Қосшы – цифрлық қауіпсіздік пен тазалықты тоғыстырған алғашқы қала
Фото: Polisia.kz/gurk.kz
Қосшы қаласы республика көлемінде алғашқылардың бірі болып екі бірдей маңызды бастаманы – «Заң және тәртіп» пен «Таза Қазақстан» жобаларын бірегей цифрлық платформа аясында біріктірді. Бұл бастама қаланың қауіпсіздігін арттырумен қатар, қоғамдық тәртіп пен экологиялық тазалықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл платформа 1,5 мыңнан астам жасанды интеллекті бар бейнекамераны біріктіреді. Камералар қаланың негізгі көшелері, әлеуметтік нысандар, аулалар мен қоғамдық орындарда орнатылған. Олар тәулік бойы жұмыс істеп, құқықбұзушылықтың алдын алуға, күмәнді әрекеттерді жедел анықтауға және қоғамдық тәртіпті бақылауға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект технологиясы камераларға жай ғана бақылау жүргізіп қана қоймай, нақты талдау жасауға жол ашады. Мәселен, жүйе жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын, қоғамдық орындардағы тәртіпсіздікті, қоқысты белгіленбеген жерге тастауды немесе вандализм деректерін автоматты түрде анықтай алады. Бұл – «Заң және тәртіп» қағидатын нақты іске асырудың тиімді тетігі.
Сонымен қатар платформа «Таза Қазақстан» жобасының талаптарын орындауға да серпін беріп отыр. Қала аумағындағы тазалықтың сақталуы, заңсыз қоқыс үйінділерінің пайда болмауы, абаттандырылған аумақтардың бүлінбеуі де камералар арқылы бақыланады. Нәтижесінде экологиялық мәдениет қалыптастыруға және тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік туады.
Мамандардың айтуынша, мұндай кешенді цифрлық шешімдер әкімшілік ресурсты үнемдеуге, жедел әрекет етуге және қала тұрғындары үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға сеп болады. Қосшы қаласының тәжірибесі алдағы уақытта басқа өңірлерге де үлгі болмақ.

Осылайша, Қосшы тек жас қала ретінде ғана емес, инновация мен цифрлық басқаруды тиімді енгізген заманауи қала ретінде де республика көлемінде ерекшеленіп отыр.
Пікірлер (0)