Қосшыда Несіпбек Айтұлының 75 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті
Фотосурет: ашық дереккөзден
Қосшы қаласында қалалық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлының туғанына 75 жыл толуына арналған «Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз» атты әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Ақынға тағзым
Несіпбек Айтұлы – қазақ сөз өнерінің майталманы, ұлттық рухты жырларымен тірілткен ақын. Әдеби кештің басты мақсаты ақын шығармашылығын дәріптеу, оны жас ұрпақ санасына сіңіру, рухына тағзым ету болды.
Құрметті қонақтар лебізі
Шараға мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, бұрынғы Мәдениет министрі, халықаралық Түрксой ұйымының бас хатшысы (2008-2022) Дүйсен Қасейінов, жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, жазушы, заңгер Белгібай Сахариев, Халықаралық ақпарат академиясының академигі, заңгер-журналист Сәулебек Жәмкенов, жазушы-журналист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаев, жазушы, ақын Сұраған Рахметұлы, жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы, сондай-ақ ақынның шәкірттері – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Арман Шеризат, ақындар Мұқият Қойшыбай мен Қайрат Құматай қатысты. Ал кештің модераторы ақынның шәкірті Қабиден Қуанышбай болды.
Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы сөз сөйлеп, ақынның қазақ руханиятына қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ ақынның жары Манат Жүкенқызына гүл шоғы табыс етілді.
Ақын туралы естеліктерімен Тұрсын Жұртбай, Ғалым Жайлыбай, Дархан Қыдырәлі және Алтынбек Нұхұлы бөлісіп, Несіпбек Айтұлының әдебиеттегі орны мен ұлт алдындағы еңбегін айрықша атап өтті.

Ағамыздың тура туған күнінде осы шараны ұйымдастырып отырған Қосшы қаласының әкімдігіне, руханият ордасы – қалалық кітапханаға ризашылық білдіремін. Қосшы Астанаға қосшы болғанмен, руханиятқа басшы болып тұр қазір. Мұндағы руханият орталығында жастарға шынымен жағдай жасалған екен... Енді Несағаңның мұрасын ұлықтауда Қосшы қаласынан бастау алған үлкен-үлкен іс-шаралар Астана, Алматы, Семей қалаларында, басқа да жер-жерде өтеді деп ойлаймыз, - деді сенатор Дархан Қыдырәлі.
Жыр мен әуен үндестігі
Кеш барысында жастар бірінен соң бірі ақынның өлеңдерін оқып, таңдаулы жырларын көрерменге жеткізді.
Ал Қосшы қалалық мәдениет үйінің әншілері Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған «Қоңыр жел», «Сарыарқа», «Дариға дәурен», «Қазақтай ел қайда», «Ал, құрбым» әндерін нақышына келтіре орындап, кештің сәнін келтірді.
Оқи отырыңыз


Пікірлер (1)
Жан сергітерлік кеш болды