Қасым-Жомарт Тоқаев: Ата заң – мемлекеттігіміздің берік тұғыры
Сурет: Ашық дереккөзден
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады, – деп хабарлайды janabastau.kz.
– Құрметті отандастар!
Баршаңызды Конституция күнімен құттықтаймын!
Ата заң – мемлекеттігіміздің берік тұғыры, еліміздің дәйекті әрі тұрақты дамуының мызғымас кепілі.
Мемлекет пен қоғам өмірінің негізін айқындайтын Конституцияда азаматтардың мүддесіне, құқығы мен бостандығына айрықша назар аударылған. Сондықтан Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан барлық ауқымды өзгерістің мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту.
2022 жылғы конституциялық реформаның нәтижесінде жан-жақты демократияландыру үдерісі басталды, саяси жүйені жаңғыртуға жағдай жасалды. Құқық қорғау институттарының және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі көтерілді. Сондай-ақ Конституциялық Сот құрылды. Бұл мекеме қазір елімізде заң үстемдігін орнықтыруға барынша ықпал етіп отыр.
Конституцияның әділ әрі берекелі қоғамның тірегі саналатын заң мен тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы рөлі нығая түсті.
Азаматтардың негізгі заңымызды құрметтеп, оның талаптарын бұлжытпай орындауы – нағыз отаншылдықтың және жоғары жауапкершіліктің айқын көрінісі. Біз Конституцияда бекітілген қастерлі құндылықтарға сүйене отырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды бірге құратынымызға кәміл сенемін.
Әр шаңыраққа бақ-береке, толайым табыс тілеймін!, – деді Президент.
Пікірлер (0)