Жолдау жайында депутаттар ашық пікір білдірді

Саясат
view 77
news

Болатбек ИБРАЕВ, Қосшы қаласы мәслихатының хатшысы:

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет»

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын мұқият тыңдап шықтым. Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құруда ел азаматтарының маңызы жоғары екендігін, азаматтық ұстанымымен қоғамды жаңартуға белсенді араласуы қажет екенін баса айтты. Президент бес аспектіні басты назарға алып, жұмыс істейтінін жеткізді. Олар: экономикалық саясатты тиімді жүргізу, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекет басқару ісін қайта жаңғырту және заң мен тәртіп. Егер осы бағыттағы істер жүйелі түрде дамыса, мемлекет те қарқынды дамымақ. Сондай-ақ көп салаларды жаңғырту коррупциясыз болғанда ғана оң нәтиже болатынын айтып, халықты  бірлікте, ынтымақтастық негізінде еңбек етуге шақырды. Әділетті Қазақстанды құруда ел үмітін ақтайтын, қызметке лайықты тұлғалар мемлекетімізге аса қажет. Елдегі саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асады. Шынымен бұл тұжырым –  қоғамның мызғымас тұғыры. Маған жолдаудан «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі.  Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс», – деген бастама қатты ұнады. Ауыл шаруашылығын дамытар болсақ, мемлекет экономикасына орасан пайда келеді. Ол –  біз нарықтан шегелеп тұрып орын аламыз деген сөз. Сондай-ақ Президент биыл күзде  елімізде президент сайлауы өтетінін, ашық бәсеке негізінде өзі де қатысатынын айтты. Әлемдегі саяси ахуал күн сайын өзгеріп жатқан осынау шақта жаңғыруға іс жүзінде нақты қадам жасау өте ұтымды шешім деп ойлаймын. Мемлекет басшысы жолдау­ды «Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Бұл бағдарымыз ешқашан өзгермейді, ішкі және сыртқы ахуал қандай болса да жалғаса береді. Қол қусырып отыратындар мен қасақана кедергі жасайтындарға орын жоқ. Біз таңдаған жолымыздан айнымаймыз! Қасиетті Отанымызды бірге өркендетейік, ағайын!» деп аяқтады. Мен де өз пікірімді «Қасиетті Отанымызды бірге өркендетейік, ағайын!» деп аяқтағым келеді.   Қуат ДҮЙСЕКЕЕВ, Қосшы қаласы мәслихатының депутаты: 

Жаңа Қазақстан келешектің келбетін қалыптастырады

– Президент Жолдауында еліміздегі әлеуметтік-экономикалық саясаттың жаңа бағдарын айқындап берді. Ол бес бағыттан тұрады. Халықтың тұрмысын түзеп, әл-ауқатын арттыруға бағытталған бұл маңызды құжат елдік мұратқа сай «Азамат – бизнес – мемлекет» үштағаны арасындағы қатынасты өзгертуге бағытталып отыр. Ол Жаңа Қазақстанның келешектегі келбетін қалыптастыратынына сенімдіміз. Жолдауда барлық азаматқа тең мүмкіндік беру арқылы экономикалық дамуды қамтамасыз ету, білім, денсаулық сақтау саласын, орта және шағын бизнесті дамыту, жастар арасындағы кәсіпкерлікті ілгерілетудің жаңа мүмкіндіктері, ел байлығын ұтымды пайдалану, жерді тиімді игеру, сот жүйесін жаңғырту сияқты көптеген басым бағыттар қамтылды. Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция бойынша: Ерікті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Үкімет денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарайды. 2023 жылдан бастап ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған ұлттық жоба жүзеге асады. Екі жылда еліміздегі 650 елді мекенде медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70%-ға көбейеді. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Тәрбиешілердің әлеу­меттік мәртебесін артып, жалақысы көбейеді. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасалады. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешіледі. Жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Жеке білім беру ваучерлерін енгізу жоспарланып отыр. Баланың білім алуына, оның ішінде сыныптан тыс оқуына  мемлекет  бөлетін қаражат бірыңғай білім беру есепшоттарында жинақталады.  Жастардың білім алуына жылдық өсімі 2-3% болатын жеңілдетілген несие де беріледі.    Мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізеді. Бұл әдіс оның мөлшерін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет.  Әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырылады.  2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтіледі. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіледі және оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5% болатын шағын несие беріледі.  Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асады. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асады. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда жоғары  бағалануы керек.  Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс делінген. Маңызды міндеттер, түйінді тапсырмалар тізбектелген Президент Жолдауын толығымен қолдаймыз және оны жүзеге асыруға барлық ресурсымыз мен күш-жігерімізді жұмылдыруға дайынбыз.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *