Енді жасөспірімдер заманауи спорт мектебінде шынығады

Спорт
view 2022
news

Қосшы қаласында заманауи үлгідегі спорт мектебі ашылды. Енді жергілікті балалар мен жасөспірімдер өз аймағымызда атақты бапкерлердің қол астында шынығатын болады. Жаңа нысанның лентасын қала әкімі Гайдар Қасенов қиып, ашылуына атсалысқан барша тұрғындарды құттықтады.

– Қаламыз жас болса да, жастардың дамуына барлық мүмкіндік жасалып келеді. Бұл мектептен туымызды биіктен желбіретер әлем чемпиондары шығады деп сенім артамыз. Құтты болсын!– деп қала әкімі Гайдар Қабдоллаұлы мектептің ашылу салтанатында ізгі тілегін арнады.  

Жаңа нысанда спорттың 13 түрінен – дзюдо, қазақ күресі, таеквондо, грек-рим күресі, еркін күрес, бокс, каратэ-до, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел тенисі, волейбол, баскетбол, футбол үйірме лері жұмыс істейді. Ғимаратта заманауи ринг орнатылып, палуандарға арналған  кілем, татами төселген, басқа да қажетті құрылғылармен жабдықталған. Спорт мектебінің директоры Нұржан Кәрімжан – бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1999 жылы жеңіл салмақ дәрежесінде Софиядағы "ашық ринг" жастар турнирінде және Ташкенттегі Азия чемпионатында алтыннан алқа тағып, 2000 жылы Мәскеуде өткен халықаралық турнирдің күміс жүлдегері атанған. Сиднейде және Афинада өткен жазғы Олимпиада ойындарында елдің намысын қорғаған, 2001 жылы Осакадағы Шығыс Азия ойындарының  жеңімпазы, 2002 жылы Пусандағы Азия ойындарында бас жүлдені жеңіп алған. Нұржан Кәрімжан – мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты. Айта кетейік, сондай-ақ, бұл мектепте дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Афина олимпиадасына қатысушысы Мұрат Калықұлов, бокстан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Бейжін және Лондон олимпиадаларының қатысушысы Қанат Әбутәліпов, бокстан ҚР еңбегі сіңірген жаттықтырушы, әлем чемпиондары Айбек және Нұрбек Оралбайлар жаттықтырушысы Азамат Игібаев, таеквандодан жасөспірімдер арасында тұңғыш әлем чемпионы Бахытжан Абілхасанның жаттықтырушысы Айтжан Алдабеков сынды кіл мықтылар, атақты жаттықтырушылар қызмет етеді. Жаңа спорт мектебінде мықты жаттықтырушылардан тәлім алған жастар тек алдыңғы қатардан көрініп, ел намысын жоғары дәрежеге көтереді деген сенім басым.

«Өзіміздің Қосшының ішінде кең, барлық құрал-жабдығы бар спорт мектебінің ашылып жатқандығы қуантады. Бұл мемлекеттің балаларымыздың дамуы үшін үлкен мүмкіндік береді деп білемін. Дені сау, туымызды биікте желбіретер чемпиондар енді біздің өңірімізде шығады деген ойдамын», деп Қосшы қаласының тұрғыны Берік Кәрімжанов тілегін білдірді. 

Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *