тұрғындардың ең өзекті мәселелерінің бірі – жол саласы. Өткен жылы ұзындығы 16 шақырым қалаішілік жолдарға күрделі жөндеу жүргізілді. Абылай хан, Жангелдин, Зайсан көшесі бойымен 2,7 шақырым көше-жол желісі салынды. Ұзындығы 4,6 шақырым Республика көшесіне орташа жөндеу жүргізілді. Ұзындығы 10 шақырым қаланың 8 көшесіне төгу және грейдерлеу жұмыстары жүргізілді. «Лесная Поляна» тұрғын үй алабы аумағында 10 мың шаршы метр көлемінде кварталішілік жолдарға шұңқырды жөндеу жұмысы жүргізілді және 1000 метр суағар науалары орнатылды. Жылда осы суағардың жоқтығынан көшелерді су алып, қоғамдық көліктердің қозғалысына қиындық тудыратын. Биыл күз мезгіліндегі жауын-шашын кезінде көшелерді су алған жоқ. Қалада барлығы 42 автобус аялдамасы бар. Былтыр 13 аялдама павильоны орнатылды. 1 жылы аялдама жеке кәсіпкердің есебінен жабдықталды. 2023 жылы жалпы ұзындығы 16 шақырым жол салынады. Грейдерлеу жұмысы 20 шақырым жолды қамтиды. 24 аялдама павильоны орнатылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында біршама жұмыстар атқарылды. Орталық қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Даймонд парк» тұрғын кешені бойынша қазандықты күтіп ұстау және қызмет көрсету жөнінде жеке компаниямен меморандум жасалды. «Табыс құрылтай», «Сиреневый сад» тұрғын үйлеріне қазандықтар орнатылды. Сонымен қатар, «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенін абаттандыру жұмыстары жүргізілді. «Шоколад», «Табыс құрылтай» тұрғын үй кешендерінің тұрғындары электр жарығы өтемі бойынша заңды тұлғадан жеке тұлғаға ауыстырылды (33 теңгеден 22 теңгеге дейін). Барлық әлеуметтік нысандар орталық жылытуға қосылған, жаңа мектепте автономды жылыту жүйесі іске қосылды. Көмір қоры бар, жылыту маусымы күнделікті бақылауда. «Лесная Поляна» тұрғын алабы кешенінде сыртқы электрмен жабдықтау желілерінің ақаулықтарын жою бойынша жұмыстар жүргізілді. Кварталішілік электрмен жабдықтау желілері мен толық трансформаторлық қосалқы станцияларда (КТП) ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды . 18 көшеде көше жарығы қайта орнатылды және қосылды, 1000-нан астам жарық шамдары орнатылды. 24 көшеде 500 жарық нүктесі ауыстырылса, осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Бүгінгі таңда «Лесная Поляна» тұрғын алабындағы кей көппәтерлі үйлердің жоғарғы қабаттарында су тарату желілерінен судың ағып кетуін жою, сонымен бірге жалпы үй желілеріндегі сүзгілерді тазарту арқылы сумен жабдықтау мәселесі шешілді. Жүргізілген жұмыс су тұтынуды тәулігіне 2 мың текше метрге азайтуға мүмкіндік берді. Ауыз сумен қамтылмаған учаскелерде сумен жабдықтау желісін салу бойынша жобаның 4-кезегін іске асыру басталды, өткен жылы 29 шақырым сумен жабдықтау желілері салынды, екі көше орталық сумен жабдықтау жүйесіне қосылды (Ақмола, Көкшетау). Биыл жұмысты жалғастырамыз. Кәріз желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізілуде, істен шыққан сорғыларды жылдам ауыстыру үшін 60 қосалқы сорғылар орнатылды. Балалардың ойын алаңдарына да мән берілуде. 7 балалар алаңы орнатылды, 5 балалар алаңы бойынша орнату жұмыстары көктемде аяқталады. Р. Қошқарбаев мектеп ауданындағы алғашқы саябақ абаттандырылды. Қосшының күрделі мәселесінің бірі болған қоқыс шығару жұмысы оң шешімін тапты. Мәслихат шешіміне сәйкес тарифтер бекітіліп, мердігер анықталып, барлық қоқыс мамандандырылған полигондарға орталықтандырылып шығарылуда. Мердігер мекеме тарапынан 200 контейнер сатып алынды, ескі контейнерлермен ауыстырылды және бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Қалада 140 контейнері бар 70 контейнерлік алаң орнатылды. Биыл тағы да 30-дан аса жабық контейнерлік алаң орнатылады. Үш ауысымдық оқытуды азайту мақсатында Желтоқсан көшесінде өткен жылы 1 қыркүйекте 1200 орындық жаңа мектеп ашылды. Биыл тағы екі бірдей мектептің құрылысын аяқтап, іске қосу жоспарлануда (2700 орын). Бір мектеп жеке инвестициялық қаржыландырумен салынуда. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 4 мектептің құрылысы басталады. Соның ішінде 1 мектеп Тайтөбе ауылында салынады. Күнделікті 100 адамды қабылдауға арналған емхананың құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта лицензиялау жұмыстары аяқталғаннан кейін халықты қабылдау басталады. Сонымен қатар, жеке қаржыландыру есебінен қоғамдық мәдени-спорттық орталық салу жоспарлануда және бюджет есебінен спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Сондай-ақ, биыл өрт сөндіру қызметі ғимаратының құрылысы аяқталады. Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылдан бастап Қосшы қаласына Тайтөбе ауылы қосылды. Қазіргі кезде барлық жоба қабылданды. Тайтөбе ауылының ішкі жол ұзындығы 40 шақырымға созылған 51 көше бар. 2021 жылы Тайтөбеде 4,8 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізілді. 2022 жылы ешқандай жол жөндеу жұмыстары жасалған жоқ. Биыл осы мақсатқа 1 млрд теңге бөлінді. Электр жарығымен қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталсақ. 2022 жылы 250 көше шамдары орнатылды және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, өткен жылы 3-ші шағын аудан мен 3а кварталында 70 үйге электр жарығы қосылды. Көше жарықтарын қосу бойынша АРЭК-пен келісімшарт жүргізілуде. Биыл екінші кезеңдегі жұмыс жоспары бойынша 1-ші, 2-ші және 4-ші шағын аудандардағы кейбір көшелерді электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстары сәуір айына жоспарлануда. Қоқыс мәселесіне тоқталсам. Жергілікті қоғамдастық мүшелерімен бірлесе ауылда контейнерлік алаңдарға арналған орындар бекітіліп, мамыр-маусым айында 30-ға жуық қоқыс жәшігі орнатылады. Сол уақытта қоқыс шығаратын мердігер анықталып, қоқыс ресми полигонға шығарылатын болады. Ал қазіргі полигон бойынша қоқысты толықтай жою үшін, рекультивация (қалпына келтіру) арқылы жүзеге асыру керек – бұл жалғыз заңды жол. Ағымдағы жылы Тайтөбе ауылындағы қоқысты жою үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу басталды. Жобалау - іздестіру жұмыстары жылдың соңына дейін қаралады. Қаржыландыруды 2024 жылға бөлу жоспарлануда. Сонымен қатар жер учаскесі жекеменшік иелігінде болғандықтан, мемлекеттік жер қорына ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жайылымдық жердің жетіспеушілігі де күн тәртібінде тұрғанын білеміз. Ауыл әкімі Парасат Мұсабекұлына ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілу қажетілігі айтылды. Әрине, Тайтөбе ауыл болғанымен мал жаятын жер тапшы. Және игерілмей жатқан жерге қатысты сұрақ біздің назарымызда. Ол белгіленген заң талаптарына сай қайтарылатын болады. Үкіметте 2027 жылға дейін Астана қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік - экономикалық дамытудың кешенді жоспары қарастырылып, оң шешім қабылданды. Бұл кешенді жоспарға жалпы сомасы 70 млрд. теңгеге 30 жоба (қалада 29 және Тайтөбе ауылында 1 жоба) енді, олар 5 жыл ішінде іске асырылатын болады», – деді қала әкімі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін», – деп тапсырған болатын. Осы негізде ұйымдастырылған кездесудің соңы «Ашық микрофонға» жалғасып тұрғындар көкейіндегі сұрақтарды қойып, тиісінше керекті жауаптарын да алды. Сабыр Қуандықұлы

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *