«Қосшы Арена» жабық футбол алаңы ашылды

Спорт
view 2416
news

  • Республика күні ұлттық мерекесіне орай Қосшы қаласының әкімі Г.Қасенов «Қосшы Арена» жабық футбол алаңының ашылуына қатысты. Жалпы аумағы 1 250 шаршы метрді құрайтын «Қосшы Аренаның» құрылысына жеке кәсіпкер Мұрабек Мешелов жеке инвестиция есебінен 100 млн теңге жұмсаған. Оның жобалық қуаты бойынша күніне 180 адам футболмен жаттыға алады. Нысан жуыну бөлмесі, киім ауыстыру бөлмесі, көрермендерге арналған балконмен жабдықталған.
Қосшы қаласында балалар-жасөспірімдердің дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Қалада жаңадан спорт және білім беру нысандарының ашылуы соның айқын айғағы. Қазіргі күні спорт нысандарын көбейту мақсатында қалада облыстық бюджеттің есебінен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша нысан келер жылы пайдалануға берілуі тиіс. Өткен айда балалар-жасөспірімдердің спорт мектебі ашылды.

– Өздеріңіз білесіздер, биыл қазақстандық қорлардың бірі бізге республика аумағында баламасы жоқ озық үлгідегі жаңа мектеп-гимназияны сыйға тартты. Бұл қормен әлеуметтік байланысты алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз. Қазіргі күні қоғамдық мәдени-спорттық орталық салуды жоспарлап отырмыз,– деді әкім Гайдар Қасенов.

Үстіміздегі жылы 400 орынға арналған Мәдениет үйінің жобасы әзірленді. Оның құрылысы өңірдің дамытудың 2024-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарында қарастырылған.

«Бұл – Қосшы қаласында спортты дамытуға жақсы жағдай жасалып отырғандығының көрсеткіші. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса беретін болады», деді әкім.

«Қосшы Арена» жабық футбол алаңының ашылуына балалардың ата-аналары да қуанышты. «Біздің балаларымыз енді сабақтан кейін селтеңдеп бос жүрмей, спортпен шұғылданып,уақыттарын тиімді өткізетін болады. Балаларға осындай мүмкіндік жасап берген қала басшылығына айтар алғысымыз зор. Спортпен айналысқан бала жігерлі, жаны сергек, денсаулығы мықты болып өседі», дейді жергілікті тұрғын Маржан Төлеуова қуанышын көппен бөлісіп.

Би-Барыс КӨКШЕ

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *