Маскүнемдік дерті

Қосшы жаңалықтары
view 552
news

Дүниежүзілік әлеуметтанушылардың пікірінше, адамдардың 65%-ы белгілі бір алкагольді ішімдік ішеді. «Арақ – ақ, бірақ мұрынды қызартып, абыройыңды қарайтады» деп Чехов айтпақшы, ішімдік ішу адам өмірін түбегейлі өзгертіп жібереді. Ішімдіктің кесірінен жасалатын қылмыс, қатыгездікті айтпағанда, болмыстағы өзгерістер де жан түршігерлік. Ішімдік ішкенде денеде қандай өзгерістер жүреді.

Физиологиялық өзгерістер

Алкоголь – бауырды езеді, сананы бұзады. Алкогольдің уытының әсерінен бауырдың қабынуы пайда болады. Бауыр жасушаларының көп мөлшері өледі және бауыр циррозы дамиды. Бауыр циррозы – алкоголизммен ауыратын науқастардың өлімінің жиі кездесетін себептерінің бірі. Алкоголь ұйқы безін зақымдайды, жедел және созылмалы панкреатитті тудырады. Жедел панкреатитпен ауыратын науқастар шұғыл ауруханаға жатқызылады. Өйткені, науқастың өмірін сақтау үшін хирургия қажет. Алкоголь иммунитетті төмендетіндіктен ішімдікке салынған адамдар көбінесе пневмония, іріңді, жұқпалы аурулардан зардап шегеді екен. Алкоголь импотенцияға, ұрық жасушаларының зақымдалуына әкеледі. Кесірінен физикалық және ақыл-ой дамуында әртүрлі ауытқулары, әртүрлі ішкі және сыртқы деформациялары бар балалар дүниеге келеді. Сол секілді алкоголь жүрек-тамыр жүйесіне әсер етеді. Қысым жүйесінде мәселе пайда болып, миокардтың жиырылу функциясы бұзылып, бүкіл ағза зардап шегеді. Этил спирті асқазан қабырғаларына зиян келтіріп, жараның пайда болуы да мүмкін. Қышқылдың өзгеруі байқалады, бұл ас қорыту процесіне теріс әсер етеді. Улы токсин түріне жататындықтан, алкоголь ацетальдегид жүйке жүйесін және тұтастай ағзаны улайды. Мамандардың айтуынша, дене салмағының 1 кг үшін 4 грамм дозасындағы алкоголь өлімге әкеледі.  Қандағы алкогольдің өте жоғары мөлшері мидың орталықтарында тежелуді тудырады. Церебральды аймақ басқа аймақтарға қарағанда көбірек зардап шегеді. Сол себептен қозғалысты үйлестіру, қалып пен тепе-теңдікті сақтау бұзылады, бұлшықет тонусы босаңсиды.  

                           Сыртқы келбеттегі өзгерістер

Зерттеулерге қарағанда, маскүнемнің сыртқы көрінісі бірден өзгермейді. Белгілер біртіндеп дамиды. Бірінші көздің ағы мен денедегі тері сарғыштанады. Денеге безеулер мен бөртпелер шыға бастайды. Көздің айналасы ұсқынсызданып, әжімдер түседі. Бет терісі үнемі ісіп тұрады. Купероз пайда болады. Бет терісіндегі қан айналымы жиілейтіндіктен, теріде қан тамырлар торы шығады. Шаш түсінің көмескіленуі анық көрініп, уақыт өте келе шаш селдірей бастайды.  

Психикадағы өзгерістер

Дәргігерлердің айтуынша, этанол ішке кіргенде, жүйке тінімен өзара әрекеттесу пайда болып, жүйке тінінің қорғанысы бұзылады. Егер адам ағзасына 1 литр  алкагольді ішімдік енсе, 10 мың ми жасушасы өледі. Соның себебінен адамның психикасы ауытқиды. Психика бұзылуының белгілері: апатетикалық көңіл-күй, депрессияға бейімділік, суицидке дейін; өзіне деген, өзгелерге деген агрессия; көңіл-күйдің күрт өзгеруі; айналада болып жатқан жағдайларға жауапкершіліктің жоғалуы; ойлау белсенділігі мен реакция жылдамдығының төмендеуі. Ми жасушаларының өлуіне байланысты психикалық денсаулықтың бұзылуының соңғы кезеңі – деменция. Деменция – есте сақтау қабілетінің жоғалуы. Әр сәттен қауіп-қатер күту күтпеген әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Алкоголь галлюцинозға алып келеді. Көбінесе қорлайтын дауыстарды естиді, жағымсыз нәрселерді айтады.  

Отбасылық қатынасқа әсері

Алкогольді жиі пайдалану адам өмірін де, отбасын да бұзатыны белгілі. «Адамның әлеуметтік рөлі психологиясы сияқты түбегейлі өзгереді. Жақын адамдарына қатты қиналады. Өйткені ішімдік тұтынған адам әлсіз, агрессивті болып кетеді. Маскүнем өзінің міндеттерін орындаудан бас тартып, отбасындағы басқа адамдарға жүк түседі. Психикадағы өзгерістер жақындарының да жүйкесіне әсер етпей қоймайды. Отбасындағы алауыздық өршіп, ажырасуға дейін барады», – дейді психологтар.

                                        Алкоголь өміріңізді қанша жылға сатып алады?

Ішімдік ішетін адамдардың өмір сүру уақыты айтарлықтай төмендейтін де сөзсіз. Маскүнемдердің 20%-ы 50 жасқа ілініп-салынып әрең жетеді. Әлеуметтанушылардың зерттеуінше, маскүнемдердің 30%-ы 40 жасқа толмай өмірмен қош айтысады. Алкогольге тәуелді адам қанша өмір сүреді деген сұраққа нақты жауап жоқ. Дегенмен, әлемдік зерттеу бойынша маскүнемдердің  орташа өмір сүру уақыты – 48-55 жыл. Алкоголь нейротрансмиттердің өндірісін және олардың сезімталдығын бұзады. Нәтижесінде жүйке жүйесінің жұмысы тежеледі, ойлау процестері бұзылады, мінез-құлық өзгереді. Аш қарынға алкоголь тұтыну жедел интоксикацияның дамуына ықпал етеді. Алкогольдік интоксикация дәрежесі жеңіл, орташа, ауыр болып бөлінеді. Жеңіл дәреже (1,5 промиллеге дейін) – жүйке жүйесінде қозу процестері басым. Адам өзіне деген сенімділікті сезінеді. Орташа дәреже (2,5 промиллеге дейін) – тежеу процестері бірінші орынға шығады. Көңіл-күйі тез ауысады. Бір сәтте бақыттан басы айналып тұрып, бір сәтте агрессия, қызғаныш, ашуға берілуі мүмкін. Бұл дәрежеде неврологиялық бұзылулар айқын байқалады. Ауыр дәрежеде (5 промиллеге дейін) – алкоголь қатты улайды. Бұл дәрежеде тепе-теңдіктен айырылу, дененің дірілдеуі, қозғалыстың белгісіздігі  пайда болады. Адам тұра алмайды, тіпті өздігінен отыра алмайды. Адамға айналадағы шындықты және оған бағытталған сөздерді қабылдау қиынға соғады. Алкогольдік интоксикацияны емдеу адамның мас болу дәрежесіне байланысты. Жеңіл мас болу дәрежесі бар адамдар емдеуді қажет етпейді. Орташа интоксикация кезінде алкоголь токсиндерін ағзадан шығару қажет. Ол үшін адамға ұсақталған белсендірілген көмірді (10 кг салмаққа 1 таблетка) немесе басқа сорбенттерді ішуге рұқсат етіледі. Содан кейін тілдің тамырын басу арқылы құсқызу керек. Немесе асқазанды шаю керек. Интоксикацияның ауыр дәрежесінде тұзды ерітінділер мен глюкоза ерітіндісі көктамыр ішіне енгізіледі. Ішкі ағзалардың жұмысын қалыпқа келтіру үшін симптоматикалық терапия жүргізіледі. Алкоголизмнен зардап шекпейтін адамдардың психикалық жағдайы ұйқыдан кейін немесе 6-10 сағаттан кейін толық қалпына келеді. Ішімдіктің зияны туралы БАҚ-та көп айтады, адамдар да мораль көп оқиды. «Планетадағы әр адам өз ақылымен ойланып, өзгенің пікірінен тәуелсіз шешім шығарса ғана еңбегі жемісті, жаны тыныш болады» деп II ғасырда Цицерон бекер айтпаса керек. Маскүнемдік – дерт. Өмірдің таңдаудан тұратынын ұмытпайық.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *