Өңір басшысы Қосшыдағы жетістіктерге жиі тоқталды

Қосшы жаңалықтары
view 219
news

Фотосурет: Ақмола облысының әкімдігі

Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасады. Бұл ретте алдымен президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген стратегиялық міндеттердің Ақмола облысында іске асырылу барысынан ақпарат берілді. Біз оқырман назарына соның ішінен Қосшы қаласына қатысы бар бірнеше мәліметті іріктеп ұсынып отырмыз, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Сонымен, бүгінде Ақмола облысында 43 жаңа нысан салынған. Оның ішінде 38 дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік пункттер «Ауылда денсаулық сақтауды жанғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында іске асып отыр. Сондай-ақ ол жоба шеңберінен тыс тағы 5 медициналық нысан пайдалануға берілді. Соның арқасында енді 130 мыңнан аса ақмолалық сонау аудан орталығына қатынап әуре болмай, дәрігерге өз ауылында-ақ қарала алатын болды. Сонымен қатар Қосшы қаласында заманауи көпсалалы аурухана мен емхана құрылысы аяқталуға жақын. Нысанның қуаттылығы – 350 төсек-орын және тәулігіне 1 мың адам қабылдау. Ол қала тұрғындарымен қатар, жақын 7 ауданның халқын да қамтитын болады. Мұнда 1 700-дей адам еңбек етеді. Аурухана алғашқы пациенттерді 2023 жылдың қаңтарында қабылдай бастайды. Ал биыл жыл соңына дейін ішкі әрлеу жұмыстары, медициналық жабдықтар мен жиһаз орнату толық аяқталады. Жалпы алғанда, негізгі 350 төсектік корпустың толыққанды ашылуы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына жоспарланған.

Бастысы, өңірдің Көкшетау, Степногорск, Қосшы және Ақкөл қаласында медицина қызметкерлеріне түсетін әкімшілік жүктемені азайту мақсатында дәрігерлерге ЖИ-ассистент қолғабыс жасай бастады. Облыс әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, бұл жүйе қабылдауды тіркейді, маңызды ақпаратты алады, құжаттаманы толтырады және 80%-ға дейін нақты алдын ала диагнозды ұсынады.

Одан бөлек, әкім 2026 жылы Қосшы қаласында жаңа электр энергиясы станциясының құрылысы басталатынын мәлім етті.

Биыл 165 шақырымды қамтитын 6 электр желісі жобасы іске қосылады. Оның қатарында Қараөткел, Ақмол, Қаражар, Жалтыркөл, Жібек жолы ауылы және Қосшы қаласы бар. Электр желілері тапшылықты жоюға мүмкіндік береді және елорда маңындағы 30 мыңнан аса тұрғынды үздіксіз жарықпен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Қосшы қаласында электр энергиясы тапшылығын шешу үшін 3 қосалқы станцияның жобалау жұмыстары аяқталуға жақын. Оның ішінде «Северная», «Гарден Виладж» жаңғыртылады және «Жаннат» жаңа электр станциясы бар. Оның құрылысы 2026 жылы басталады, – деді Марат Ахметжанов.

Оның айтуынша, қосалқы станциялар 9 шағын ауданды (№19, 20, 21, 22, 23, 24, 25, Балғын, сондай-ақ қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан «Далрус» ЖШС құрылысы ауданы) электрмен тұрақты қамтамасыз етеді.

Бүгінде Ақмола облысында баспанамен бірінші кезекте әлеуметтік осал топ өкілдері, үлескерлер, апатты жағдайдағы үй тұрғындары мен баспана кезегінде тұрған жандар қамтылып жатыр.

Биыл жалпы 7 мыңнан аса жерлесіміз тұрғын үй жағдайын жақсартты. Оның 2 мыңы – мұқтаж жандар, яғни әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдері. Сонымен қатар үй кезегінде тұрғандар, алданған үлескерлер және апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындары бар. Жеке құрылыс компанияларынан «дайын пәтерлерді сатып алу» механизмі әлеуметтік тұрғын үйді тез салуға мүмкіндік беретінін көрсетті. Биыл 750 пәтер сатып алынды, – деді Марат Ахметжанов.

Әкімнің мәліметінше, биыл реновациялау бағдарламасы аясында 11 көпқабатты үй салынған. Олар ескірген және тозығы жеткен үйлердің орнына тұрғызылып отыр.

Қосшы қаласында 543 пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Оның 110 пәтері алданған үлескерлерге тегін берілді. Ол көп жылғы қордаланған мәселені шешуде маңызды қадам болды. Қалған пәтерлер президенттің дайын тұрғын үйді сатып алу жөніндегі бағдарламасы аясында сатып алынды. Қалған үлескерлер бойынша мәселе кезең-кезеңімен шешіледі. Тұрғын үй саясатын дамытудағы оң динамика келесі жылы да сақталады, – деді өңір басшысы.

Брифингте журналист әкімнен «Жақында Қосшыға табиғи газ берілді, оның сапасы қандай және Қояндыға қашан газ беріледі?» деп сұрады.

Қосшыға табиғи газ берілді. Бұл – 30 мың адамды қамтитын бірінші кезең. Екінші, үшінші кезең бар. Ол Қосшы қаласына келесі жылы беріледі. Мен тұтынушылардың үйіне кіріп шықтым, қарап отырмын. Сапасы жақсы. Бұрын көмір жағушы еді, қазір үйлері таза. Бағасы тиімді. Осал топтарға көмек көрсетеміз. Қондыру және төлем ережелері жергілікті мәслихаттармен белгіленген, - деп жауап берді Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ ол Қоянды ауылына газ тарту бойынша сараптаманы енді алғанын айтты.

Бүгін сараптаманы алдық, бәрі дайын. Өйткені жобалық-сметалық құжаттаманы өзгерткенбіз. Кейбір жерде суды жердің астынан емес, үстінен жіберіп, ыңғайлы, жақсы жоба болсын деп. Құдай қаласа, Қояндыға газ осы қараша айында келеді, - деді әкім.

Жалпы, Астана маңы елді мекендерін газдандыру жұмысы жақсы жалғасып жатыр. Бұған дейін газбен жабдықтау жүйесіне Аршалы ауданының 17 ауылы (570 шақырым газ құбыры салынып, көгілдір отынмен 44 мың адам қамтамасыз етілген) қосылды. Сондай-ақ биыл 48 мың тұрғыны бар 6 елді мекен (Нұрлы, Аққайың, Шұбары, Қосшы (1-іске қосу кешені), Ы.Алтынсарин, Талапкер) газбен қамтамасыз етілді. Қосымша тағы 2 ауылға (22 мың тұрғын: Қоянды, Аршалы) газ беріп, келесі жылы басқа 6 елді мекенді (113 мың адам: Қатаркөл, Қызылсуат, Қаражар, Ақбұлақ ауылдары, Қосшы қаласы (2 және 3-іске қосу кешендері), Тайтөбе) көгілдір отынмен қамту жоспарланып отыр.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде биыл табиғи газға қол жеткізетін тұрғындар саны 115 мың адамға (облыс тұрғындарының 15%-ы), ал келесі жылы 226 мың адамға (29%) жетеді. Одан бөлек, 8 ауылға (Жалтыркөл (жаңа шағын аудандар), Бабатай станциясы (жаңа шағын аудандар, Аршалы ауданы), Ақмол, Қабанбай Батыр, Өтеміс, Қызылжар, Нұресіл, Қажымұқан (Целиноград ауданы) газ беру бойынша жоба әзірленген. Оларды 2027-2028 жылдары іске асыру жоспарланып отыр.

Мемлекеттік қолдау аясында тұрғын үйлерді газдандыру кезінде әлеуметтік осал топтарға әлеуметтік көмек (Аршалы ауданы – 100 АЕК, Целиноград ауданы – 70 АЕК, Қосшы қаласы – 100 АЕК) қарастырылған.

Ақмола облысы Қазақстанның спорт саласында да белсенді өңірлердің бірі ретінде өз беделін нығайта түскен. 2025 жыл өңір үшін жетістіктерге толы рекордтық жыл болды. Жергілікті спортшылар ұлттық және халықаралық ареналарда шамамен 800 медаль жеңіп алған. Алғаш рет облыс спортшылары Қазақстанның VI Қысқы Спартакиадасында жеңімпаз атанды. Осылайша, өңір басшылығы спортшылардың өсіп-өркендеуін қамтамасыз ететін жүйелі құрылымды қалыптастырып отыр. Зерендіде Қазақстандағы алғашқы Арнайы мемлекеттік қор есебінен салынған спорт мектебі ашылды. Жыл соңына дейін тағы 7 спорт нысанының, оның ішінде Красный Яр кенті, Бестөбе және Қорғалжындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Макинск қаласындағы жүзу бассейні, Щучьедегі спорт сарайы, облыс орталығындағы көпфункционалды спорт кешендерінің құрылыстары аяқталады. Сонымен қатар жақын жылдары Көкшетауда 10 мың орындық заманауи стадион пайда болады.

Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі аясында басқа да маңызды спорттық бастамалар іске асырылды. Косшыда Болат Өтемұратов қорының қаражаты есебінен 20 миллион АҚШ долларына көпфункционалды community-орталық салынды. Көкшетауда Қазақстандағы алғашқы «FIFA Arena» спорт стадионы және Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен Шахмат үйі ашылды. Степногорск қаласында «Алтыналмас» компаниясының қатысуымен 12 миллиард теңгеге спорт сарайының құрылысы басталды, – деді Марат Ахметжанов.

Өңірде ауылдық және қалалық елді мекендерді абаттандыруға да ерекше назар аударылып отыр. Мысалы, Қосшы қаласында биыл 614 млн теңге жұмсалған жаңа екі сквердің жұмыстары аяқталып келеді. Оларға көгалдандыру, жарықтандыру, асфальт төсеу және шағын сәулет формаларын орнату жұмыстары жүргізілді.

Облыс әкімі Марат Ахметжановтың мәлімдеуінше, соңғы 3 жылда өңірде шамамен 2,5 мың шақырым жол салынған және жөнделген. Биылдың өзінде 900 шақырым автожолға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауылдарда жол жөндеу жұмыстары бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүріп жатыр. Бүгінде 60-тан аса ауыл қамтылған. Жаңа жабын тек облыс орталығы – Көкшетауда ғана емес, сонымен қатар Қосшы, Талапкер, Қоянды, Қараөткел, Қаражар, Ыбырай Алтынсарин, Державинск, Зеренді және тағы да ондаған елді мекенде салынды.

Биыл жол салу және жөндеу жұмыстарына облыс бюджетінен 115 миллиард теңге қарастырылды. Оның 65 миллиарды жергілікті маңызы бар жолдар мен ауылдық көшелерді жөндеуге бағытталған. Алдымен бұрын басталған жобалардың іске асуына ерекше назар аударылды, - деді Марат Ахметжанов.

Жалпы алғанда, одан әрі де әлеуметтік-экономикалық өсім үшін Ақмола облысының әлеуеті мен мүмкіндігі жеткілікті. Өңір басшысы оның бәрі бір баяндамаға сыймайтынын еске салды.

Қысқа мерзім ішінде барлық жұмысымызды айтып беру мүмкін емес. Сондықтан мен баяндамадан тыс, сіздердің барлық сұрақтарыңызға барынша нақты жауап беруге дайынмын, - деді Марат Ахметжанов журналистердің алдында.

Осылайша, деректерді «сөйлету» әдеті аздаған сұрақ-жауап форматына ауысты.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *