Қосшы мен Қоянды тұрғындарына көліктерін Астанаға кіреберісте қалдыру ұсынылды
Фото: sknews.kz
Астана мәслихатының отырысында депутаттар жол кептелісіне қатысты жағдайды жақсартудың нұсқасын ұсынған. Олар қала маңындағы елді мекендердің тұрғындарынан көліктерін елордаға кіреберіс жерлерде қалдыруды сұрайды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Бізде кешенді бағдарлама аясында көлік ауыстырып міну пункттері қарастырылған. Бұл өте жақсы тәсіл, ол Еуропада да, басқа елдерде де жұмыс істейді. Мысалы, адамдар Қосшыдан немесе Қояндыдан келгенде, олар іске қосылатын LRT-ға немесе қоғамдық көлікке ауысу нүктесіне дейін жетіп, өз көлігін сол жерде қалдырып, әрі қарай кете алады. Бұл әрі арзан, әрі жылдам, сонымен бірге қала ішіндегі жол желілерін жеңілдетеді, - деп мәлімдеді мәслихат депутаты Владислав Сергеев.
Депутаттың айтуынша, кешенді бағдарлама Астанадағы көлік жағдайын жақсартуға бағытталған.
Бұған дейін жиындардың бірінде Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы негізгі мәселе трафик болып отырғанын, қала ішіндегі кептелістер жоғары балға жеткенін мойындаған еді.
Пікірлер (0)