КАРТОП ЕГІП, КӘСІБІН ДАМЫТТЫ
Қосшы жаңалықтары
447
Картоп десе бірден бала күнімізде әжеміздің табаға күйдіре қуырып берген тағамы еске түседі. Халықтың екінші «нанына» айналған бұл көкөністі алғаш рет осыдан он екі мың жыл бұрын үнді тайпалары өсірген екен.Осы жүректі жаулаған көкөністі өсіруді Қосшыдағы «Нива» шаруа қожалығы да қолға алды. Шаруа қожалық басшысы Евгений Лавровтың сөзінше, бастапқыда шаруалар астық өнім өсіруді бастаған. Алайда жер көлемі небәрі 147 гектар болғандықтан, бұл шаруалар үшін тиімсіз болыпты. Сондықтан, олар көкөніс егу жұмысын қолға алған. Қазір шаруа қожалығы көкөністерді жалпы 300 гектар жерге егіп, өнім алуда.
"«Нива» шаруа қожалығы 1997 жылы өз жұмысын бастады. Бастапқыда бізе тек 147 гектар жеріміз болды. Қазір оның көлемін .ш жүз гектарға дейін ұлғайттық. Бірақ одан әрі арттыруға қауқарымыз жеткенімен мүмкіндік жоқ. Себебі, бір жағынан онда өзен каналдар бар. Қазіргі таңда тұрақты түрде төрт азаматты жұмыспен қамтып отырмыз. Алайда өнімді жинау науқаны басталғанда олардың саны 10-нан асып кетеді. Қазір біз қызанақ, қияр, орамжапырақ, картоп егумен айналысамыз. Біз мемлекеттік бағдарламаларға қатысып,жалпы 2 рет субсидия алдық. Ең алғашында 1 гектар жерге картоп егіп, оны каналдан өзіміз суарып едік. Бүгінде оның көлемін 16 гектарға ұлғайтып, тамшылатып суару жүйесін енгізіп отырмыз",- деді шаруа қожалық басшысы Евгений Лавров.
Десе де, жаңа технологиялар мен терең білім қашан да аздық етпейді. Мамандардың сөзіне сенсек, көптеген сұрыптардың сыртқы ортаның күйзеліс факторларына бейімсіздігі, зиянды аурулардың кең тарауы, көп өнім беретін тұқымдарды егуге мүмкіндіктің жоқтығы, тозығы жеткен техника мен алдыңғы санатты агротехнологияларды өндіріске аз көлемде енгізу – картоп өнімділігінің азаюының басты себептері болып саналады. Қосшылық кәсіпкерлер де бұл жағдаймен келіседі. Қаржылық тапшылық салдарынан кәсіпкерлер көп жағдайда жаңа технологияларды енгізе алмай отыр. Сондықтан шаруаларды мемлекеттік қолдау бағдарламасына техниканы жаңалауға аз пайыздық мөлшерлемемен, ұзақ мерзімге несие беру тетігін қосуды сұранып отыр.
"Әрине, мемлекет тарапынан қолдау бағдарламалары бар. Дегенмен, біздің тарапымыздан ұсыныс бар. Өнімді көбейтуде заманауи техниканың рөлі үлкен. Сол құралдарды жаңалауға арналған несиелік бағдарламаны енгізсе екен дейміз. Бастапқыда техника сатып алуға қаржы жетпей, әкем екеуміз 1 ескі құралды алып, еңбек етуді бастадық. Себебі заманауи әрі жаңа техниканың құнына қалта көтермейді. Алайда техника жаңа болса өнім көлемі де жоғары болары сөзсіз де түсінікті деп ойлаймын",- деді Евгений Лавров.
Сарапшылардың айтуынша, қазақстандық ғалымдар бүгінде картоптың 100-ге жуық сұрпын ойлап тапқан, олардың ішінде пайдалануға 48 сұрып берілген. 20-дан астам жаңа сұрып мемлекеттік сұрыптау зерттеулерінен өтуде. Дәл осы себепті, мол өнім алудың бірден-бір сыры – үнемі картоп сұрыптарын өзгерту болып саналады. Ғалымдар картопты егу кезіндегі шығындардың 40 пайызы картопты егу материалдарына кететінін айтады. Сәйкесінше, өнімнен түсер табыс та осыған сай болуы тиіс. Сондықтан, картоп тұқымдарына баса назар аударған жөн. Жоғары сапалы тұқым мен картоптың жаңа сұрпы қолданыстағы агротехнологияларға тікелей байланысты болып отыр. Осы орайда, ғалымдар картоп алқаптарына заманауи технологияларды барынша енгізген дұрыс деп есептейді.
СУБСИДИЯ КӨЛЕМІ АРТАДЫ
Елде ауыл шаруашылығына берілетін субсидия көлемін арттыруды көздейтін жоба Үкіметке жолданды. Құжат мақұлданса, субсидия беру тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Қаржы алған шаруаларға нақты міндеттер де қойылады. Мәселен, 100 малдан кем дегенде 80 төл алу керек. Оның асыл тұқымды екені де арнайы тексеріледі. Егін шаруашылығында да осындай міндеттер бар. Айта кетейік, елде соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 триллион теңге бөлінген. Еске салсақ, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық он жобаны бекіткен болатын. Солардың бірі - Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба. 2011-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны іске асырғанда еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету, өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту, сондай-ақ 7 ірі экожүйе қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыруға қол жеткізу межеленіп отыр. Аталған жобаны іске асыруда Қосшылық шаруалар өз үлестерін қосып келеді. Бұдан өзге, елде тұқым өсіру шаруашылықтарын қазіргі заманғы техникамен және жабдықтармен техникалық жарақтандыру есебінен дамыту жоспарланып отыр. Ал минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру мақсатында өнеркәсіптік өндірістің органикалық тыңайтқыштарын субсидиялау және агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының қызметі мен материалдық-техникалық базасын жетілдіру көзделген. Осы іс-шаралардың қабылдануы жоғары сапалы тұқымдарды пайдалану үлесін қажеттіліктің 93 пайызынан 98 пайызына дейін, минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін 20 пайыздан 29 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде дәнді дақылдардың өнімділігі 10-15 пайызға артады деп күтілуде. Айта өтсек, биылғы «Алтын сапа» конкурсының және «Парыз» сыйлығының иегерлері марапаттау рәсімінде Президент агробизнес экономикалық дамудың тағы бір қозғаушы күшіне айналуға тиіс екенін атап өтіп, оның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік инфляциясы үшін стратегиялық маңызы бар сала екеніне тоқталды. Сондай-ақ күзгі жиын-терін науқанын сәтті аяқтаған шаруаларға ризашылығын білдірді. «Фермерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету міндетті түрде жалғасын табады. Осы жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке алу үшін берілетін қаржының көлемі 40 миллиард теңгеге көбейді. Соның арқасында диқандарымыз бір мыңнан астам қосымша техника алу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ егін егу және оны жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру көлемі екі есе артты. Ал диқандарға жеңілдікпен берілетін жанар-жағармай өнімдерінің көлемі 820 мың тоннаға дейін өсті. 2023 жылдан бастап көкөніс өнімдерін шығару үшін фермерлерге алдын ала, яғни форвардтық несие беру бағдарламасы іске қосылады. Осы мақсатқа шамамен 100 миллиард теңге қаржы бөлінеді», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл халқының әл-ауқатын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту өзінің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген негізгі басымдықтың бірі екенін жеткізді. Сондықтан келесі жылдың алғашқы тоқсанында Ауылдық жерлерді дамыту жөніндегі тұжырымдама қабылданады. Жалпы, Қосшыда мемлекеттік бағдарлама шарапатын көріп жүрген шаруалардың жұмысы қарқын алғаны көңіл қуантады. Ел Президенті қолға алатын жаңа жобалардың тиімділігін Қосшылық фермерлер де көретініне сеніміміз мол.Раяна Талапқызы
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)