Қазақстанның болашағы – біздің таңдауымыз

Жаңалықтар
view 90
news

Фотосурет "Jańa Bastau" газеті

Алдағы 15 наурызда өтетін жаңа Конституцияға қатысты республикалық референдум – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі мәні терең, салмағы зор оқиғалардың бірі. Мұндай тарихи сәттерде мемлекет дамуының бағыты тек билік шешімдері арқылы емес, халықтың еркі мен таңдауы арқылы айқындалады. Сондықтан референдум – ел азаматтарының тағдырлы мәселелерге тікелей араласуына мүмкіндік беретін демократияның маңызды тетігі.

 

Қай мемлекеттің де тірегі – оның Негізгі заңы. Конституция – ел өмірінің құқықтық іргетасын қалайды, қоғамның қандай қағидаттармен өмір сүретінін айқындайды. Онда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттің міндеттері мен билік тармақтарының қызметі белгіленеді. Яғни бұл – тек заңдық құжат қана емес, елдің рухани және саяси бағытын көрсететін басты бағдар. Сондықтан негізгі заңды жетілдіру мәселесі – бүкіл қоғамның ортақ ісі.

 

Қоғам дамыған сайын, заман талабына сай жаңғыру қажеттілігі де туындайды. Өмір өзгерген сайын заң да уақыт талабына бейімделіп отыруы тиіс. Бүгін ұсынылып отырған өзгерістердің мәні – құқықтық мемлекетті нығайту, әділетті қоғам құру, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту. Мемлекет пен халық арасындағы сенімді арттыру, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау және заң үстемдігін қамтамасыз ету – кез келген реформаның басты мақсаты.

 

Референдумның ерекшелігі – маңызды шешімнің халықтың қатысуымен қабылдануында. Бұл – әр азаматтың пікіріне мән берілетінін, ел болашағы бірлесе айқындалатынын білдіреді. Мұндай сәттерде қоғамның белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігі ерекше маңызға ие. Өйткені мемлекет тек заңдар арқылы емес, сол заңдарға құрметпен қарайтын саналы азаматтар арқылы нығаяды.

 

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында әр кезең өзіне тән сындарлы шешімдермен ерекшеленді. Бүгінгі референдум да сондай жауапты кезеңдердің бірі. Ол елдің даму жолын жетілдіруге бағытталған қадам ретінде бағаланады. Мұнда ең бастысы – халықтың өз таңдауын жасап, ел болашағына қатысты пікірін білдіруі.

 

Меніңше, мемлекет тағдырына қатысты осындай маңызды кезеңде әр азаматтың белсенді болуы – азаматтық парыз. Өйткені Қазақстанның ертеңі – баршамызға ортақ құндылық. Әр дауыс, әр таңдау – ел дамуына қосылған үлес.

 

Сондықтан барша отандастарымды 15 наурыз күні өтетін референдумға қатысып, өз азаматтық ұстанымдарын білдіруге шақырамын. Бұл – еліміздің келешегіне бейжай қарамайтын әр азаматтың жауапкершілігі. Бірлігіміз бекем болып, мемлекетіміздің болашағы жарқын болсын.

 

 

Ойғырбай Бақытханұлы,

Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы

жалпы орта білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,

"Jańa Bastau" газетінің білім саласы бойынша штаттан тыс қызметкері.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *