Қытай-Ресей амбициясы терроризмнен де қауіпті
Қытай мен Ресей серіктес мемлекет болғандықтан, саясатта қолданатын «қарулары» да ұқсас. Екі елдің етене жақын байланысы АҚШ пен өзге де елдер үшін қауіпті қарсылас деңгейінен де асқан. Тайваньдағы ахуалдан кейін Бейжіңнің амбициясына алаңдаушылық білдіріп отырған АҚШ Орталық басқармасы Қытайды басты нысанаға алып, оған қарсы тұру жолдарын қарастырып жатыр.
ОББ директорының орынбасары Дэвид Коен PBS агенттігіне берген сұхбатында: «Ендігі кезекте Қытайға тойтарыс беру мақсатында қаржы көбірек бөлініп, өзге салаларға, соның ішінде террормен күрес саласына бөлінетін ақша қысқара бастайды. Себебі қазір терроризмнен гөрі Ресей мен Қытай әлдеқайда үлкен экзистенциальды қатер төндіріп тұр», – деді.
Күні кеше Қытай Тайвань төңірегіндегі акватория мен әуе кеңістігінде жаңа жаттығу бастайтынын жария етті. АҚШ өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Тайвань аралына келгеніне қарсылық ретінде басталып, 7 тамызда аяқталған жаттығу – Қытайдың қазіргі тарихындағы аса ірі әскери жаттығу болып саналады. Тайвань Қытайды «аралға шабуыл жасамақ» деп айыптайды. Өз кезегінде АҚШ пен Еуроодақ Тайвань егемендігін мойындаған емес.
Бұл жағдайдан кейін алпауыт мемлекеттердің Бейжіңмен байланысы тіптен ушыға түсті. Қытайдан туындайтын зардаптардың алдын алу үшін Еуроодақ пен Германия АҚШ сияқты үндес мемлекеттермен еркін сауда жөнінде келісім жасап, тіпті стратегиялық серіктестік орнатуы қажет. Бұл сауда соғысын жеңілдетпесе де, салдарын азайтуға себеп болады.
Соңғы жылдары Қытай мен Ресей халықаралық аренада белсенділік таныта бастады. Қытайдың нақты ережелер мен құқыққа негізделген халықаралық тәртіпті бұзуға деген талпынысы, оның халықаралық аренадағы еркін әлемді вакуумге айналдыруға деген әрекеті ең алдымен Кремль тарапынан қолдау табады. Сүриядағы ресейлік әскери интервенция сол елдің президенті Башар Асадтың режиміне ұласып, оның билікте қалуына көмектесті. Президент Путин осылайша Таяу Шығыстағы өз пландарын «сәтті» орындады.
Қытай, өз тарапынан, Оңтүстік Қытай теңізіндегі мүмкіндіктерін пайдаланып қана қоймай, бүкіл әлем бойынша инфрақұрылымдық жобаларға миллиардтарды инвестициялайтын «Бір белдеу, бір жол» бастамасы арқылы өз ықпалын күшейтті. Тағысын тағы.
Геосаяси амбициялары сәйкес келетін екі ел де Венесуэлада болып жатқан көтеріліс жағдайында «диктатор басшы» атанған Николас Мадуроға қолдау білдірген. Себебі, Ресей үшін Венесуэла – маңызды мұнай өндіруші, Мәскеудің идеологиялық одақтасы және Кремль, Каракас, Гаван тұрғысынан АҚШ-қа қарсы тұратын «құрал» рөлін атқарады. Қытай Латын Америкасында өз әсерін кеңейтуге тырысып келеді және Венесуэла мәселесінде де сол антиамерикалық үкіметтің бейнесін көрсетті.
Пікірлер (0)