Қосшыда баға мен тәуекелдер сараланды

Редакция таңдауы
view 104
news

Қосшы қаласында бизнес субъектілері арасында бағаның алыпсатарлық өсуіне жол бермеу және көзделген жауапкершілік шаралары туралы кеңінен түсіндіру жұмысы жүргізілуде. «AMANAT» партиясының Қосшы қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшелерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына мониторинг ұйымдастырылып тұрады. Азық-түлік тауарларына баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша кәсіпорындар басшыларының қатысуымен мониторингті талдау жүргізіледі. Оны ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, қайта өңдеу өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда саласындағы кәсіпкерлер, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған комиссия жүзеге асырады. Нәтижесінде сауда желілеріне тауарларды тікелей жеткізу жолға қойылады, өнімсіз делдалдардың буындары алынады. Құқық бұзушыларға ескерту түріндегі жауапкершілік шаралары қолданылады. Жақында «AMANAT» партиясының Қосшы қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қаладағы сауда орындарында, дүкендерде тұрақты түрде Партиялық бақылау рейдін өткізді. Жұмыс барысында әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің бағалары тексерілді. «Бағаның негізсіз өсуі тұрғысынан бірінші кезекте халыққа қажет өнімдердің 19-дан астам атауы назарда болды. Олар: ұн, нан, рожки, жұмыртқа,қарақұмық жармасы, күріш, қант, күнбағыс майы, сары май, сиыр еті, тауық еті, сүт, айран, сүзбе, картоп, сәбіз, пияз, орамжапырақ, тұз», делінген ресми ақпаратта. Тәжірибе көрсеткендей, өңірімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сұраныс жоғары. Сондықтан аталмыш өнімдердің бағасын бақылау мақсатында мониторинг жүйелі түрде жүргізіліп тұрады. Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте биылғы жылдың 9 айындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің баға жағдайы мен алдағы маусымаралық кезеңдегі тәуекелдер талқыланды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, қант саласын қолдау, күнбағыс майын өндіру және тұрақтандыру қорларында көкөніс қорларын қалыптастыру бойынша қабылданған жүйелі шаралар оң нәтиже берді. Десе де қазір ішкі нарықта ұн өнімдерінің қымбаттау қаупі бар. Қырыққабат бойынша 6 өңірде, картоп бойынша 2 өңірде және сәбіз бойынша 1 өңірде келісімшарттар көлемі ұсынылған көлемнен төмен.

Кеңес қорытындысы бойынша ҚТЖ-ға Қазақстан ішінде әлеуметтік маңызы бар азықтүлік өнімдерін, сондай-ақ көрші елдерден (Өзбекстан мен Тәжікстан) маусымаралық және қыс мезгілінде көкөністерді жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Анықтама: ұн бағасының өсуі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарында тіркелді.

Жанар АХМЕТОВА

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *