ПАРАСАТТЫЛЫҚ ПАРАҚОРЛЫҚТАН САҚТАНДЫРАДЫ

Саясат
view 80
news

Жемқорлықты түп-тамырымен жою – күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселе. Мемлекет пен қоғамның іргесін сөгіп, елдің ілгерілеуіне үлкен кедергі келтіретін бұл «кеселмен» күреске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әуелден айрықша мән беріп, осы бағыттағы іс-шараларды күшейту үшін өз Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін қайта құрғаны белгілі. Қосшы қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы, әрі Қосшы қаласы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясының хатшысы Дана Калиева атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жөнінде әңгімеге тартқан болатынбыз. – Дана Серікқызы, мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады. Бұл ретте Қосшыда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Біздің мемлекетіміз, басқа да көптеген мемлекеттер сияқты, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында қарқынды жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі негізгі принциптерін айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерiн, сондай-ақ міндеттемелік шарттарын белгілеп, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы сыбайлас жемқорлықа қарсы күрес туралы заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік функцияларды орындайтын мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар және оларға теңестірілген тұлғалардың тиімді қызметін қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған орай, Қосшы қаласы әкімдігінің №02-59 қаулысымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл мәселелерi жөнiндегi комиссиясы 2022 жылдың 10 наурызында құрылып, комиссия Ережесі бекiтiлдi. Комиссияның міндеттері сыбайлас жемқорлыққа және мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын бұзушылығына қарсы іс-қимылды күшейтуге, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілік деңгейін арттыруға бағытталған келісілген шараларды талдап-жасау мен қабылдау болып табылады. – Комисся қызметіне тоқталып өтсеңіз. Құрамында кімдер жасақталған? – Комиссия қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, президенттің және қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық актілерін, Қазақстан Республикасының өзге нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ комисиия Ережесін басшылыққа алады. Комиссияның құрамы жергілікті бюджеттен қаржыландыратын мемлекеттік органдардың, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшілерінің басшыларының, мәслихат депутаттарының, өзге де лауазымдық тұлғалардың ішінен қалыптастырылады. Ағымдағы жылда комиссия отырысында бекiтiлген жоспармен мәселелер қарастырылды, комиссияның 3 отырысы өткiзiлдi. Қосшы қаласы әкiмдiгiнiң жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл комиссияның отырысы барысында жер қатынастары, бiлiм, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары, тұрғын үй қатынастары, кәсiпкерлiк және ауылшаруашылық бөлiмдерiнің басшыларымен жасалған жұмыстар туралы есеп берілдi. Отырыс барысында берiлген ұсыныстар мен нақты тапсырмалар мемлекеттiк органдар басшыларының тұрақты бақылауында. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қосшы қаласында сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар тіркелмеген. Бұған қарамастан Қосшы қаласының әкімдігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы өз құзыретінің шеңберінде профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатыр. – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет дегеніміз не? Бұл ретте қалада қандай ауқымды жұмыстар қолға алынған? – Жыл басынан бері қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға орай, халықты ақпараттандыру мақсатында адамдар көп шоғырланатын жерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық жарнамалар мен суреттер және плакаттар орналастырылды. Мемлекеттік қызметкерлер тарапынан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кiрiстерi мен салық салу объектiсi болып табылатын мүлiктерi туралы салық органына жыл сайын декларациялар тапсырылады. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ақмола облысы бойынша департаментінің ұсынымы бойынша 2022 жылғы 16 қыркүйек күні әкімдіктің ғимаратында «Халық заңгері» жалпы республикалық науқан өткізілген болатын. Науқанның басты мақсаты - халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң жөнінен көмек көрсету. Кез келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы өкілдерінен тегін қажетті кеңес алды. Олардың арасында адвокаттар, нотариустар, мемлекеттік органдардың басшылары және қызметкерлері халыққа тегін кеңес берді. Қоғамдағы жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетің қалыптастыру, жастардың құқықтық сауатын арттыру негізінде, қаланың кiтапханасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-әрекеттiң — бастапқы мәселесi», «Азаматтық қоғам — жемқорлыққа қарсы» тұрақты түрде кiтаптар көрмесi әрекет етедi, одан бөлек қала мектептерiнде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттi қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жөнiнде сурет байқаулары, сынып сағаттары өткiзiледi. Бұл іс- шаралардың негізгі мақсаты - өз мемлекетіне деген жауапкершілікпен қарау және әділдікке тәрбиелеу, патриоттық тәрбие қалыптастыру. – Ашықтық пен әділдік – сыбайлас жемқорлықпен күресте негізгі қағидат. Осы ретте еліміздің өңірлерінде жүзеге асып жатқан «Адалдық алаңы» жобасының тиімді тұстарын айтып берсеңіз. – Қосшы қаласы әкімдігі халыққа қо¬лай¬лы мемлекеттік қыз¬мет түрлерін ұсыну мақсатында «Ашық әкім¬дік» форматында жұмыс істейді. Бұл жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев¬тың жергілікті атқарушы органдардың халықпен тығыз байланыс орнатудың жаңа форматына көшу туралы тапсырмасы аясында қала әкімі Г. Қасеновтың бастамасымен жүзеге асып отыр. Әкімдік ғимаратының бірінші қабатында ашылған «Ашық әкімдік» қала тұрғындары үшін қызмет етеді. Мамандар келушілерге жер, тұрғын үй, әлеуметтік салалар мен құрылыс, жол сынды мәселелер бойынша кеңес беріп, қызмет көрсетеді. Келушілер үшін күту залы, арнайы e-gov порталына қосылған компьютерлер орнатылған, сонымен қатар электрондық нұсқада мемлекеттiк қызметтердiң барлық түрiн алуға мүмкiндiк беретiн «connection point» өзi-өзiне қызмет көрсету аймағы жұмыс iстейдi. Атап айтқанда, қала әкімі және оның орынбасарлары тұрғындармен «Ашық диалог» форматында жұмыс істеу үшін «Open space» залдары құрылды. Бұл бағытта қала әкімінен бөлек, оның орынбасарлары өз салалары бойынша апта сайын азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды. «Ашық әкімдіктің» мақсаты – жемқорлықпен күресіп, кәсіби қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету, әкімдердің жауапкершілігін күшейту болып табылады. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таба беретін болады. Сыйбайлас жемқорлыққа қарсы «Адал көмек» жобасы аясында 2022 жылдың 20 желтоқсанында Қосшы қаласы, Республика көшесі 62, сағат 10:00 мен 11:00 аралығында Халыққа қызмет көрсету орталығынның ғимаратында халыққа тегін құқықтық көмек көрсету науқаны өтеді. Науқанға кез келген заңды көмекке мұқтаж тұлғалар келіп, заңды көмек ала алады. Қорытындылай келе, жемқорлықты жою – еліміздің фундаменталды құндылығы болып саналады, бұны тәуелсіздігімізді нығайтатын негізгі шарттардың бірі екендігін ескерген жөн. Өзара сенім, жауапкершілік пен серіктестік негізінде мемлекет, қоғам және бизнес өкілдерінің бірігуі, қоғамдағы жемқорлыққа қарсы пікір мен құқықтық сананы қалыптастыру еліміздегі жемқорлық деген әлеуметтік мәселені жоятынына сенімдімін. – Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рақмет!

Әңгімелескен Азамат ЖАППАР

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *